Қоғам

Отан үшін отқа түскен майдангерлерге мың алғыс!

Written by Aray2005

Мереке қарсаңында облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов Ұлы Отан соғысының ардагері Әшірбек Сәрсенбиевтің шаңырағына арнайы барып, Жеңістің 74 жылдығымен құттықтады.
Мәслихат хатшысы ардагерге аймақ басшысының алғысын жеткізіп, майдангерге бағалы сыйлықтар табыстады.

Әшірбек ақсақал Байзақ ауданы, Қарасу ауылында дүниеге келген. Соғыс басталғанда Өзбекстанның Ферғана қаласында 3 айлық командирлер дайындайтын курстан өтіп, 1942 жылы әскер қатарына шақырылған. Майданда 124-атқыштар полкі қатарында болып, Украинаны азат етуде және Берлинге шабуыл жасауда да белсенділік танытқан. Ал Жеңісті 1945 жылы Берлинде қарсы алып, соғыстан кейін 2 жыл елді фашистерден тазарту армиясы қатарында қалған.
Елге келген соң 27 жыл бойы ауылдық кеңесте хатшы болып қызмет атқарып, сол жерден құрметті зейнетке шығыпты.
Бағлан Жиенәліұлының арнайы келіп құттықтағанына риза болған ардагер ақ батасын беріп, елімізге ашық аспан мен бейбіт заман тіледі.

* * *
Облыс әкімінің бірінші орын­ба­сары Бекболат Орынбеков Ұлы Отан соғысының ардагері, Тараз қаласының 93 жастағы тұрғыны Мұхан Бужуковтың отбасында болып, қарияны Жеңіс күні мере­ке­сі­мен құттықтап гүл шоқтарын ұсынды. Сондай-ақ облыс әкімінің сәлемін жеткізіп, мерекелік тарту ретінде тоңазытқыш сыйлады.
– Жылда Жеңіс күні мерекесіне аман-есен жете беріңіз. Сіздер көрген қиындықты, отты жылдарды бүгінгі ұрпақ көрмесін. Соғыстан кейін де бейбіт күннің еңбек май­да­нын­да ұзақ жылдар сот саласына тер төктіңіз. Ұрпақ өрбітіп, бүгінде немере-шөберенің қызығын көріп жатыр екенсіз. Алла осы нығме­ті­ңізді, қуанышыңызды көп көр­ме­сін! – деп Б.Орынбеков қарт майдангерге ізгі тілегін білдірді.
Өз кезегінде майдангер елімізге амандық, облысымыздың көркейіп, тұрғындарының бейбіт те бақуатты тірлік кешуін тілеп, арнайы келген меймандарға ақ батасын берді.

* * *
Кеше облыс әкімінің орын­ба­сары Еркебұлан Дауылбаев 98 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Мұсахан Бердібайұлының шаңырағына арнайы ат басын бұрып, байтақ даланы жаудан азат етіп, бейбітшілік орнату жолында ерлік көрсеткен, соғыстан кейінгі жылдары ұрпақ тәрбиелеу ісіне ілкімді із қалдырған батыр ұстазды мерекесімен құттықтады.
Тірлігі тың қария әлі күнге кітап парақтап, естеліктер мен өлеңдер жазып, ұрпағына ұлағатты тәрбие нұрын төгіп, елдің амандығын тілеп отыр.
– Әскердің шынықтырғаны ма, жағдайым тәуір. Жылда Алматы­дағы әскери госпитальға демалып қайтамын. Жалпы, Құдайға шүкір, ауруханада көп жатқан емеспін. Жуырда облыс әкімі келіп, әңгіме­лесіп, халімді сұрап, аймаққа сіңір­ген еңбегім үшін медаль беріп кетті. Соғысты қосқанда 52 жыл еңбек етіппін. Еленгеніне рақмет. Тіршілік­те­рі­ңізге Құдай қуат берсін. Көп жасаңдар! – деп қазыналы қарт келген қонақтарға өнегелі бата берді.

