Орны толмас өкініш…

0 27

Өмір – түрлі жағдайлармен сабақ беруімен ұлы мектеп. Кейде бір ғана қателік орны толмас өкінішке ұрындырады. Ұзақ жылдар бойы ішкі істер органында абыройлы қызмет еткен нағашы атамның басынан өткен бір жағдай мені үнемі толғандырады. Өзгелер де сабақ алса екен деген ниетпен орын алған оқиғаны сол қалпында жеткізгенді жөн көрдім.

«Жаздың қапырық түндерінің бірінде алаңсыз ұйықтап жатқанмын. Кенет телефоным бебеулеп сала берді. Құлағыма жақындатқаным сол, полицияның кезекші бөлімінің қызметкері:
– Әреке, қалада адам өліміне апарған жол-көлік оқиғасы болды. Тездетіп мына мекенжайға жетіңіз, – деп шұғыл хабар берді. Манаурап ұйықтап жатқан қыздарыма мейірлене қарадым да үйден шығып кеттім.
Оқиға болған жерге барсам, қаршадай қос қызды көлік қаққан екен. Неге екенін білмеймін, осы кезде тәп-тәтті ұйқы құшағында жатқан өз қыздарымның бейнесі елестеп, жүрегім біртүрлі шым ете қалды.
Кейін анықтасақ, бұл жасөспірімдер әкесі әскери қызметкер, анасы мұғалім болып қызмет ететін үлгілі отбасының Арай және Жанар есімді қыздары екен. Жаздың әдемі кешінде аналарынан ойын-сауық орталығына баруға сұранған. Ана жүрегі әлденені сезді ме, кім білсін, рұқсат бермепті. Бірақ албырт жастықпен қос қыз төсек-орындарына жастық қойып, шеше сөзіне құлақ аспай, терезеден жасырын түрде шығып кеткен. Кілең жастар жиналған жердің қызығына батқан олар түн жарымындағы сағат 3-4 шамасында үйлері есіне түсіп, жолға шыққан. Беймезгіл уақытта көшеде адам да сирек сәт екен. Апалы-сіңлілі екеуі жолды кесіп өте бергендерінде аяқ астынан жүйткіген темір тұлпар шыға келіп, бұларды таптап өте шығыпты. Асфальт қып-қызыл қанға боялған. Екеуі де оқиға орнында көз жұмған. Жол талғамайтын көлік аса үлкен жылдамдықпен келе жатқандықтан қыздардың аман қалулары мүмкін емес еді…».
Нағашы атам терең күрсініп, әңгімесін ары қарай жалғады.
«Қыздардың мекенжайын әрең тауып, есігін қақтым. Ар жақтан «Бұл кім-ей?» деген үлкен кісінің дауысы шықты. Мезгілсіз уақытта есігін қағып, мазалағанымызды жақтырмағаны болар, сірә.
– Жол-патрульдік полиция қызметкерімін, – деп жөнімді айттым. Есік ашылып, еңсегей бойлы ер адам мен ақ орамалды әйел кісі шықты. Суық хабарды жеткізуге дәтім бармай, дауысым дірілдеп:
– Қыздарыңыз бар ма еді? – дедім.
– Иә, ұйықтап жатыр. Не болып қалды? – деді аң-таң күйде сілейіп тұрып қалған қыздардың әкесі.
– Айып болмаса, бөлмелерін көрсем, – дедім сабырлы үнмен.
Әкесі бөлме есігін ашты. Қатарынан қос төсек тұр. Адам ұйықтап жатқандай жабулы. Төсектің қасына келіп, көрпені ашып қалып едім, әкесі мен анасы көздері шарасынан шығардай аң-таң күйде бір-біріне шошына қарап тұрып қалды. Анасы бірден:
– Қыздарыма бір нәрсе болды демеңізші, – деп жанарлары жасаурап, жалынышты түрмен қарады.
Мен не дерімді білмей, «бәрі кеш» дегендей үнсіз басымды шайқадым. Сол кездегі ана жанарындағы парлап аққан жас әлі күнге көз алдымда. Осы оқиға есіме түссе, жүрегі қан жылаған шарасыз ананың «Қыздарымыз аман, еш нәрсе болған жоқ деңізші» деген жалынышты үні құлағыма келеді де тұрады. Жап-жас қос қызғалдағынан айырылған ата-ананың енді қыздарының жарқын бейнесін тек сағынышпен еске алатыны өкінішті, әрине.
Тергеу-тексеру жұмыстарын бітіріп, үйге таңертең жеттім де өз қыздарымды кезек-кезек құшақтап, сүйе бердім. Осы оқиғадан кейін балаларымның әр қадамын қадағалап отыратын болдым. Қас қарайғанда көшеге шығармауды бір сәтке де ұмытқан емеспін».
Нағашы атамның осы әңгімесінен соң мен де ата-анамның ақыл-кеңестерін мүлтіксіз орындап, айтқандарына қарсы келмеуге, үміттерінің үдесінен шығуға өзіме-өзім серт еттім.

Аружан МҰХАМЕТІЛДА,
№15 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы.
Тараз қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.