Қоғам

Орманды жедел қорғау қызметі

Жамбыл жері табиғатымен талайды тамсандырып, көркіне көз сүйсінетін аймақтың бірі. Жаратушының адамзатқа берген сондай үлкен сыйына қасақана қиянат жасаушылар көп. Әсіресе орман-тоғайын отап, өзендегі балығын сүзіп, далада жортқан аң-құсын заңсыз ататындардың қатары жыл санап артпаса, кемімей тұр. Сондықтан да, облысымызда табиғат байлығына зиянын тигізетіндермен күрес бір сәтке болсын саябырсыған емес. Тіпті, облыс әкімдігінің 02.09.2010 жылғы №250 қаулысына сәйкес, 2010 жылы 1 қарашада «Орманды жедел қорғау қызметі» мекемесі құрылғаны белгілі. Бір жеті бұрын аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің қатысуымен өткен жиында аталған мекеменің өткен жылы атқарған жұмыстары таразыланып, саладағы көптеген кемшіліктердің беті ашылды.

Көңілді күпті еткен көрсеткіштер

Осыдан бірнеше жыл бұрын Талас ауданы, Үшарал ауылының жолдарын құм көшкіні басып қалғанда жергілікті жұрт облыс басшылығынан көмек сұрап, әзер дегенде жолды ашып алған болатын. Сонда мамандар құм көшкінінің ауылға дейін кіруінің себебін осы маңда сексеуілдің тым сиреп, даланың жалаңаштанып, тал-дарақтың азаюымен түсіндірген еді. Ал, қазір өңірдің кейбір елді мекендерінде құм көшкіні тіпті жиілеп кетті. Яғни, сексеуілді жаппай отау – құрғақшылық пен құм көшкініне, табиғаттың тепе-теңдігінің бұзылуына алып келуде. Міне, сондықтан да сексеуілдің өсімін молайтып, алқаптарды қалпына келтіру мақсатында 2015 жылдан бастап 2018 жылдың соңына дейін барлық сексеуіл шламына мораторий жарияланды. Десе де, заңбұзушылық фактілері әлі де болса азаймай тұр. «Орманды қорғау жедел қызметі» мекемесінің директоры Бауыржан Желеубаевтың айтуынша, 2017 жылы заңсыз сексеуіл тасығандар бойынша мемлекеттік орман қоры жерінде 78 заңбұзушылық оқиғасы тіркелген екен. 55 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, 658 мың теңге айыппұл салынып, 589,9 мың теңгесі өндірілген. Сол секілді 23 заңбұзушыға сексеуілді тасуға рұқсат етілмеген мерзімде тасығаны үшін хаттама толтырылып, жергілікті аудандық ішкі істер бөлімдеріне өткізіліп, қылмыстық іс қозғалған.

– Қазіргі таңда 8 оқиға бойынша қылмыстық құрамы болмауына байланысты тергеу амалдары тоқтатылып, әкімшілік жауапқа тарту үшін кері қайтарылды. Сегіз заңбұзушыға әкімшілік хаттама толтырылып, 113, 5 теңге айыппұл салынып, өндірілді. Сараптама қорытындысына байланысты үш азаматқа өсімін тоқтатпаған сексеуіл отынын тасығаны үшін қылмыстық іс қозғалып, соттың үкімімен 2 азаматқа екі жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – дейді Бауыржан Берікбайұлы.

Мекеме директорының бұл баяндамасынан біз бір жылдық емес, бір немесе екі айлық жұмыстың қорытындысы мәлімделгендей күй кештік. Себебі, облыс бойынша бір жылдың ішінде бар болғаны 78 заңбұзушылық фактісі тіркелуі мүмкін бе?! Бұл көрсеткішке әрине біздің де сенгіміз келеді. Бірақ… Мәселен, екі жыл бұрын қыс мезгілінде жұмыс сапарымен Мойынқұм ауданына жол түсті. Сонда қас қарая жол жүріп келе жатып, әр жарты сағат сайын сексеуіл басқан жүк көліктері ұшырасты. Бұдан шығатын қорытынды, заңсыздыққа барғандардың барлығы дерлік жауапкершілікке тартылмай, амалын тауып сытылып кетіп жатқан да секілді.

Сондай-ақ, заңсыз сексеуіл тасығандарға салынған 658 теңге айыппұлдың 589,9 мың теңгесі өндірілген. Жыл сайын мыңдаған гектар сексеуіл алқабы оталып жатқанда, бір жылдық табиғат шығыны 589,9 мың теңгені құраған. Яғни, мекеменің жүрегі тым жұмсақ инспекторлары заңды белшесінен басқандарды үлкен шығынға батырғылары келмей, көп жағдайда кешіріммен қарайтын тәрізді. Немесе басқа да себептер баршылық… Айтпақшы, бүгінгі таңда мекемеде барлығы 18 инспектор қызмет атқарса, оның тек алтауы ғана біліктілік талаптарына сай екен. Ал, қалған он екісі бұрын ішкі істер саласында қызмет атқарып, зейнетке шыққан мамандар болып отыр.

Аң-құс аз, броконьерлер
өріп жүр…

Белгілі жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың «Шыңғыс ханның көз жасы» атты психологиялық иірімге құрылған философиялық тұжырымы терең хикаяты бар. Сонда ұлы жорыққа аттанған қалың түмен жүгірген аң, ұшқан құсты азық етіп, аш өзегін жалғайды. Десе де, кезіккенін қынадай қыруға рұқсат жоқ. Шыңғыс ханның пәрмені сондай. Жылт еткен көктемнен қара күзге дейін қару көтертпейді. «Аң төлін, құс балапанын өргізер шақ. Тұқымы үзілмесін, алаңсыз аяқтансын, түбітін түсірсін» деген тілек екен.

