Қоғам

Орманшы болу оңай шаруа емес

Written by Aray2005

Қасиетті Әулиеата өңірінің тұмса табиғаты өлкенің басты байлығы саналады. Облыстың жалпы жер қорының 30 пайызға жуығын орманды дала алып жатыр. Демек иен даладағы табиғаттың байлығын аялап, оны көрсеқызарлардан кірпік қақпай күзету сала мамандарына зор жауапкершілік жүктейді. Атын естігеніміз болмаса, кейбіріміз осынау машақаты мол мамандық иелерінің қызметі жайында көп біле бермейміз. Алайда жыл он екі ай табиғатты қорғау жолында тынымсыз тер төгіп жүрген орманшы-қорықшылардың еңбегі ерен.
Оған газетіміздің «Мамандығымызды өзгертеміз» айдары аясында Байзақ ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемеге қарасты «Талас» орманшылығында болып, сала мамандарының бір күндік жұмысымен танысқанда анық көз жеткіздік.

Аумағы 77 984 гектарды құрайтын «Талас» орманшылығы – Байзақ ауданы аумағындағы орман шаруашылығына қарасты ең ірі құрылымдық бөлім. Орманшылықтың бір шеті «Ақжар» бекетінен басталып, сонау Мойынқұмға дейін жалғасады. Біздің кезекті жұмыс күніміз дәл осы «Ақжар» бекетінің орманшы-қорықшысы атанумен өтті. Бекет кезекшілігінде тұрған орманшы-қорықшы Ақан Алиев пен мекеме жанындағы өрт сөндіру стансасының қызметкері Сәкен Төребеков бізді жылышыраймен қарсы алып, жұмыс барысын түсіндіріп берді.
«Талас» орманшылығы аумағының басты қақпасы ретінде бақылау-өткізу қызметін атқарғанымен «Ақжар» бекетінің кезекшілеріне артылған жауапкершілік жүгі тым ауыр. Сәт сайын байланыс құралы арқылы бекетке сонау қалың құмның қойнауында кезекшілік өткеріп жатқан орманшы-қорықшылардан қалыптасқан жағдай туралы мәліметтер келіп түсіп жатады. Бізге жүктелген міндет – олардың маңыздысын уақыт оздырмай басшылыққа хабарлау. Сондай-ақ ара-тұра аумаққа бет алған автокөліктерге жіті тексеру жүргізуді де бекет кезекшілігіндегі орманшы-қорықшы ретінде өз мойнымызға алдық. Мұнда көбіне орманшылық аумақта орналасқан өнеркәсіптік жер қорын пайдаланушылар бас сұғады. Кәнігі орманшы-қорықшылар олар мінген автокөлікті мемлекеттік тіркеу номерінен жазбай таниды. Сонда да болса бұл қызметте бір мезгіл босаңсуға болмайды. Әр көліктің іші-сырты мұқият тексеріледі. Өйткені табиғат қаскөйлеріне қарсы қызмет өкілдері үшін қазір қарбаласқа толы мазасыз шақ басталған.
– Қыстың алғашқы суығы білініп, қар түскен кезде браконьерлер бой көрсетеді. «Қансонар» аталатын бұл шақта қасқыр, түлкі, қояннан бөлек, қарақұйрық сынды Қызыл кітапқа енген жануарларға қару кезенетіндер көбейеді. Сондықтан да өзімізге бекітілген аумақты қатаң бақылауда ұстаймыз. Орманшы-қорықшы қызметін атқарып келе жатқан 27 жыл ішінде табиғат байлығын талан-таражға салуды мақсат еткендердің талайының жолын кестік. Алайда олар айылын жияр емес. Керісінше, жекеменшік аңшылық шаруашылықтары көптеп ашылған сайын жағдай ушыға түсуде. Аңшыларға жолдама беруді бизнеске айналдырған аңшылық шаруашылықтарға заң жүзінде тыйым болмай, істің ілгері басуы екіталай. Өйткені әлгі шаруашылықтарға алған жолдаманы желеу еткендер өздеріне бекітілген орыннан орманшылық аумағына өтіп кетіп, сайран салады. Шектен шыққандарға хаттама толтырылып, айыппұл салынады. Жалпы, заң жүзінде орманшылық аумағында жыл он екі ай аң аулауға рұқсат берілмейді.
Орманшы-қорықшылар браконьерлермен күрестен бөлек, орман өртіне қарсы іс-қимылды ұйымдастыру жұмыстарының да бел ортасында жүреді, – дейді орманшы-қорықшы Ақан Алиев.
Шынында орманшы-қорықшылардың сөзіне құлақ ассаңыз, «тілсіз жаудың» табиғаттың иен байлығына тіс батыратын сәті аз емес сыңайлы. Әсіресе, жаз айларында жалын шарпыған аумақтағы арпалыс орманшы-қорықшыларды жиі әлекке түсіретін көрінеді.
– Орман өртінің алдын алу, болжау дегеніңіз мүмкін емес. Кейде тып-тыныш кезекшілікті өткеріп, тыныға бергенімізде аумақтың бір бөлігінен жалын байқалып, әбігерге түсетініміз бар. Сондықтан да Байзақ ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі жанынан өрт сөндіру стансасы жұмыс істеп келеді.
