«Орыс театрын бөлек ғимаратқа көшіру әлі шешімін таппай отыр»

0 77

«Оқшау ой» айдарының бүгінгі қонағы – облыстық орыс драма театрының директоры, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Ақылдос Тәжиев.

– Ақылдос Тлеубайұлы, орыс театрын біраз жылдан бері басқарып келе жатырсыз. Шығармашылықта қандай жаңалық бар? Пандемия кезінде театр қалай жұмыс істеді? Ақпараттардан орыс театры тіл меңгеріп жатыр дегенді де көзіміз шалып қалған еді…
– Мен 2014 жылдың шілде айынан бастап, биыл жетінші жыл осы орыс театрын басқарып келе жатырмын. Шығармашылықта қашанда жаңалық жасауға тырысамыз ғой. Соңғы 4-5 жылдың ішінде сырттан жақсы-жақсы режиссерлер мен қоюшы-суретшілерді шақырып отыруды дәстүрге айналдырып келеміз. Осы тұста жалпы «Сырттан режиссерді шақырту қажет пе, жергілікті режиссерлер көп емес пе?» деген сұрақ қойылуы мүмкін, соған жауап бере кетейін. Режиссерді біз театрға жаңалық енгізу үшін, бүгінгі қоғамның, заманның талабына ілесіп отыру үшін арнайы шақырып отырамыз. Режиссер шақырудың негізгі мақсаты – ол тәжірибе алмасу. Өзіміздің де жергілікті режиссерлеріміз бар. Әлбетте, олармен бірлескен жұмыс жүргізіледі. Ол режиссерлер бұл театрдағы актерлердің деңгейін жақсы біледі. Ал егер біз сырттан режиссер шақырсақ, ол сырттан жаңа леп әкеледі. Екіншіден, кез келген режиссердің өзіндік көзқарасы, қолтаңбасы бар. Үшіншіден, актерлерімізге шеберлігін басқа қырынан шыңдауға үлкен мүмкіндік. Ол өздігінше қойылым қойып, тек қаламақысын алып қана қоймай, әр образды қалай зерттеу керектігін үйретіп кетеді. Әр қойылымның режиссер көзқарасымен ашылатын қыры болады. Сондықтан тәжірибе алмасу, шығармашылығымызды шыңдау, репертуарымызды жаңа қырынан толықтыру мақсатында сырттан дәстүрлі түрде режиссер шақырып отырудан қашпаймыз.
Әрине, шама келгенше тәжірибелі режиссерлерді тартуға тырысамыз. Көршілес қырғыз, өзбек елінен де маман шақырып отырамыз. Қырғызстан Республикасынан Нұрлан Әбдіқадіров арнайы келіп, Шыңғыс Айтматовтың «Мать Найман» деген шығармасын сахналады. Біз оны Бішкекте өткен Ш.Айтматовтың 90 жылдығына арналған халықаралық театр фестиваліне апарып, «Ең үздік режиссерлік шешім» деген номинацияны алып қайттық. Ал Қырғызстаннан келген талантты режиссер Нұрлан Асанбеков екі шығарма сахналап кетті. Одан кейін Өзбекстаннан Сейфутдин Мелеев деген жас талантты режиссерді шақыртып, «Сеньерита Рита» деген қойылым қойдырдық. Соңғы 3-4 жылдың бедерінде елімізге белгілі жамбылдық режиссеріміз Қуандық Қасымов бірнеше қойылым қойды. Сондай-ақ Қуандық Құлмамырұлының «Нирон и я» деген қойылымымен 2017 жылы Сербияға, 2018 жылы Македонияға барып, халықаралық театр фестивальдеріне қатысып қайттық. Македониядағы фестивальде ҚР Мәдениет саласының үздігі, режиссер Бекназар Ізбасаров «Нирон и я» қойылымындағы Сэнека ролін сомдағаны үшін «Ең үздік ерлер образы» номинациясын алып қайтты. Сонымен қатар біз Қуандық ағаның жақсы бір қойылымымен 2018 жылы Астанада өткен «Сахнадан сәлем» атты халықаралық театр фестиваліне бардық. Жалпы айтқанда, театрда жетістік жоқ емес, бар. Халықаралық, республикааралық театр фестивальдеріне дәстүрлі түрде қатысып тұрамыз. Театрымызға сырттан келгендердің біздің шығармашылық ұжымға жаңа леп беріп жатқанын осыдан-ақ көруге болады. Күні кеше ғана жаңа премьера өтті. «Четыре жениха Диляфруза» атты комедияны режиссері Бекназар Ізбасаров қойды. Яғни биылғы жылды тұсаукесер туындымен бастадық. Енді Алла қаласа, кезекті жаңа қойылымымыз дайындалып жатыр. Көкшетау облыстық драма театрында режиссер болып істеген, білікті режиссер Фархат Канафин мен алматылық қоюшы-суретші Айдана Бисембаева француз жазушысы әрі драматургі Флориан Зеллердің «ПАПА» атты пьесасының желісі бойынша әзірленген «ПАПА» драмасын сахналауға біздің шақыртуымызбен келіп отыр.
