Ортақ мақсат оңға бастайды

0 1

Бүгінде отандастарымыздың бір шаңырақ астында берекелі бірлікте өмір сүруі өзге мемлекеттерге үлгі болып отырғаны шындық. Еліміздің тыныштық пен татулықтың ордасына айналуы – біріншіден, Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасы. Осы орайда, бірнеше этнос өкілінің бүтіндей бір ауылда немесе бір ұжымда «бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» күн кешіп отырғанын көргенде көңіл сүйсінбей қоймайды. Тұрақтылықты ту еткен, татулығы мен татымды тірлігінің арқасында талайдың таңдайын қақтырып отырған осындай ұжымның бірі – Тараз қаласындағы Қазіргі заман гуманитарлық-техникалық колледжі.

Мұндағы 535 студент «Мектепке дейінгі тәрбие», «Бастауыш сыныптарды оқыту», «Кәсіптік оқыту», «Металл өңдеу», «Геодезия және картография» секілді бірқатар мамандықтар бойынша білім алуда. Былтыр қолына диплом алған 156 түлектің 51-і күндізгі бөлімді бітірген болса, оның ішінде 69 пайызы жұмыспен қамтылыпты. Осы оқу жылын бас-аяғы 177 білімгер аяқтағалы отыр. Ұжымдағы 45 адамның 32-сі оқытушылар. Олардың екеуі ғылым докторы, профессор, академик болса, үшеуі ғылым кандидаты, бесеуі – магистр. Ұстаздардың ішінде кейбірі Финляндия, Швеция, Түркия, Германия секілді өркениеті озық, білім жүйесі бәсекеге қабілетті елдерде, ал енді бірі өзіміздің Астана, Алматы, Семей,Теміртау қалаларында біліктіліктерін арттырып келіпті.
Бізбен пікірлесу барысында колледж директоры, жоғары санатты ұстаз Фарида Нақыш әлемдік оқу үрдісінің өзегі — жаңа технологиялар екенін айта отырып, биылдан бастап мекеменің модульдік оқыту жүйесіне көшкенін жеткізді. Осы білім ордасын 20 жылдан бері басқарып келе жатқан ол Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгісімен марапатталып, «Білім беру ісінің үздігі» атанған. Сонымен қатар «Айнұры» татар-башқұрт этномәдени қоғамдық бірлестігінің мүшесі бола жүріп, еліміздің татулығы мен бірлігіне өлшеусіз үлес қосуының арқасында Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хатына да ие болған. Ұлты татар болғанымен, өзі – қазақтың келіні. Білікті маман Лондон, Кембридж, Оксфорд, Париж, Стамбул, Минск, Абу-Даби, Будапешт секілді әлемдегі айтулы қалаларда біліктілігін арттырумен қатар, осы қалаларда өткізіліп жүрген жұмысшы мамандығының мәртебесін арттыру және шеберлік дағдыларын дамытуға арналған «World Skills» чемпионатына тұрақты қатысып келеді.
– Осы аптада елімізде Алғыс айту күні аталып өтеді. Түсіне білгенге бұл мерекенің мәні зор, маңызы терең. Елімізде тағдыр тоғыс­тыр­ған түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Еңбек етіп, ертеңгі болашағына берік негіз қалауда. Бір мақсат, бір мүдде аясында жұмыла жұмыс істеудеміз. Бірақ, біз қиын-қыстау кезеңде қол ұшын созып, қамқорлық танытқан қазақ халқының мейірбандығын ешуақытта ұмытпауымыз керек. Негізінен татарлар Қазақстанға отарлау саясаты жүргізіле бастаған шақта қоныс аудара бастады. Отарлаушылар жергілікті халықты езгіге салып, бас көтерер көсемдерін қуғын-сүргінге ұшыратты. Заман дәруішімен біздің ұлтқа осылай қауіп төнгенде татарлардың қыр асып, қазақ ағайындарды пана тұтуына тура келді. Біздің ата-бабаларымыз кейінгі ұрпағына ұмытылмастай етіп айтып кеткендей, қазақтардың ең үлкен жақсылығының бірі – сол кезде қазақ билерінің татарларды орыстардың қылышынан қан тамған генералдарынан қорғап қалуы. Ал өзім Қазақстанға Өзбекстаннан көшіп келгенмін. Турасын айтқанда, сол жақта орта мектепті бітіргеннен кейін Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтына оқуға түстім. Оқуды 1987 жылы бітіріп, еңбекке араластық. Арада екі жыл өткенде Талғат Үйсімбаев есімді қазақ азаматына тұрмысқа шығып, осында біржолата тұрақтап қалдым. Отағасы екеуміз екі қыз тәрбиелеп өсірдік. Біреуі дәрігер болса, екіншісі – инженер-құрылысшы. Оларға ана ретінде енемнен үйренген қазақтың бар салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын бойына дарыттым деп айта аламын. Олар қазақ тілінде таза сөйлеп, жаза да алады. Себебі, қаны, өскен ортасы – қазақ, – дейді Фарида Фаридқызы.
