Қоғам

Орман өртін болдырмау үшін жұдырықша жұмылу керек

Written by Aray2005

Жамбылдық төтенше жағдайлар қызметкерлерін жиі мазалайтын оқиғалардың бірі дала және орман өрттері екені жасырын емес. Облыс аумағы тұтастай таулы-қыратты келмесе де орман шаруашылығы жерлері әжептәуір алқапты алып жатыр. Жалпы, былтыр орманшылар қаншалықты өрттің алдын алды? Қанша аумақты тілсіз жаудан арашалап қала алмадық, келген шығын көлемі қандай? Облыс аумағындағы орман шаруашылығы мекемелері биылғы алдын алу жұмыстарына қаншалықты дайын?

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Мейірхан Сатыбалдиннің айтуынша, Жамбыл облысында өрт қаупі бар маусым кезінде жыл артқан сайын отқа оранған аумақ көлемі кеңейіп, өрттің тіркелу саны артуда. Атап айтқанда, 2017 жылы небәрі 7 орман өрт оқиғасы тіркелсе, 2018 жылы 39 орман өрт оқиғасы болып, көрсеткіш 5,5 есеге ұлғайған. Бұған кім кінәлі?
– Рас, соңғы жылдары бұл мәселе өте күрделеніп, күн тәртібіне жиі шығуда. Республиканың мемлекеттік орман қоры аумағында орын алған өрттің аумағы жағынан 57 пайызы біздің облысқа тиесілі болғаны қынжылтады. Бұл көрсеткіштер орман шаруашылығы және өртке қарсы күрес мекемелерінің, жалпы барша тұрғындардың жауапкершілігін еселеуге күш салу керектігін байқатса керек, – дейді М.Сатыбалдин.
Қысқасы, өткен жылы облысымызда мемлекеттік орман қоры жерінде орын алған өрттің жалпы аумағы 146 461 гектарды шарпыған. Түсіне білгенге бұл аз алқап емес. Қаншама тіршілік иесінің күлге айналып, жануарлар дүниесі де көп зардап шеккені айтпаса да түсінікті. Мемлекеттік орман қоры жеріне келтірілген шығын 67 миллион 572 мың теңгені құраған, ал өрт сөндіруге қазына қаржысынан 7 миллион 160 мың теңге бөлініп отыр.
– Егер баршамыз жауапкершілігімізді еселей түсіп, тосын жағдайға сақадай сай тұрсақ аталған аумақтар мен келтірілген шығын көлемі мұншалықты артпас еді. Облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен облыс әкімдігінің құзырындағы орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелерінің мемлекеттік орман қоры аумағында орман өртінің кең көлемде жайылуы бірқатар кемшіліктерге жол берілгендіктен орын алып отыр. Ең алдымен, облыс әкімдігінің құзырындағы орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелерінің басшылары және аудан, ауылдық округ әкімдері әкімшілік немесе мемлекеттік орман қоры жерінде өрттің алдын алу шараларын төмен деңгейде ұйымдастырған. Әкімшілік жерде орналасқан шаруа қожалықтары және мемлекеттік орман қоры жерін жалға алған орман пайдаланушылар мен жергілікті әкімдік арасында байланыс жоқ. Жергілікті әкімдік өкілдері жоғарыда аталған тұлғалармен кездесіп, олардың жауапкершілігін арттыруда ешқандай жұмыс жүргізбейді. Бұл «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар» дегендей бір-біріне сілтеудің кебі. Сондай-ақ облыстық төтенше жағдайлар департаментінің аудандағы бөлімшелері мен ерікті өрт сөндіруші жасақтардың арасында өрт шалған аймаққа уақытында жетпей жататынын және алдын алу шараларының бірлесе жүргізілмегендігін байқауға болады, – дейді инспекция басшысы.
Оның айтуынша, облыс әкімдігінің құзырындағы орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелері өрт сөндірудің алдын алуға әлі де қауқарсыз. Себебі аталған мекемелер техникалық жабдықтау және байланыс құралдарымен былтыр бар-жоғы 52 пайыз ғана қамтылған. Тіпті бүгінгі күні бұл көрсеткіш 46,1 пайызға түсіп кеткен.