Пандемияның кезінде, яғни былтырғы наурыздың 16-сы мен қазан айының 1-і аралығында театр қашықтан жұмыс істеп, қойылымдар тоқтатылды. Тек қазан айында алғашында 50 көрерменмен, әрине, карантин талаптарын сақтай отырып қойылым қоюға рұқсат берілді. Бүгінде 100 адамнан асырмай, санитарлық талаптарды мұқият орындап, қойылым қойып жатырмыз.
Карантин кезінде біздің театр онлайн форматқа көшті. Ол уақытта біз әлеуметтік желіні барынша пайдаландық. «YouTube» видеохостингінде арнамызды, «Instagram», «Facebook», «ВКонтакте» әлеуметтік желілерінде парақшаларымызды ашып, сонда спектакльдерді жүктеп отырдық. Сондай-ақ «Театр және уақыт ширегі» тақырыбында ашылған айдарымызда әлемге танымал және жергілікті драматург, ақын-жазушылардың туындыларынан үзінді, монолог, өлең-жырларының бейнематериалын әлеуметтік желіде жарияладық. Жеңістің 75 жылдығы аясында «Герои былых времен» тақырыбында майданға арналған монолог, өлең-жырларды оқып, майдан әндері айтылды. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ақынның қара сөздерін театр артистері оқып, бейнебаян ретінде ол да әлеуметтік желіге жүктеліп отырды. Парақшаларымызда театр артистерінің өмір жолын, шығармашылық өрлеуін, мәдениеттегі барлық жаңалықтарды баяндайтын «Театр и люди» айдары ашылып, көрерменге «Артисты дома!» тақырыбында карантин кезіндегі артистер мен театр қызметкерлері тыныс-тіршілігінің бейнебаяны ұсынылды. Сонымен бірге онлайн қойылымды да үздіксіз көрсетіп отырдық.
Одан бөлек карантиндегі бос уақытты тіл меңгеруге пайдалануды жөн санап, дереу қолға алдық. Айталық, осы ұжымның өз шешім, ұсынысымен біз тіл басқармасының тіл оқыту орталығымен келісе отырып, аптасына 2-3 рет қазақ тілі мен ағылшын тілін оқыту курсын бастадық. Қазақ тілін меңгеруге ниетті ұжымдағы 12-13 адам бір топта оқып жатыр. Карантин кезінде Мәскеудегі мемлекеттік театр және өнер институтының ректорымен келісімшарт жасап, онлайн арқылы 20-ға жуық актерімізді қашықтан біліктілікті арттыру курсы бойынша оқытып алдық. Қазір барлығы сертификаттарын алды. Бұл да біз үшін үлкен жетістік.
– Кеңес дәуіріндегі жазушы, драматург, режиссерлердің естеліктерінен өз шығармаларына кейіпкер іздеп, шалғай ауылдарға баратынын оқимыз. Сізге де осындай ізденістермен сырттан келіп тұратын таныс әріптестеріңіз бар ма? Әлде бұл бүгінгі уақыт талабына келіңкіремейтін ескірген үрдіс пе? Қазіргі жас режиссерлер қаһармандарын қалай тауып жүр?
– Бізде мұндай ізденістермен кино түсіретін, «Қазақфильм» секілді киностудия режиссерлері айналысады. Ал енді театрда, театр режиссерлерінде ондай ізденіс, ондай үрдіс бар деп айта алмаймын. Біздің театрға жеке киностудиялардан кейіпкер іздеп, кастинг ұйымдастырып келетіндер бар. Біздің кей артистеріміз үлкен, қысқаметражды фильмдерде, жарнамаларда бақтарын сынап жүр. Киноға актерді театрдан алған тиімдірек, өйткені олардың кәсіби шеберлігі бар, олармен жұмыс істеу жеңілірек.
– Ақылдос Тлеубайұлы, әріптестерімнен естіген едім, бірде қазақ театрының бір басшысы «Ауылды қоспағанда Таразда тұратын қазақтар саны басқа ұлттардан көп болса да, көрермендеріміз неге орыс театрынан аз» деген мәселені талқылапты. Сонда бір қызметкер: «Себебі орыстар біз секілді сенбі сайын тойға бармайды», деген екен. Сіз бұған не дейсіз?
– Мен қазір орыс театрының көрермені қазақ театрынан көп деп айтсам ұят шығар. Әрі мұндай салыстырмалы пікірді сырт көздің білдіргені дұрысырақ болар еді. Себебі біз бір жерде, ортақ сарайда отырмыз. Біз әріптес адамбыз, мен олай айта алмайды екенмін.