Ал, қазір дала заңына пысқырып та қарамайтындар көбейіп, киелі атамекеннің жортқан аңы мен ұшқан құсына қатер төнді. «Орманды жедел қорғау қызметі» мекемесінің мәліметтеріне сүйенсек, заңсыз аңшылық жасау бойынша өткен жылы 101 факт тіркеліп, 51 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылған. Тиісінше 1 245,6 теңге айыппұл салынып, толы­ғымен өндірілген. 46 заңбұзушыға жасалған кесім (АКТ), хаттамалар жергілікті аудандық ішкі істер бөліміне және облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына өткізілген. Сондай-ақ, ерекше қорғалатын «Аңдасай» және жергілікті маңызы бар «Үмбет» қаумалында заңсыз аңшылық жасағаны үшін 4 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, жергілікті аудандық сотқа жолданған. Заңсыз аң аулағандар бір жыл ішінде 99, 9 теңге, жалпылама айтар болсақ, 100 мың теңге залал келтіріпті-мыс. Сонымен қатар, тыйым салынған өзендер мен бекітілмеген су айдындарында заңсыз балық аулағаны үшін 26 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылған.
Жалпы, мекеменің бір жылдық жұмыс қорытындысын таразылап қарар болсақ, броконьерліктің тамырына балта шабылғандай болып көрінуі мүмкін.

Әрине, барлығы ақ парақта көрсетілгендей болса жақсы ғой. Бірақ, мүлдем олай емес екені, заңсыздықтар одан он есе, жиырма есе көп екенін әркімнің іші сезіп отырған болар. Дегенмен де, мекеме директоры Бауыржан Желеубаевтың бұл мәселелерге байланысты өз айтары бар.

– Біз мүмкіндігіміз жеткенінше аянбай жұмыс жасап жатырмыз. Бірақ, жұмысымызға кері әсерін тигізетін жағдайлар да бар екенін жасыра алмаймыз. Мәселен, кейбір үлкен көлдердің иелері бар. Ал, ондай көлдерге аттап баса алмаймыз. Заңсыз балық аулау бойынша көрсеткіштің төмен болуының бір себебі осы. Сондай-ақ, кейбір техникамыздың тозығы жеткен. Сол себепті соңғы үлгідегі көліктерді мінген броконьерлерді ұстай алмай қалып жатамыз, – дейді Бауыржан Берікбайұлы.

Ал, сала ардагері Ерназарбек Жантаев орман шаруашылығында шешімін таппаған мәселе шаш етектен екенін және бұл тығырықтан тек мораторий жариялап қана шығуға болатынын айтады.

– Облыста аң-құстың азайып кетуіне біріншіден тұрғындардың қасақана жасаған әрекеттері себеп болуда. Екіншіден, тілсіз жау – өрт те кері әсерін тигізіп жатыр. Үшіншіден, мамандар иелері бар аңшылық шаруашылықтарға кіре алмайды. Меніңше, жағдайды ретке келтіру үшін, аң-құс атуға екі жыл мораторий жариялау керек. Сонда ғана мекендерінен кетіп қалған аңдар қайтып оралады. Есептеуімше қазір облысымызда 7-8 мың бас құлан болуы керек еді. 1993 жылы санақ жүргізгенімде 250-ден асып жығылған болатын. Ал, қазір бірде-бір құлан жоқ.

Саладағы түйінді мәселенің бірі, қазір аудандарда табиғатты қорғау полициясы жұмыс жасайды. Табиғатты қорғауға міндетті азаматтар көп жағдайда, керісінше ұсталған азаматтарға араша түсіп, бәйек болады. Сондықтан осы мәселені де негізге алып, табиғат полициясын орталықтандыру керек деп ойлаймын, – дейді Е.Жантаев.

Енді бәрін Қоғамдық кеңес бақылайды

Жасыратыны жоқ, сайын даламыздың жортқан аңы мен ұшқан құсын аулау бүгінгі күннің бизнес көзіне айналды. Бір қуантатыны, бүгінде облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен табиғатымыздың теңдессіз байлықтарын сақтап қалу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Нақтырақ айтар болсақ, жақын күндері саладағы орын алған түрлі олқылықтарды ретке келтіру мақсатында Қоғамдық кеңес құрылатын болады. Енді «Ормандарды қорғау жедел қызметінің» жұмысын Қоғамдық кеңес бақылауға алады. Ал, Қоғамдық кеңесті салада ұзақ жылдар еңбек етіп, ұңғыл-шұңғылына дейін білетін маман Ерназарбек Жантаев басқаратын болады. Енді бір жетінің ішінде кеңесті құру, алдағы жұмыс жоспары, әр айда атқаратын іс-шаралары дайындалып, Асқар Исабекұлына таныстырылады. Сондай-ақ, облыс әкімінің бастамасымен табиғи байлығымызды сақтап қалу мақсатында аң-құс атып, балық аулауға және сексеуіл отауға 2 жылға мораторий жариялануы мүмкін.

Осылайша, ардақты атамекеніміздің қасиеті де, киесі де болып келген жортқан аң мен ұшқан құстың тұқымын тұздай құрту қаупін сейілтудің алғышарты жасалды. Енді бірнеше жылдан кейін табиғат-Ана сыйлаған ерен байлықты көздің қарашығындай қорғай отырып, ел ырысы еселене түсетін күн де алыс емес.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР