Орталықтар олқылықтан көз ашпай тұр

0 6

Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызмет көрсету сапасына қатысты тұрғындар тарапынан айтылатын шағым аз емес. Бірінің құжатын реттеуде түрлі кедергіге тап болуы, тағы бірінің сандалумен күн өткізуі «Бір терезе» қағидаты енгізілген бүгінгі жүйеде әлі де кездесетіні жасырын емес. Жұртшылықтың халыққа қызмет көрсету орталықтарында ұзын сонар кезекте тұруы да түбегейлі жойылған жоқ.

Қоғам осындай мәселелерден басыбүтін арылып, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру үшін қайтпек керек? Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен халыққа қызмет көрсету ұйымдарының жұмысы қаралған кеңес отырысында осы мәселелер сөз болды.
– Әлеуметтік желіде халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысына қатысты айтылатын арыз-шағым көп. Өкінішке қарай, аталған мекемеде бюрократияға жол берілуі әлі жойылмай келеді. Келіп түскен сұрақтарға дер кезінде жауап берілмеуі бүгінгідей «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға талпынып жатқан қоғамда үлкен сын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасының бірі – халыққа қызмет көрсету ісін толығымен электрондық жүйеге көшіру. Қазіргі таңда халыққа қызмет көрсету орталықтарында 687 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, 95 пайызын жұртшылық электронды қызмет көрсету жүйесі арқылы алып отыр. Ал оның ішінде негізгісі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жүзеге асырылады. Біздің міндетіміз – көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасын арттыру, жетілдіру, әкімшілік кедергілерді жою, халықпен кері байланыс орнату ісін барынша қамтамасыз ету. Тұрғындар тарапынан түсетін арыз-шағымды азайтып, аталған саладағы жұмысты жандандыру, – деді Бердібек Машбекұлы.
Жиында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» акционерлік қоғамының облыс бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Зейнел-Нәби Сұлтанбаев облыстағы 16 фронт-офисте 336 маман қызмет істейтінін жеткізді. Ағымдағы жылдың алты айында 553 624 қызмет, оның ішінде 1595-і электронды негізде, ал өз-өзіне қызмет көрсету секторлары арқылы 546 537 қызмет көрсетіліпті.
– Филиалға қаңтар айының соңына таман Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық пен бизнес коммуникацияның тиімді жүйесін жолға қою жөніндегі тапсырмасына сәйкес, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына көшу туралы басқарма төрағасының бірінші орынбасарынан тапсырма түскен болатын. Осылайша «Нәтиже» пилоттық жобасын мемлекеттік корпорацияның фронт-офистерінің базасында іске асыру туралы шешім қабылданды. Аталған пилоттық жоба өңірде ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап жүргізіліп жатыр. Бекітілген оқыту кестесі бойынша барлығы 4 854 қызметкер оқытылды. Оқыту ісі «ZOOM» платформасы және және «WhatsAрр» мессенджері арқылы жүргізілді.
Осы жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау басқармасына барлығы 90 өтініш түссе, оның 47-сі алғыс, 43-і арыз-шағым. Тұрғындар арасында орталық қызметіне қатысты теріс пікірлердің пайда болуына ақпараттық жүйелердің істен шығуы, құжаттандыру бағыты бойынша мамандардың жетіспеушілігі, құжаттандыру желісі бойынша мемлекеттік қызметтерді алу үшін күту уақытының азаматтардың көп келуіне байланысты созылуы секілді жайттар себеп болды, – деген Зейнел-Нәби Сұлтанбаев салада атқарылған жұмыстарды егжей-тегжейлі баяндады.
Басқосу барысында Бердібек Машбекұлы кейбір аудандардағы халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандары тозығы жеткен немесе тар ғимаратта отырғанына назар аударды. Сонымен қатар орталыққа келушілер арақашықтықты сақтамайтынын, бетперде тақпайтынын фотоайғақ арқылы көрсетіп беріп, індет ушығып тұрған уақытта сақтық шараларын күшейтуді қатаң ескертті. Сондай-ақ облыс әкімі бір тұрғынды халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары 4 күн сандалтқанын сынға алды. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында облыстық полиция департаментінің көші-қон полициясы басқармасының мамандары жетіспейтінін, олардың жұмыс кестесі мен халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс кестесі сәйкес келмейтініне налыды. Бұл мәселені де ретке келтіруде облыстық полиция департаментіне арнайы тапсырма беруді меңзеді. Бұдан бөлек жауаптыларға «Е-gov mobile» мобильді қосымшасының жұмысын жетілдіру, жұрттың цифрлық қолтаңба алуын арттыру секілді тапсырмалар бере отырып, мемлекеттік көрсетілетін қызметке қатысты елдің арыз-шағымын азайтуда тізе қосып әрекет ету маңызды екенін баса айтты.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.