– Осы тұста көңілге қарап, қазақбайшылыққа салынып кеткен жоқсыз ба?…
– Әрине жоқ, дегенмен театрым туралы айтайын. Рас, бізде өз тұрақты көрерменіміз бар. Мен қызмет еткен 7 жылдың ішінде тек өткен жылы ғана пандемияға байланысты көрерменді көп қамти алмадық және жылдық жоспарды орындай алмадық. Ал бұған дейін 6 жылда біз жылдық жоспарды асыра орындап келдік. Көрерменге қызмет ету жұмысы 100 пайыздан асып отырды. Жаңа қойылым қою 100 пайыз және басқарманың бекіткен жоспары да асыра орындалып отырды. Орыс театрына тек орыстар немесе орыстілді көрермен ғана келеді деген сөз – жалған. Орыс театрына қазақтар да, өзге ұлт өкілдері де келеді. Ең бастысы, қоғамда театр сүйетін көрермен бар. Күні бүгінге дейін көрерменнің жоқтығынан қойылымдарымыз кейінге қалдырылған емес. Яғни бұл – көрерменнің өнерге деген көзқарасы деп білемін.
Мәселе айналып менталитетке келеді. Мысалы, кейде сенбі-жексенбі күндері жатып демалайын десең, үйдегі бала-шағаңыз, мейлі туысыңыздың балалары болсын үйге кіріп-шығып мазаны алады. Сосын қолына тиын-тебен беріп, «Дүкенге барып анау-мынауыңды сатып ал, сосын мазамды алма» деп сыртқа қуып жіберетініміз жасырын емес қой. Ал орыс ағайындарда керісінше, немерелеріне қосылып атасы мен апасы театрға келіп, қойылымды бірге тамашалайды. Бір баласы үшін әкесі мен шешесі де билет сатып алып, балаларымен қосылып көреді. Олар спектакльге емес, бар назарын балаларға арнап отырады. Баласы сол ертегіні түсінді ме, содан ләззат алды ма, шыққан соң бәрін сұрайды. Міне, тәрбие қай жақтан басталады. Бізде қазақта «Тәрбие – тал бесіктен» деген сөз бар. Ал біз не істейміз, әйеліміз: «Мына балалар үйде зерігіп кетті, сыртқа шығару керек еді», десе ғана қолдарына сусыны мен тәттісін алып беріп батутқа немесе ойнайтын жерге кіргізіп жібереміз де әбден секіртіп, сілесін қатырып әкелеміз үйге. Не музейге апармаймыз. Өзімізге ауыр тисе де, мұны біз мойындауымыз керек. Яғни, ертеңгі көрерменді бүгін тәрбиелегеніміз жөн.
Десе де соңғы кезде кейбір қазақ ата-аналар да сенбі-жексенбі күндері балаларын театрға әкеліп жүргенін байқап қаламын. Облыстық драма театры – жасөспірімдер немесе балалар театры емес, драмалық театр. Біздің облыста балалар театры болмағандықтан, ара-арасында балаларға арналған қойылымдарды да сахнаға шығарып тұрамыз.
– Қазір жаңадан кітап, фильм шығып жатса, жастар бір-бірінен сұрап, іздеп оқып, бірге кино көреді. Бірақ ешбірі «Театрда мынадай қойылым болып жатыр екен» деген сөзді бір-біріне хабарлап, бірге барып жатқанын байқамаймыз…
– Бәлкім, сіздер біздің парақшаларымызға тіркел­ме­ген­діктен біздің жарнамамыз көрінбейтін шығар. Жаңа заман талабына сай, бізде жарнама жұмысының барлығы онлайн форматта жүріп жатыр. Мысалы, онлайн форматта жұмыс істеген жұмыстардың қорытындысы бойынша өткен жылдың соңына дейін 1 жыл ішінде 5 миллион
көрсетілім жинаппыз. Бұл тарихта болмаған жағдай. Сол себепті енді орыс театры жайлы жарнама жоқ деп айтуға келмейді. Соның ішінде спектакльдің көрсетілімі бойынша 1 миллион 260 мың адам 27 қойылым көрген. Абайдың қара сөздерін 1 миллион 350 мың адам, Жеңістің 75 жылдығына түсірген 10 бейнероликті 680 мың көрермен тамашалапты. Әлеуметтік роликтерімізді, оның ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бар, нашақорлық, гендерлік саясат, жастар қылмысы секілді роликтерді
1 миллион адам тамашалапты. Қазір бұрынғыдай көшеге афиша ілу жоқ. Барлығы онлайн форматта жүреді. Бұрынғыдай мектеп аралап билет сатпаймыз. Билетке алдын ала тапсырыс жасап, төлемін банк шоты арқылы аударып қояды.
