Театр және кино

Орыс драма театрының олжасы

Written by Aray2005

Жарты ғасырлық тарихы бар облыстық орыс драма театры кейінгі жылдары толайым табысымен талайдың таңдайын қақтырып жүр. Өнер ұжымының жуырда Македония Республикасының Велес қаласында дәстүрлі түрде өткізілетін «СТОБИ 2018» Халықаралық антика драма фестиваліне шақырту алуы да осы сөзіміздің бірден бір дәлелі. Айта кету керек, бұл байқауға қатысу үшін әлемнің түкпір-түкпіріндегі театрлар ең үздік қойылымдарын бейнетаспаға түсіріп, алдын ала жолдайды. Ондағы майталман мамандар барлығын мұқият қарап, озық деп танылғандарын іріктеп, фестивальға қатысуға шақырады. Сондықтан, мұндай байқауға қатысуға шақырту алғанның өзі бір жеңіс.

Ал, облыстық орыс драма театры аталмыш өнер додасына Эдвард Радзинскийдің «Нерон и я» қойылымымен қатысып қана қоймай, абыройымызды тағы бір мәрте асқақтатты. Қойылымда Сенеки бейнесін шебер сомдап, кейіпкерді нақты көрсете алған Бекназар Избасаров «Ер адам бейнесін үздік сомдағаны үшін» марапатына ие болды.
Мәдениет саласының үздігі Бекназар Избасаров бұл марапатын тынымсыз еңбектің, ұйқысыз түндердің нәтижесі деп бағалайды.
– Фестивальға қатысқан қойылымдар өткізілген жер гладиаторлар шайқасы мен цирк ойындарын тамашалауға арнап салынған. Ол амфитеатр көненің көзі, 2000 жыл бұрын қанқұйлы соғыс болған жер. Сондықтан да шығар, топырағын басқан сәтімізде ерекше әсер сыйлады. Ал, ашық аспан астында өнер көрсету әртісті тіптен бөлек сиқырымен шабыттандырады. Сахнасы қақ ортаға орналастырылып, жан-жағы мәрмәр тастармен сатылай жоғары көтерілген орындықтармен қоршалған. Біздің ұжым қойылым қоярда қараңғы түскендіктен, маңайымыздағы көрермендерге көзіміз жетпеді. Бірақ, өнерге құштар жұртшылықтың ықыласын жан жүрегімізбен сезіндік. Тура спектакль сахналанып жатқан сәтте жауынның да нөсерлете құймасы бар ма? Денемізге тиген жылы жаңбыр шабытымызды шалқытып, бойымызды сергітті ме, әйтеуір сөйлейтін сөздерім өздігінен ойыма тізбектеле орала берді. Ешбір саспастан, әлемнің театрсүйер қауымы назар тіккен сахнада тұрғаным да толқытпады. Өз рөліме барынша берілдім. Жаңбырды көктен құйған нұрға баладым, іштей бір құдіретті тылсымның барына мойынсұндым. Байқау қорытындысында арнайы статуэтканы сыйлап, марапаттағанда өнер деген құдіретке бас идім, – дейді жүлдегер Бекназар Тұрарұлы.
Он жетінші рет өткізілген бұл байқау – дүниежүзіндегі театрлардың ең мақтаулы қойылымдарын іріктеп қатыстыратындығымен ерекше. Сондықтан да, жоғары жауапкершілікпен дайындалған қойылымның әрбір кейіпкерін бейнелеген әртістер өз рөлдерін үлкен ізденіспен сомдауға тырысып баққан. Сондай зор үмітпен алып барған қойылымның идеясы – билік пен диктаторлық көрініс, саяси қастандықты әшкерелеу. Мұнда адам тағдырының трагедиялық тұстары да бар. Қойылымда Рим елінің билеушісі Нерон әміршісі туралы баяндала отырып, қазіргі заманауи өзгерістер де көрсетіледі.
Көп ішінен іріктелген аталмыш қойылымның қоюшы режиссері – Ш.Айтматов атындағы театр сыйлығының лауреаты Қуандық Қасымов, қоюшы-суретшісі – «Еңлікгүл» сыйлығының иегері, суретші, талантты сценограф Рахат Сапаралиева. Ал, басты рөлдердегі Неронды Данияр Кенжебеков, Венераны Елена Козаченко ойнап шықты. Эдвард Родзинскийдің пьесасының желісімен сахналанған «НЕРОН и Я» атты қойылымның премьералық көрсетілімі 2016 жылдың 4 қазанында өткізілген еді. Кейін 2017 жылы Сербия Республикасының Белград қаласында өткен «Славия –2017» атты XVI Халықаралық театр фестиваліне қатысып, бірінші орынды жеңіп алып, Дон Кихоттың алтын мүсінімен марапатталған.
Көптің көңілінен шыққан қойылымға көрсетілген қошеметті, актерге берілген марапатты өнерге деген сенім деп білетін орыс драма театры бұдан да биік белестерді бағындыратынына нық сенімді.

Қамар ҚАРАСАЕВА

ПІКІР