Елбасы Жолдауы

Өрлеу мен өркендеу жолы

Written by Aray2005

Нарбай ЕРГЕБЕКОВ,
Жуалы ауданының әкімі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында қазақстандық, яғни Назарбаев моделінің негізінде өркендеудің жаңа кезеңіне шығу жолын айқындады. Бұл құжат Президентіміздің сайлауалды бағдарламасын іске асырудың өзегі болып табылатын бес басымдықты белгілеп берді.

Президент «Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады», деп ерекше атап өтті. Халықпен кері байланыс орнату, жергілікті атқарушы органдардың жұмыс тәртібін жүйелендіру және оның тиімділігін арттыру мақсатында облыс әкімінің ағымдағы жылдың 13 наурыздағы №70-ө өкімімен бекітілген алгоритмге сәйкес, барлық 14 ауылдық округте халықпен кездесулер өткізілуде.
Мемлекеттік қызмет көрсетудің барынша ашық болуын қамтамасыз ету, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында төрт мемлекеттік орган басшысының жұмыс кабинеттері ғимараттың бірінші қабатына көшірілді.
Мемлекет басшысы шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыруды тапсырып отыр. Осы ретте үстіміздегі жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша ауданымыздың жалпы өңірлік өнімінің көлемі былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 33,3 пайызға артып отыр.
Бүгінгі күнге тіркелген 4 487 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің ішіндегі жұмыс жасайтындарының үлесі 92,4 пайызға (4 150) жетті.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында ағымдағы жылдың сегіз айында 91 миллион 422 мың теңгеге алты жаңа жоба, 29 жасқа дейінгі жастар арасында 32 500 миллион теңгеге 15 жоба іске асырылуда. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында пайыздық мөлшерлемесі субсидияланатын несие алу және инфрақұрылымды дамыту мақсатында ауданның ауылдық округтерінен келіп түскен ұсыныстар (жобалар) қаралып, нақты 6 жобамен жұмыстар жүргізіліп, «Даму» КДҚ-ның қолдауына ие болып, барлығы 80,4 миллион теңге несиеге қол жеткізілді (индикатор бойынша жоспар 9 айға 34,2 миллион).
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында кепілдік беру бағыты бойынша 5 жоба өтіп, «Даму» қорынан 112,0 миллион теңге несиеге қол жеткізді. Кепілдік беру 17 миллион теңгені құрап отыр.
«ҚазГидроОперейтинг» ЖШС «Көксай» каналының бойынан құны 5,2 мииллиард теңге, қуаттылығы 18 мВт құрайтын кіші су электр стансасының құрылысы жүргізілуде. Келесі жылы жобаны толықтай іске қосу жоспарлануда.
Елбасының үстіміздегі жылдың 30 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында өңірлерде скрининг өткізу туралы тапсырмасы аясында аудандағы 49 елді мекендегі 10 144 аула зерделеніп, сауалнамалар толтырылды. Нәтижесінде жалпы құны 983 716,2 мың теңге көлемінде 171 жоба ұсынылды.
Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз. Аудан егін өсіруге де, мал баптауға да географиялық тұрғыдан өте қолайлы аймақ. Есепті мерзімде ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарымы 9 миллиард 720,7 миллион теңгені құрады Оның ішінде тұтастай көлемін мал шаруашылығы өнімдері құрап отыр. Шет мемлекеттен (Чехиядан) сүтті, етті бағыттағы 64 асыл тұқымды мүйізді ірі қара сатып алынып, жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінде ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін бес кәсіпорын жұмыс істеуде. Олардың үшеуі сүт, біреуі ет өнімін, тағы біреуі өсімдік майын өңдеуге маманданған.
Президент төртінші міндетінде әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңін айқындады. Бүгінде аудан бюджеті экономиканы дамыту, адами капиталдың сапасын жақсарту және басқа да әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған.
Сапалы білім беру – оқыту мен тәрбиелеудің үздіксіз үрдісі. Білім беру саласының материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында ауданда соңғы үш жылда жаңадан бір мектеп салынып пайдалануға берілсе, сегіз мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы білім саласына өткен жылы 5,6 миллиард теңге бөлінсе, биыл 5,8 миллиард теңге бөлініп отыр.
Өткен жылы ауданда бір IT сынып ашылды. Ағымдағы жылдың соңына дейін осындай үш IT сынып ашу жоспарлануда. Аудандағы 13 (33 пайыз) мектеп робототехника кабинеттерімен жабдықталған. Осы оқу жылында тағы 10 мектепті жабдықтауды жоспарлап отырмыз.
Ауданда қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайту мақсатында Ақтөбе орта мектебінің жанынан тірек мектебі (ресурстық орталық) ашылып, жұмысын жүргізуде.
Жолдауда аталғандай, «Дипломмен –
