Отан үшін от кешкен ұстаздар

0 7

Адамзат тарихына қанмен жазылған Ұлы Отан соғысы талай шаңырақты шайқап, орны толмас қайғы әкелді. Қаншама боздақ қыршынынан қиылып, Отанның бақыты жолында шейіт болды. Жар қызығынан ерте айырылып, аңыраған ана, боздаған бала, қаңыраған шаңырақ сол күндердің елесін көз алдымызға еріксіз әкеледі. 1418 күнге созылған қасіретті кезең адамның тәнін ғана емес, жан-дүниесін, болмысын, ерік-жігерін, құндылығын, асыл қасиеттерін езіп, жаншыды.

Сұрапыл соғыста қазақ жауынгерлерінің де алар орны ерекше. КСРО-да жүргізілген 1939 жылғы халық санағы бойынша Қазақстанда 6,2 миллион адам тұрған. Соғыс жылдары кеңес әскері қатарына 1 миллион 200 мың қазақстандық шақырылса, оның 602 мыңы туған жерге оралмады. 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры, 100-ден астамы «Даңқ» орденінің иегері атанды. 4 бірдей ұшқышымыз Кеңес Одағының Батыры атағына екі мәрте лайық деп танылды. Еліміздің жауынгерлері соғыста жанқиярлық ерліктің үлгісін көрсетті. Олардың қатарында жамбылдықтар да бар. Беріге дейін Ұлы Отан соғысына қатысқан жамбылдықтардың саны 68 мыңдай болса, мұрағат материалдары қайта зерделеніп, бүгінде олардың саны 106 мыңға жетіп отыр. Оның ішінде Жамбыл жерінде туып-өскен 20 жерлесіміз және соғыстан кейін қызмет бабымен өңірімізге келген, осы жерден мәңгі сая тапқан 19 адам майдан даласында Кеңес Одағының Батыры деген мәртебелі атаққа ие болған. Сондай-ақ 9 жауынгеріміз «Даңқ» орденінің толық кавалері атанды.
Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 75 жыл толды. Жеңіс күнін жақындату жолында әрбір сала өкілінің еткен еңбегі ұшан-теңіз. Бұл абыройлы міндеттен ұстаздар қауымы да сырт қалған жоқ. «Қазақстандықтар-Кеңес Одағының Батырлары» атты антологияда білім саласының 20 қызметкер батыр атағын иеленгені айтылады. Сонымен қатар 2 ұстаз «Даңқ» орденінің толық кавалері атанған. Бұл тұрғыда жамбылдық ұстаздардың да қосқан үлесі қомақты. Даңқты қолбасшы, ұлт мақтанышы Бауыржан Момышұлы Шымкенттегі 7 жылдық мектеп-интернатты бітірген соң біраз уақыт мұғалім болып жұмыс істегенін бірі білсе, бірі білмес. Ғұмырының бір бөлігін мұғалімдікке арнаған қаһарман жерлесімізді майдангер ұстаздардың тізіміне қосуға болады деп санаймын. «Ұмытылған қаһармандар» жинағында Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып, алайда ол атақ берілмеген 8 жамбылдықтың есім аталады. Солардың бірі – Шахан Әлішев. Ол 1913 жылы Шу ауданы Шоқпар ауылында дүниеге келген. 16 жасында мұғалімдік курсты бітіріп, еңбек жолын 1929 жылы «Кеңес» селолық советінде сауатсыздықты жою мектебінде мұғалім болып бастаған. Бұдан соң «Ақтасты» төрт жылдық мектебінде, Мерецкий орталық мектебінде ұстаздық етеді. 1939 жылы әскер қатарына алынып, соғысқа аттанады. Майдан даласында Украинаны, Балтық жағалауы елдерін азат етуге қатысып, соғысты Берлиннің түбінде аяқтайды. Отан қорғаудағы жанқиярлық ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», «Қызыл Ту», ІІІ-дәрежелі «Даңқ», I, II-дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. Майданнан оралған соң оқу-ағарту бағытындағы жұмыстарын жалғастырды. Ұстаздық қызметі «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері», «Тыңды игергені үшін» медальдарымен және Құрмет грамоталарымен айшықталды. Оқу-тәрбие саласындағы адал да қажырлы еңбегі, биік парасаты, шынайы адамгершілігінің арқасында есімі білім беру ісінің тарихына алтын әріппен жазылып, жарқын бейнесі ел есінде қалды.