Расында, өткен маусым қарбаласқа толы болды. Мамыр айынан басталған өрт оқиғаларынан жаз бойы дамыл таппай еңбек еттік. Арасында Жуалы, Т.Рысқұлов аудандарындағы әріптестерімізге көмек қолын созумен болдық. Аталған аудандардың орман қоры негізінен таулы аймақтарда орналасқан. Ал жазық даладағы желек көмкерген аумақтар иесіз қалған. Сәйкесінше ондағы өртті сөндіруде жайбасарлыққа салынатын жайттар да кезігеді. Осы сәтте иен даланы шарпыған жалынның біздің қорғауымыздағы алқапқа өтіп кетпеуі үшін барымызды саламыз. Жаз айларында «Талас» орманшылығының құм қойнауындағы алқаптары «Есқара» бекетіндегі орманшы-қорықшылардан ұйымдастырылған кезекшілердің жіті назарында болады, – дейді Байзақ ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің аға орманшысы Дәурен Бектұрсынұлы.
Осы орайда, сөзге салада ширек ғасырға жуық еңбек еткен тәжірибелі орманшы-қорықшы Ақан Алиев қайта араласты.
– Т.Рысқұлов ауданына қарасты «Ақыртөбе» орманшылығында қызмет етіп жүргенімде болған осы бір оқиға күні бүгінге дейін көз алдымда. Таудағы орман алқабын өрт шалғандығы туралы дабылмен көтеріліп, орманшы-қорықшылар дереу оқиға орнына жеттік. Жасыл желекке ауыз салған қызыл жалын бетті қариды. Топ мүшелері қаз-қатар тұра қалып, іске кірістік. Сол сәтте әріптестерімнің бірінің ес-түссіз сұлап жатқанын көзім шалды. Өрімдей жас жігіт. Түтіннен уланыпты. Әупірімдеп жүріп аман алып қалдық. Таулы орман өртіндегі қауіпті жайт – жоталарға улы түтін жиналады, – дейді ардагер орманшы.
Алайда жыл бойы қауіп пен қатерге басын тігетін орманшылардың өз әлеуметтік мәселелері де шаш етектен. Табиғат жанашырлары небәрі 42 мың теңге айлық жалақыға жұмыс істеп жүр. Одан бөлек орман шаруашылығындағы техникалық базаның әлеуеті сын көтермейді. Қорықшылар браконьерлермен күресте әлі күнге «Байкал» маркалы тапаншаны кәдеге жаратуда. Тозығы жеткен «Нива», «УАЗ» маркалы автокөліктерін табиғат қаскөйлері мінген шетелдік жол талғамайтын темір тұлпарлар шаң қаптырып кетіп те жатады.
– «Байкал» маркалы тапанша кезінде учаскелік полицейлерден алынған қару. Бағытталған нысанға тию дәлдігі төмен. Есесіне браконьерлер аңға мұздай қаруланып шығады. Аңшылықтың қызығына түсіп, көзі қарауытқандар кейде орманшы-қорықшылардың өзіне оқ атады. Ал «Байкалмен» қаруланған орманшылар оларға қарсылық көрсете алмайды. Табиғатқа ірі көлемде зиян келтірген қаскөйлер уыстан сусып кете барады. Көліктердің ескілігі өз алдына. Із кесуде түнгі бақылау жүйесімен жабдықталмаған. Нәтижесінде алыстан көлік жарығын байқаған браконьерлер әп-сәтте ізін суытып үлгереді, – дейді аға орманшы Д.Бектұрсынұлы.
Бір қызығы, уақытпен санаспай бірде браконьерлерге қарсы тұрып, енді бірде орман өртін сөндіруде аянбай қызмет етіп жүрген сала мамандарының көзсіз ерлігі көзге ілінбей қалуда. Бір жаздың өзінде облыс аумағында орман өртінің ортасында жүріп бірнеше орманшы жан тапсырды. Қызмет бабында туған өлкенің жайқалған табиғатын жалыннан арашалап, мәңгілік сапарға аттанғандардың есімінің ескерусіз қала беретіні шынында жанға батады.
Десе де, табиғатты қорғау жолында тынбай тер төгіп жүрген «бір күндік әріптестеріміздің» әрекетінен өз қызметіне деген асқан жауапкершілікті байқадық. Жыл бойы орман өртімен арпалысып, браконьерлердің ізін шалумен әлек болатын орманшылар ендігі жерде құм көшкініне қарсы шараларға қызу кіріскен. Көктемде орманшылық аумағында 100 гектар жерге қараағаш көшеті отырғызылыпты. Ал бірер жыл бұрын осындағы Түлей, Әсілбек аталатын аумаққа сексеуіл егіліпті. Келесі жылға тағы да қосымша 150 гектар жер дайындалған.
Осылайша жарты тәулік ішінде сырт көзге оңай саналатын орманшы-қорықшылардың қызметіндегі көп жайтқа қанықтық. Біз қайтуға бет алғанда рация арқылы бекет кезекшісіне 150 шақырым қашықтықтағы Түлей, Әсілбек аталатын жерлерде өртке қарсы жолақ дайындап жүрген техникалардың жағдайы баяндалып жатты.
– Бөтен көліктердің іздері байқалмайды ма? Бірер күнде өзім де соғып қайтармын, – деді аға орманшы Д.Бектұрсынұлы. Сосын бізге қарап:
– Міне, кезекті мазасыз шақ басталды. Енді қыс өткенше аңшылықтың қызығына түскендер есімізді шығарады, – деді ол көлігіне отырар-отырмастан. Ал біз қауіп-қатерге қарамастан өз қызметтерін адал атқарып жүрген азаматтарға сәттілік тілеп, жолға шықтық.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

ПІКІР