Мұндағы ұстаздардың 20 пайызы – өзге ұлттың өкілі. Соның бірі – өзбек этносының өкілі Закир Шарипов. Ол мектепті бітіргеннен кейін осы колледжге оқуға түсіп, кейін Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде білімін ұштаған. Осында жұмысқа орналасқанына 8 жыл болған. Қазір директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Одан сыр суыртпақтағанымызда былтыр ғана бас құрап, кәрістің қызын қалыңдық етіп алғанын айтты. Ал, анасы гректің қызы екен. Екі қыз, үш ұл тәрбиеленген өз отбасы күнделікті өзбектің салт-дәстүрін ұстанғанымен, қазақ тіліне де жетік.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ынтымақ кеткен жерден – ырыс, бірлік кеткен жерден – береке кетеді» деген қанатты сөзі бар. Қазақстанның мақсаты айқын, саяси жүйесі тұрақты, экономикалық әлеуеті мықты, бәсекеге қабілетті, халықаралық аренада беделінің зор болуы Президентіміздің сарабдал саясатының арқасы. Сіздер біздің мекемеге берекесі мол, ынтымағы жарасқан ұжым деп танып келіп отырсыздар. Ол үшін үлкен рақмет. Десе де, жекелеген адам, ұстаз немесе студент, жалпы ұжым атаулыдағы әріптестердің адамдық қасиетінің дамуы, қоғамға, мемлекет ұстанған саясатқа деген оңды көзқарасы айналасындағылармен жасаған тығыз қарым-қатынаспен тікелей байланысты. Мұны сөз етіп отырған себебім, біздің ұжым мүшелері тәуелсіз Қазақсанның бүгінгі буынын тәрбиелеуде аянып қалмай, өз елінің патриоты ретінде өсіруге күш салуда. Ниеті бір, мұраты биік ұжымда береке орнайтыны анық. Бұған бізде жұмыс істейтін өз пәнін терең меңгерген, сабақтан тыс уақыттарда оқушыларға жақсы қасиетімен таныла білген ұстаздар зор үлес қосуда. Одан бөлек, зерек те алғыр оқушылар мен қоғамдық өмірге бей-жай қарай алмайтын ата-аналардың ортақ мақсат жолындағы белсенділігі қуантады, – дейді Закир Бахтиярұлы.
Ағылшын тілінің мұғалімі, бірінші санатты ұстаз Екатерина Когай колледждің жастар ісі жөніндегі комитетінің төрайымы екен. Студенттердің тәлім-тәрбиесі мен қарым-қабілетін сөз еткен ол қазақ халқына тән әдет-ғұрыптың кейбірі кәріс ұлтында да кездесетінін айтады. Бізде келін келген жерінің жасы үлкендеріне сәлем салса, кәрістерде қарт кісіге иіліп, ілтипат білдіреді. Жалпы, үлкенді сыйлау, құрметтеу секілді ұқсастықтан бөлек, болашақ қалыңдық таңдауда оның тегіне мән беруі де дәстүр сабақтастығынан сыр аңғартқандай. Сондай-ақ кәрістер де бала бір жасқа толғанда тұсауын кеседі екен.
– Қазақстан көп ұлтты мемлекет болған­дықтан, біздің Конституциямызда кез келген өзге этнос өкілдерінің мәдениетін, әдет-ғұрпын, дәстүрін, тілін, ділін дамытуына, тең құқылы өмір сүруіне бар мүмкіндік жасалған. Соның арқасында елімізді мекендеген түрлі ұлттар мен ұлыстардың татулығы, бірлігі барынша нығая түсті. Жалпы, облыс бойынша 8771 кәріс болса, оның 7 315-і
Тараз қаласында. Бүгінде олар қазақтармен бірге тату-тәтті тұрмыс кешуде. Негізінен, қазақ еліндегі кез келген ұлттың осында келу тарихы бір-біріне өте ұқсас. Сол бір қилы заманда қол ұшын созған қазақ халқына алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді Екатерина Францқызы.
Қазақтың даласы қандай дархан болса, пейілі де сондай кең. Қазіргі заман гуманитарлық-техникалық колледжі ұжымында еңбек ететін өзге ұлт өкілдері де осындай пікірде. Бір шаңырақ астында жұдырықтай жұмылып, жүйелі жұмыс атқарып жатқан мамандардың бір-біріне деген көзқарасы, алға қойған мақсаты бірліктен, ынтымақтан ажырамай, татулық туы желбірей берсін деп тіледік.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.