Өрістің көркі – төрт түліктің төлі

0 5

Дәл қазір шопандар ауылында қызу тіршілік қайнап, маңыраған қой мен жамыраған төл дауысы маңайды өзінше бір мерекеге бөлеп жатқаны анық. Оның үстіне қазір күннің көзі жадырап, малдың аузы көкке, елдің аузы аққа тие бастаған нағыз «ас та төк» берекелі мезгіл.

Қақаған қыстан аман-есен шығып, көктемнің жаймашуақ күндерінен береке күтіп отырған ауданның бірі – Байзақ ауданы. Мұндағы аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Ақжолов жыл өткен сайын жаңа туған төл есебінен жайылым атаулы төрт түлік малға тола бастағанын айтады.
– Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл сиыр 105,1 пайызға өсіп, оның саны 47 308-ге жетті. Сондай-ақ ауданда 14 704 жылқы, 1009 түйе, 307 мың 136 бас уақ мал бар. Төрт түліктен алынған төлді сөз етсек, әзірге 5 мың 400 бұзау, 212 құлын, 24 мың 700 қозы-лақ малшылар ауылының сәні болып отыр. Өткен айдың ортасында басталған мал төлдету науқаны кейбір түліктер бойынша сәуірдің аяғына дейін созылатынын ескерсек, төскейдің төлге толатын кезі алда. Ауданда 900-ден астам шаруа қожалық бар болса, оның 490-ы қой-ешкі өсірумен айналысады. Уақ мал ұстайтындардың дені қазір Мойынқұмды жайлап отыр. Нақты айтқанда, орман шаруашылығы тарапынан айрықша күзетке алынған құмды аймақтағы мал жаюға болатын жерді шопандар арнайы келісімшарт арқылы қыстау ретінде пайдалануда. Ондағы шопандар төлді сол жерде алып, қозы-лақ толық аяқтанғаннан кейін жайлауға көшеді. Бұл малшылардың бұрыннан қалыптасқан үрдісі, – деді Нұрсұлтан Алтайұлы.
Мойынқұмды жайлап отырған мал шаруашылығының бірі – «Жадыра» шаруа қожалығы. Иесі Гүлнар Дәулетбаеваның айтуынша, шаруашылық 2004 жылы құрылып, 2006 жылы жұмысын асылтұқымды мал өсіру бағытына бұрған екен. О баста бұрынғы «Қызылша» кеңшарындағы ағайын-туысының пайға берілген жерін пайдалана отырып, бүгінде оның іргесін әжептәуір кеңейтіпті. Қазақтың құйрықты, қылшық жүнді асылтұқымды қойын өсіретін қожалықтың құмда келісімшартпен алған 6 мың гектар жайылымы бар. Ал жайлауы Т.Рысқұлов ауданында орналасқан. Шаруа қожалық иесі әңгіме арасында мал бағатын шопан табу бүгінде оңайға соқпай отырғанын, екінші деңгейлі жайылымды жер тапшылығы (бағымында малы жоқ бола тұра, белгілі бір мекеме не жеке адамның иелігінде пайдаланылмай бос жатқан жерлердің болуы) туындағанын сөз етуді де ұмытпады.
– Төлдейді деген саулықтың өзі екі мыңға жуықтайды. Қазір оның 60 пайызы төлдеп үлгерді. Мал төлдеп біткеннен кейін, яғни мамыр айына қарай құмнан жайлауға көшеміз. Оған дейін төлдің алды малға ілесуге, отығуға жарап қалады.
Бүгінде екі отар қойды екі отбасы екі бөлек фазендада бағып отыр. Жалпы шаруашылығым арқылы 5 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Олар шаруашылық тарапынан берілетін 200 мың теңге еңбекақыдан бөлек, әлеуметтік пакетпен де қамтамасыз етілген. Жұмысшылар аудан орталығына тиіп тұрған Байзақ ауылының тұрғындары. Ауылдық округтің 5 адамнан тұратын мал дәрігерлері жоспарлы жұмыс бойынша түлікті ауру-сырқаудан емдеу, белгілі бір індетке қарсы екпе жүргізу секілді тірліктерін уақытылы