Жеңіс туын желбіреткен жалынды ұстаздардың сапында Жамбыл ауданының тумасы Әсет Кемпіреков те бар. 1942 жылы соғысқа аттанып, көптеген ұрысқа қатысты. Бұл жөнінде майдангер өз естелігінде былай дейді: «1945 жылы 26 сәуірден бастап, Берлин қаласына жақындап, Рейхстагқа шабуыл жасадық.
Бұл жерде күні-түні соғысуға тура келді. Нағыз қырғын осы жерде болды, жоғарғы жақтан ретімен нөмірленген тоғыз Жеңіс жалауы белгіленді. Мен өз взводымен 5-ші жалауды ұстаған М.Егоров пен М.Кантарияның Рейхстагқа аман жету үшін жолын тазалауға бұйрық алдым. Жоғарғы жақтан шабуыл белгісін күтіп, белгі берілген соң, жау бекінісін нысанаға алып, біздің артиллерия оқ жаудырды. Сосын екінші батальон жауға қарсы шықты. Фашистер де аянбай қарсыласты. Біздің батальон көпірден өту арқылы қоймалар мен теміржолды басып алды».
Ұстаздық жолында да аянбай тер төгіп, ол еңбегі ескерусіз қалған жоқ. «Құрмет» ордені мен «Қазақ КСР-і ағарту ісінің озаты», «Республиканың еңбек сіңірген мұғалімі» сынды төсбелгілерді кеудесіне қадауы – сол сөзіміздің айғағы.
Әрине, бұл тізім мұнымен шектелмейді. Себебі, облыстық педагогикалық «Білім шырағы» газеті редакциясының тарапынан жинақталған облыс педагогтарының антологиясына да бірқатар майдангер ұстаздардың есімі енді. Соғыс кезіндегі қиян-кескі шайқастарға қатысқан таластық Жар Аухауов, Әлкен Жылқыайдаров, Еркінбек Түменбайұлы, Мыңатай Қыстаубаев, меркілік Асхат Этезов, Дон, Днепр түбіндегі ұрыста көзге түскен қордайлық Орынбай Төстікбаев, Керімқұл Қосақов сынды ұстаздар жетерлік. Бұлардан өзге қан майданда жаумен арпалысып, бастарын қатерге тіккен мойынқұмдық ардагерлер Сағаш Әбдіров, Шәкір Мерекенов, Салмарбек Мейірқұлов, байзақтық Әбен Сұлтанбеков, тараздық Ермек Дүрімбетов пен Борис Юрченколар да қандай құрметке болса да лайық. Осы тұрғыда Жуалы ауданының тумалары Райыс Дүйсебаев пен Әубәкір Төлегеновті, сарысулық Донда Сенбин, Ілияс Байдәулетов, Әбдіғазы Жылқыайдаровты атап өтпесе болмас. Шу ауданында майданға аттанған ұстаздар қарасы қалың. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай құрастырылған «Ұлағат иірімдері» атты жинақта Отан үшін от кешіп кеудесін оққа тосқан 20-ға жуық білім саласы қызметкерінің ғұмыр жолы баяндалған. Олардың арасында жоғарыда сөз еткен Шахан Әлішевпен қатар Сәрсенбек Нұрбеков, Сәдуақас Қомаев, Әшірқұл Тілеужанов, Әшірбек Нарбаев та бар. Біразының есімі «Білімнің жаққан шырағын» атты облыс педагогтарының антологиясына да енді.
Біз есімдерін ауызға алып отырған тұлғалар белуардан қан кешкен ұстаздардың бір парасы ғана. Әлі де біз білмейтін, зерттелмеген жауынгер мұғалімдердің болуы да бек мүмкін.
Білім саласының қанша қызметкері майдан даласына аттанғаны жайлы нақты деректерді кездестіре алмадық. Дегенмен қолымыздағы бар мәліметтердің өзі Ұлы Жеңіс атты шырайлы көктемнің жетуіне педагогтардың қосқан үлесінің сүбелі екенін аңғартуда. Бейбіт күнде де, майдан шебінде де ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, жас ұрпаққа сөзімен де, ісімен де өнеге бола білген жаужүрек ұстаздарымыздың есімі ешқашан ұмытылмақ емес.

Райхан Бостанова,
облыстық педагогикалық «Білім шырағы» газетінің бас редакторы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.