Өршіл рухтың өнегесі

0 4

1986 жылдың ызғарлы желтоқсанында кеңестік жүйенің тоталитарлық режимінің темір шымылдығын түріп тастап, тас қамалын бұзғандай өр мінезді жігер танытқан өрімдей жастардың ерлігі әлі жұрт жадында. Бар болғаны «Әр ұлтқа өз көсемі» деп ұрандап, алаңға шыққан ұлтжанды азаматтардың бейбіт шеруін кеңестік күштік құрылымдар өз пайдасына қарай бұра тартып, орталық алаңның әп сәтте-ақ астаң-кестеңін шығарды. Сөйтіп, қазақ жастарына «бүлікшіл», «ұлтшыл», «бұзақы» деген тым әсірелеген жала жауып, тағдырларына балта шапты.

Қош, бұл шындықтың ақиқаты уақыт өте ашылып, бүгінде желтоқсаншы жастар егемен елдің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен ақталды. Тарихи әділеттілік орнады. Бірақ жүректерде қалған жараның орны әлі күнге сыздап тұр. Сол Желтоқсан көтерілісінен кейін көп ұзамай-ақ алып империяның құрдымға кетіп, еліміз ата-баба аңсаған азаттыққа қол жеткізгені көңілге медеу, жанға қуат сыйлады. Сол оқиғаның құрбаны болған жалындаған жастар бүгінде ұлт мақтанышына айналды.
Құқық қорғау қызметкерін соққыға жықты деп, сот өлім жазасына кесіп, артынша халықаралық қауымдастықтағы адам құқықтарына араша түсумен айналысатын ұйымдар шулап кеткен соң жазасы жеңілдеп, жиырма жылға бас бостандығынан айырылған Қайрат Рысқұлбеков кейін Семей түрмесінде түсініксіз жағдайда көз жұмды. Көп ұзамай жерлесіміз Қ.Рысқұлбековке Президент Жарлығымен «Халық Қаһарманы» атағы берілді.
Аққан жұлдыздай жарқ етіп, мезгілсіз сөнген өр рухты Қайрат бейнесі бүгінде қазақ жастарының жадында патриоттық феномені ретінде сақтаулы. Халық Қаһарманын ұлықтау мемлекеттік деңгейде сипат алып, «Еркек тоқты – құрбандық, атам десең, атыңдар!» деп, ұлт бостандығы үшін жанын берген батырымызды бүгінде еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін біледі, құрмет тұтады.
Батырға құрмет әсіресе туған жері Жамбылда ерекше дараланып тұр. Тараз қаласының орталығындағы үлкен саябақтардың біріне Қайрат Рысқұлбековтің есімі беріліп, кіреберісіне алып ескерткіші орнатылғанда бөркін аспанға атпаған адам қалмаған шығар. Бірақ уақыт өте келе қараусыз қалған бұл саябақтан сән, маңызынан мән кетті.
Облыс басшылығына биыл Асқар Мырзахметов келгелі Тараз қаласының сәулеті мен дәулетіне жаңа леп әкелгендей болды. Облыс орталығындағы мәдени демалыс орындары мен саябақтар қайта жаңғыртылып, жұрт жиі келетін орындарға айналып шыға келді. Осылайша Ұлы Жібек жолы бойындағы ежелгі шаһар Тараз қаласының күніне орай, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің есімімен аталған саябақ толық жаңғыртудан кейін елге есігін қайта ашты.
Жалпы аумағы 6,5 гектарды құрайтын саябақ аумағында батырдың аты жазылған кіреберіс тақтасы және Бөлтірік шешен, Ж.Жабаев, Н.Назарбаев, Б.Момышұлы, Ш.Мұртаза, М.Шаханов, Қ.Рысқұлбековтердің туған жер, Отан, Желтоқсан жастары туралы айтқан сөздері жазылған алып тақталар, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің ескерткіші, «Желтоқсан, 86» орталығы, «Тәуелсіздік ұшқыны» аллеясы, қайта жаңғыртудан өткен «Ардагерлер үйі» және «Ғибрат» орталығы, «Шахмат» алаңы, балалар және спорттық алаңшалары орналасқан. Осылардың ішінен «Желтоқсан, 86» орталығына ерекше тоқталғанды жөн көрдік.