жүргізіп тұрады. Қазір сақпанға аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 3 адамды уақытша жұмысқа тартып отырмын. Менің тарапымнан оларға бір айға 50 мың теңге төленсе, мемлекет тарапынан 27 мың теңге беріледі. Жылда қыстаудағы үйді, қора-қопсыны жөндеуді жұмыс көлеміне қарай 10 күнге адам жалдау арқылы шешіп отырмын. Бұл іспен де Байзақ ауылының балалары айналысады. Малды жылына екі мәрте қырықтықтан өткіземіз. Ол үшін әр басқа 350 теңгеден төлейміз. Бұл жерде қырықтықшылардың еңбегіне қатысты дау жоқ. Тек малды ақы төлеп қырықтырғаннан кейін жүннің кәдеге жарамай, рәсуә болуы ішті қынжылтады. Сондықтан әрі өзім аудандық мәслихаттың депутаты, аудандық ауыл шаруашылығы саласы кәсіподағының төрайымы, кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының комиссия мүшесі болғандықтан соңғы уақытта жүн мен теріні әжетке жарату үшін облыс орталығындағы «Пош-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жанынан жүн-тері өңдейтін цех аштыруға талпынып жатырмыз, – деді Гүлнар Бақбергенқызы.
Шаруашылықтың асылтұқымды қойдан бөлек, көшіп-қону, егін егу, қыстауға жемшөп таситын бірді-екілі техникасы, 15 шақты мініс ат пен ет бағытында 100 асылтұқымды ақбас сиыры бар екен. Малдың жемшөбін суармалы 50 және 25 гектар сүріге жоңышқа, арпа-бидай егіп, орып алу арқылы айырып отыр.
Шаруашылықтағы екі отардың біріне қарап отырған шопанның бірі – Нұржан Қойшыбаев. Ол осы шаруашылықтың малын бірнеше жылдан бері бағып келеді екен.
– Мен ірі сақпанды бағамын. Жұмыспен қамту орталығынан келген екі адамның бірі орта сақпанды бақса, екіншісі майда сақпанға қарайды. Өрісте туған мал саны көбейсе, олар қозының исін алып, төлі уызға тойғаннан кейін үйге екі УАЗ автокөлігімен тасимыз. Отбасылымын, әйелім шешеммен бірге ауылда мектеп жасындағы екі балама қарап отыр. Кейде отбасыма мен барсам, бала-шағам оқушылар демалысында осында келіп тұрады. Жалпы жаз шыға қасымда болады. Мұнда интернетке кіру, байланысқа шығу, телеарнадан кино көріп, ақпаратқа қанығудан мәселе туындаған емес. Тіпті ауызсуға дейін үйдің ішіне кіргізілген, монша да апта сайын жағылып тұрады. Технологияның қарқынды дамуының арқасында бүгінгінің малшыларының өмірі бұрынғыға қарағанда біршама жеңілдеген. Тек бағымыңдағы малыңа ие болып, өз ісіңе жауапкершілікпен қарасаң болғаны, – деді Н.Қойшыбаев.
Иә, шопандардың тұрмысы арттағы күндерге қарағанда айтарлықтай ілгерілегені рас. Алайда жұмысы жеңілдеді деуге келе қоймас. Елден жырақта жүріп мал бағу айтқанға ғана оңай. Төскейдің төлге толып, айранның күмпілдеп күбіде пісіліп, дастарқанға ірімшік пен құрт-майдың қойылуы, сапырған қымыздың сабада көпіршік атуы малшылардың арқасы. Шопан ауылындағы қайнаған еңбектің қалай болатынын білгісі келгендер немесе ата-бабамыздың көшпелі өмірі бұрын қандай болғанын көргісі келгендер бірауық малшылар ауылына ат басын бұрса болады. Себебі қазақтың аттың жалы, түйенің қомында жүріп, көшпелі өмірге қатысты ұстанған тұрмыстық салт-дәстүрінің жұрнағын осы малшылар ауылынан көруге болады.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.