* * *
Жеңіс мерекесі қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова Ұлы Отан соғысының ардагері Анна Беляеваны құттықтап барып, сый-сияпат жасады. 17 жасқа толар-толмастан майданға аттанған ол әскери-санитарлық бөлім құрамында Жеңісті Берлин қаласында қарсы алған екен.
– Орта мектепті Тараз қаласында тәмамдаған соң медициналық училищенің жедел дайындық курсынан өтіп, 253 әскери-санитарлық бөлім құрамында майданға аттандым. Соғыс даласында
2 жыл 8 ай бойы жара­ланғандарға көмек қолын создық. Қиян-кескі ұрыстардан соң әр жерде түрлі жарақат алған жауынгерлердің жәрдем сұраған аянышты үні естілетін. Қарап тұруға уақыт тапшы. Қолдан келгенше алғашқы медициналық көмекті көрсетеміз.
Ал Жеңіс күнін танкистер құрамында қарсы алдық. Ол кезде біз Берлин қаласының маңында болдық. Әрине, сол сәттегі қуанышты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, – дейді А.Беляева.
Соғыстан кейін майдангер сауда саласында, Жамбыл тері өңдеу комбинатында еңбек етіп, зейнетке шыққан. Мәскеуден Берлинге дейінгі майдан даласын жүріп өткен кейуана бүгінде Тараз қаласында немересімен тұрып жатыр.
Мереке алдында Анна Беляева­ны құттықтауға арнайы ат басын бұрған Сұлушаш Сәтбекқызы ала­пат соғыста Отан үшін басын бәйге­ге тіккен ардагердің деніне саулық тілеп, бүгінгі ұрпақтың қарт жауын­гер­лердің осынау ерлігін ешқашан ұмыт қалдырмайтынын жеткізді.

* * *
Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев Ұлы Отан соғысының ардагері Бердалы Қарымсақовтың үйіне барып, мерекесімен құттықтап шықты. Аймақ басшысының майдангерге деген ізгі ниеті мен ыстық ықыласын жеткізген Мұратхан Жүнісәліұлы мерекелік сый-сыяпат та жасады.
Бердалы Қарымсақов Талас ауданы, бұрынғы Ынтымақ ауылында дүниеге келген. 1942 жылы Жамбыл қалалық әскери комиссариаты арқылы әскерге алынған. Георгий Жуков басқарған дивизияның 250-запас полкында соғысқан. Ленинградты қорғау ұрысына қатысып, майдан жолымен Берлинге дейін жеткен. Ерлігі үшін
ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.
Соғыстан кейін 8 қыз, 3 ұл өсіріп, бүгінде 36 немере мен 10 шөберенің қызығын қызықтап отыр.

* * *
Келесі кезекте аймақ бас­шы­сының орынбасары Нұржан Календеров соғыс ардагері Махмуд Бейсенбаевтың шаңырағына ба­рып,
облыс әкімі Асқар Мырзахметов­тің сыйлығын табыс етті.
Бүгінде 96 жасқа келген Махмуд ақсақал әлі тың. Шаңырағына құттықтап келген Нұржан Сәбитұлын өзі қарсы алды. Қал-жағдай сұрасқаннан кейін облыс әкімінің орынбасарынан өңірде атқарылып жатқан шаруалардан да құлағдар болды. Сөз арасында Н.Календеров ақсақалға ақжарма тілегін білдіріп, деніне саулық тіледі. Өз кезегінде ардагер мәртебелі мейманға алғыс айтып, ақ батасын берді.
– Соғысқа 17 жасымда аттан­дым. Ал оған дейін суретші маман­дығы бойынша білім алып жатқан едім. Бірақ аталған маман­дық бойын­ша небәрі 6 айлық қана білім алып үлгердім. Майдан даласында жүріп, 3 рет жаралансам да көрер жарығым бар екен, аман орал­дым. Елге келгеннен кейін облыстық мәдениет бөлімі арқылы мамандығымды жалғастырып, жұмысқа орналастым. Осылайша қалалық саябақта зейнеткерлікке дейін қызмет еттім. Бүгін елеп-ескеріп келген облыс басшылығына алғысым шексіз. Аман болыңдар! – деді ардагер.

«ARAI»-дың тілшілер тобы

ПІКІР