– Облыс әкімдігінің құзырындағы орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелері және аудан, ауыл округтері әкімдерінің өрт сөндіру күштері мен құралдары ұдайы дайын жағдайда болмайды және радиобайланыс тұрақты жұмыс істемейді. Техникалар уақытылы жанар-жағармаймен қамтамасыз етілмейді, техникалардың сапалық құрамы тексерілмейді, талапқа сәйкестендірілмейді. Өрт сөндіру құрамы жедел жасақталмайды, – деген инспекция басшысы М.Сатыбалдин көбіне облыс әкімдігінің құзырындағы «Қосқұдық» және «Меркі» орман шаруашылығы мекемелері аумағында жиі өрт тұтанатынын айтады.
Айталық, 2018 жылы «Қосқұдық» орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесінде 4 орман өрт оқиғасы тіркеліп, өрттің жалпы аумағы 62 105 гектарды алған. Бұл мекеменің 5 жылдағы көрсеткішінен 10,4 есе өскен. Ал 2018 жылы «Меркі» орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесінде тіркелген 9 орман өрті аумағы жағынан соңғы 5 жылдағы көрсеткіштің көлемінен 12,4 есе көп.
Енді не істемек керек?
– Өрттің алдын алудағы басты міндет – қоршаған ортаны қорғау. Яғни мемлекеттің меншігіндегі жерді жан жүрегімізбен аялауымыз керек. Сондықтан жергілікті жердегі әкімдіктер және орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелері биылғы өрт қаупі бар маусымда жоғарыдағы кемшіліктерді түзей отырып, жұмысты ширатады деп сенемін.
Мемлекеттік орман қоры жерінде орман өртінің алдын алу үшін әлі атқарылатын жұмыс ауқымы өте көп. Мәселен, мекемелерді соңғы заманауи автокөліктер, трактор техникаларымен және өрт сөндіру құралдарымен жабдықтау, оны нормативтерге сай жеткізу, радиобайланыспен тұрақты қамтамасыз ету, штаттық бірліктерді ұлғайта отырып, бірінші үлгідегі орман өрт сөндіру стансаларын ұйымдастыру, орман тепловизорларын орната отырып, өрт бақылау мұнараларын салу керек. Сондай-ақ ең жоғары өрт қаупі бар орындарда кезекші бекеттерді тиісті деңгейде орналастыруды қамтамасыз ету (Талас, Жуалы, Меркі, Шу, Мойынқұм, Байзақ, Т.Рысқұлов аудандарына) қажет. Одан бөлек өрт қаупі өте жоғары «Меркі», «Қосқұдық», «Мойынқұм», «Көктерек», «Байзақ», «Ақкөл», «Луговой» орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелері облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының инспекторларымен бірлескен жаттығу шараларын өткізген абзал, – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Мейірхан Сатыбалдин.

Апат айтып келмейді. Дегенмен өрттің алдын алу шараларына жүрдім-бардым қарауға болмайды. Алайда ортақ мәміленің болмай тұрғандығы ойландырмай қоймайды. Оған негіз де жоқ емес. Жуырда облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеевтің төрағалығымен осы орман өртінің төңірегіндегі түйткілдерге қатысты өткен жиында орман шаруашылығы мекемелері басшыларының нақты ұсыныс айта алмай, өрттің шығу салдарын бір-біріне сілтегені, тіпті «ол кездегі өрт бізге ана ауданнан, мына ауданнан келген болатын» деп жауап бергендері қисынсыз болды. Сол жиында М.Шүкеев Табиғат-Ананы қорғау бағытындағы ортақ іске жұдырықтай жұмылып, жауапкершілікті сезіне отырып жұмысты сапалы ұйымдастыруды шегелеп айтты. Нәтижесін уақытында көре жатармыз. Әрине, өрттің тұтанбағанын, ешкімнің зардап шекпегенін біз де тілеп отырмыз. Тек облыс тұрғындары барынша абай болғаны абзал.

Ж.БАҚЫТБЕКҰЛЫ

ПІКІР