ауылға!» бағдарламасының аясы кеңей­ті­ліп, жұмыс жаңа деңгейде жалғас­ты­ры­лу­да. Осыған орай ауданда бірінші кезекте қажетті мамандықтарға басымдық берілуде.
2019 жылдың маусым айынан бастап бюджет саласының айлығы төмен қызметкерлерінің жалақысын көтеруге мектептерге республикалық бюджеттен 383 213 мың теңге бөлініп, 1 754 педагог қызметкердің жалақысы 15-25 пайыз аралығында өсті. Жоғары білімді мұғалімнің ең төменгі жалақысы 72 557 теңгеден 90 697 теңгеге 25 пайыз көтерілсе, ең жоғарғы жалақы 103 970 теңгеден 119 676 теңгеге 15 пайыз көтерілді (15 706-18 140 теңге аралығында қаражат қосылды). Орта білімді мұғалімнің ең төменгі жалақысы 60 833 теңгеден 71 230 теңгеге 17 пайыз көтерілсе, ең жоғарғы жалақы 86 052 теңгеден 99 988 теңгеге 16 пайыз көтерілді (10 397-13 936 теңге арлалығында қаражат қосылды.
Президент Жолдауда ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасау міндетін қойды.
Сондай-ақ Жолдауда бұқаралық спортты дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылдау қажеттігі айтылды. Бүгінгі күні аудан бойынша 112 спорт нысанының барлығы тұрғындардың дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылдануы үшін қолжетімді (оның 25-і Б.Момышұлы ауылында, 87-сі ауылдық округтерде). Ауданда дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары
15 547 адамға жуықтады немесе 29,6 пайызға жетті.
2020 жыл «Волонтер жылы» деп жария­лан­ғаны белгілі. Еріктілер қызметіне аза­мат­тардың, әсіресе жастардың, студент­тер мен оқушылардың қатысу аясын кеңей­ту, олар­дың бойында белсенді өмірлік ұста­­ным­­дар­ға қатысты дағды қалыптастыру –
маңыз­ды міндет.
Облыс әкімдігінің ағымдағы жылдың 14 наурызындағы №52 қаулысымен бекітілген «Қамқор» волонтерлік-қайырымдылық жобасы аясында 100-ге жуық ерікті 10 114 отбасын аралап, 2 361 отбасына әлеуметтік сауалнама толтырып, мұқтаждықтары сараланды. Жоба аясында ауданда бір қайырымдылық дүкені ашылды.
Жолдауда Президентіміз мәдениет саласына ерекше тоқталды. Бүгінде мәдениет саласында 229 қызметкер жұмыс істесе, олардың орташа айлық жалақысы 88 мың теңгені құрайды.
Аудан әкімдігіне қарасты мекемелердің жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап төмен жалақы алатын бас мамандардың айлық жалақысы 30 пайызға, бөлімше басшылары мен сектор меңгерушілерінің айлық жалақысы 10 пайызға өсті. Бұл мақсатқа республикалық бюджет есебінен 31 067,0 мың теңге бөлінді.
Ауданда тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында мақсатты жұмыстар атқарылуда. Бауыржан Момышұлы ауылында «Көктөбе» жаңа тұрғын үй алабында инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Бұл өз кезегінде әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізуге және кезекте тұрған 170 азаматты жер телімімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қарасаз ауылының су жүйесінің құрылысына республикалық бюджеттен 2019 жылға жалпы сметалық құны 616,29 милиион теңгені құрайтын құрылыс-монтаж жұмыстарына қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алудың ашық конкурсының нәтижесіне сәйкес «КДСМ» ЖШС жеңімпаз болып анықталды. Жұмыстар мамыр айының бірінші жартысында басталып, су жинау ғимаратының орнын дайындау және жол бойында су құбыры желісін тарту жұмыстары жүргізіліп, құрылыс жұмыстары бүгінгі күнге 70 пайыз орындалды. Құрылыс жұмыстары өз деңгейінде жүруде.
Сонымен қатар биыл кезекте тұрған аз қамтылған көпбалалы бес отбасына аудан кәсіпкерлерінің қолдауымен «Бауыржан Момышұлы» қайырымдылық қоры арқылы баспана сатып әперілді. Жыл соңына дейін тағы екі отбасына пәтер алып беруді жоспарлап отырмыз.
Президент тұрғындардың таза ауызсуға, табиғи газға, көлік инфрақұрылымына біркелкі қол жеткізуді тапсырды. Ауданда 49 елді мекеннің 15-і немесе 31 пайызы газдандырылған. 2027 жылға дейін тағы да 19 елді мекенді газдандыру жоспарлануда.
Елді мекендердің 31 пайызы немесе 5 ауыл орталықтандырылған ауызсумен, 10 ауыл орталықтандырылмаған сумен қамтылған. 2023 жылы аудан тұрғындарын 85,7 пайыз таза ауызсумен қамту жоспарланып отыр. Себебі жеті елді мекенде үй саны 50-ден кем болуына байланысты ауызсумен қамтамасыз ету тиімсіз.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2019 жылы екі жоба іске асырылуда. Бұл мақсатқа 306,4 миллион теңге (республикалық бюджеттен 125,7 миллион теңге, облыстық бюджеттен 180,7 миллион теңге) бөлінген. Бөлінген қаражат бойынша 15,4 шақырым жаңа жол жөндеуден өтті.
Жолдауда халықтың әл-ауқатын көтеру, тұрмысын жақсарту, жұмыспен қамту, инфрақұрылымдарды дамыту жөнінде жүктелген міндеттерді орындау бағытында ауданда мақсатты жұмыстар жалғасын таба беретін болады.

ПІКІР