Бұл орталық өз алдына бөлек отау тіккенімен, ол облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрамдас бір бөлігі. Сәулеттік ерекшелігі шеңбердің төрттен біріндей доғалдау болып келетін орталықтың сыртқы көрінісі сары, қоңыр түстерге негізделген көне шаһар сәулетінің шығыстық стилімен үндесіп тұр. Саябақтың Төле би көшесі жағындағы кіреберісінің оң жағынан орын тепкен орталық негізгі үш бөліктен тұрады. Орталықта бізді облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы Жамал Ақпан күтіп алып, жәдігерлермен таныстырды.
Есіктен кіргенде оң жаққа жүрсеңіз үлкен залға кіресіз. Онда бірден Президент Н.Назарбаевтың «1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы қазақ жастарының ұлттық санасының қаншалықты өскенін көрсетіп берді» деген сөзіне көзіңіз түседі. Осы қабырғаны бойлай жүре берсеңіз қоғам қайраткері М.Шаханов бұрышына келесіз. Онда ақынның «Желтоқсан алаңы» атты өлеңі қызыл фонды тақтаға жазылыпты.
– Жалпы, бұл залда көтеріліс құрбандарының портреттері мен алаңнан түсірілген фотолар, Желтоқсан ақиқатын іздеген Мұхтар Шаханов, Болат Төлепбергенов, Қайым-Мұнар Табеев сынды бірқатар авторлардың көптеген кітаптары арнайы шыны сөреге қойылған. Сондай-ақ төр жағында Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы» 1991 жылғы 12 желтоқсандағы №540 Жарлығының көшірмесі ілінген. Президентіміздің осы Жарлығы арқылы қоғамнан алшақтатылған барлық желтоқсаншылар мен мемлекеттік қызмет және комсомол ұйымдары өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары сынды көптеген отандастарымыз ортамызға қайта оралды. Яғни, сол көтеріліс салдарынан сотты болған қаншама адамның баянды болашағына жол ашылды.
Музейдің сол жақ қанатына өтер жолда қызметтік бөлім, ғылыми танымдық бөлім және киім ілетін бөлме қатар орналасқан. Біз кірген ортаңғы зал жәдігерлері Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Иран Ғайыптың өлеңімен басталыпты. Одан бөлек суретші Қ.Әділханның «Желтоқсан ызғары» деген картинасы көп жайттан хабар беріп тұр.
Оң жақтағы зал оқиғаға қатысты жалпы деректерден хабар берсе, ортаңғы зал оқиға қатысушылары жайлы ақпараттарға толы. Музей қызметкері Жамал Ақпан орталық жаңадан ашылғандықтан музей қоры әлі де толықтырылып жатқанын айтып өтті. Ортаңғы залдағы жәдігерлер арасындағы ең құндысы деп Қайрат Рысқұлбековтің алаңда жүргенде үстінде болған қара плащ, ақ шарф және тымағын айта аламыз. Қалған дүниелер – оқиғаға қатысқан жамбылдық жерлестеріміздің тізімі, жамбылдық Ә.Асылбек пен Ә.Тінәлиевтің атақты «Желтоқсан желі» әні арнайы тақтаға ілініпті. Мұнда да алаңдағы түсірілген картиналар алыстан көзге түседі.
Қайрат Рысқұлбековке арналған үшінші залда да «Халық Қаһарманының» жеке заттарынан әскерде киген формасы мен мектептегі киімдері, қызыл галстук, чемоданы, 1-курс кезіндегі пропускісі қойылыпты.
Елбасының Қ.Рысқұлбековке «Халық Қаһарманы» атағын беру туралы Жарлығының мәтініне және осы атақтың ерекшелік белгісі – Қызыл Жұлдыздың суретіне де орын берілген. Бұл залдан Қ.Рысқұлбековтің аты берілген Семей қаласындағы №33 орта мектеп ұжымының естелікке ұсынған фотоальбомын да кездестіресіз.
Қысқасы, орталыққа кірген адам желтоқсаншылар рухымен тілдескендей күйге енеді. Тіпті, алаңнан түсірілген фотосуреттер мен Қайраттың жігер мен намысқа толы өлеңдерін оқып шықсаңыз сол алаңға кіріп кеткендей боласыз.

Жасұлан Сейілханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.