Бірақ карантиннің арқасында көп адам сабақ алды. Театрға ешқашан келмейтін адамдар келетін болды. Театр билеті жүгіріп жүріп сатылатын. Қазір керісінше билет жетпей қалып жатыр.
– Қазақ театрымен бір шаңырақтың астында жұмыс істеп жатырсыздар. Сахна да ортақ. Ал басқа аймақтағы орыс театрларының жағдайы қалай? Бір кездері орыс театрының бөлек ғимаратқа көшетіндігі жөнінде сыбыс естіген едік…
– Қазақ театры мен орыс театрының бір шаңырақтың астында келе жатқанына 54 жыл болыпты. 1967 жылы орыс театры құрылды. Содан бері қазақ театрымен бірге тығыз қарым-қатынаста. Басқа облысты айтсақ, біз секілді Ақтөбеде ғана қазақ театры мен орыс театры бір ғимаратта отыр. Мәселе екі театр бір ғимаратта сиыспайды дегенде емес, әрине, ынтымағымыз жарасқан, сыйластығымызға сызат түспеген. Бірақ бір ғимаратта екі театрдың шығармашылық тұрғыдан жұмыс істеуі қиын. Өйткені қазір бір апта қазақ театры, бір апта орыс театры жұмыс істейді. Бір шығарманы дайындау үшін 1 ай тер төгу керек. Тынымсыз еңбек қажет. Күнделікті дайындық жұмыстары керек. Ал сахнада 1 апта пісіріп келесің де, келесі аптада сахна қазақ театрына өткенде біздің кезек жеткенше актерлер суып қалады. Қойылым да солай. Егер өзіміздің дербес ғимаратымыз болғанда көрермен де көбірек келер ме еді. Қойылымды да көп қоюға мүмкіндік болар ма еді дейсің кейде. Кабинеттеріміз, қоймаларымыз бөлек болғанымен, сахнада жұмыс істеуге келгенде орын жетіңкіремей қалады. Сахна тапшылығы қатты сезіледі. Бірнеше жылдан бері орыс театрына жеке ғимарат беру мәселесі көтеріліп келе жатқаны рас. Бірақ әлі күнге шешімін таппады. Ол ұсыныс басқарма тарапынан облыс әкімдігіне ұсынылған. Мәселе өткен жылдың желтоқсан айындағы облыстық мәслихаттың сессиясында қаралды. Енді мәслихаттың шешімін, орындалуын күтіп отырмыз. Әкімдік тарапынан ғимарат қарастырыңдар, көрейік деген тапсырма болды. Теміржол вокзалы маңындағы бұрынғы Түрксіб мәдениет үйін қарадық. Бірақ ол оңтайландыру саясаты кезінде жекеменшікке өтіп кетіп, кейін одан тойхана жасаған. Сахнасын, кіші залдарын, еденін бұзып, мейрамханаға сай өзгерткен, типтік жобасын құртқан. Одан кейін бұрынғы «Евразия» кинотеатрын да көрдік. Ол ғимаратты да қайта жөндеп, ыңғайластыруға болады. Яғни қаладағы орыс театрына келеді-ау деген ғимарат сол деп ойлаймын. Көрерменге қолжетімді, ғимараты да жайлы.
– Актерлердің жалақысы аз дегенді көп естиміз. Осы жөнінде не айтасыз?
– Актерлердің жалақысы деген мәселе айтылды, айтылып келеді. Дегенмен жаман емес, жылдан-жылға өсуде. 2020 жылы Үкіметтің қаулысымен дәл осы өнер саласында айлық жалақы 35 пайызға көтерілді.
– Жылына неше қойылым қоясыздар?
– Бүгінгі таңда театр репертуарында 46 қойылым бар, оның ішінде 13 қойылым балаларға арналған ертегілер. Екеуі театрландырылған көрініс. 2020 жылы 9 жаңа қойылым, 2 театрландырылған көрініс сахналанды.
– Қойылым көрермен арқылы шығынын өтей ала ма?
– Жалпы қойылым көрермен арқылы шығынын өтей алмайды. Қойылымның екі түрі бар. Театрландырылған мезгілдік қойылымдар шығынын өтейді. Ал енді стационарлық қойылымдар шығынын бір мезгілде өтей алмайды. Сондықтан театрдың репертуарында 5-6 жыл немесе 10 жыл жүретін кейбір қойылымдар бар, бірақ олар шығынын әсте-әсте өтейді. Бір жағынан халықтың әл-ауқатына да қараймыз. Егер театрдың билеті 3-5 мың теңгеден басталса, мүмкін шығын өтелер ме еді. Бізде балаларға арналған қойылымның билеті небәрі 500 теңге ғана. Ал бір қойылымды шығару үшін қомақты қаражат кетеді. Сондықтан қойылым арқылы кеткен шығынды қайтару үшін біраз уақыт керек.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айжан ӨЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.