Жастар.kz

Отан қорғау – азаматтың борышы

Written by Aray2005

Тараз қаласындағы «Жастар» аллеясында облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы мен облыстық қорғаныс істер жөніндегі департаментінің мұрындық болуымен «Мен Отанды қорғауға дайынмын» атты патриоттық акциясы ұйымдастырылды. Акция барысында 45 жас салтанатты түрде мерзімді әскери борышын өтеуге аттанды.

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің сапын толықтыруға ниет еткен жастардың алдында облыс әкімдігі жастар саясаты мәселесі басқармасының басшысы Мәди Мәтен, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери басқармасының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Ермиян Биятов, «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры Әбдіғаппар Қазиев, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының облыс бойынша төрағасы Дулат Әбдісамат сөз сөйлеп, олардың тәуелсіздік пен тұрақтылықты сақтау қызметіндегі жауапты міндеттерін абыроймен атқаруға тілектес екендіктерін жеткізді. Ал облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орын­басары – жасақтау басқармасының бас­тығы Ғалмат Даминов күні бүгінге дейін 870 жамбылдық жастың әскери борышын өтеуге аттанғанын айтады.
– Көктемгі әскерге шақыру науқа­нында облыстан 1 500 жасты әскер қатарына аттандыру жоспарланған. Тиісті тексерулерден мүдірмей өткен олардың алғашқы шоғыры Мемлекеттік күзет қызметі, Ұлттық қауіпсіздік Комитетінің Шекара Қызметі сынды құрамалардың сапын толықтырды. Ал бүгін біз 45 жасты Нұр-Сұлтан қаласындағы Қарулы Күштерге қарасты әскери бөлімдерге жөнелтеміз, – дейді Ғалмат Тұрдахметұлы.
Патриоттық акция соңы концерттік бағдарламаға ұласып, әскерге аттанушы жастарға ұйымдастырушылар атынан сыйлықтар табысталды.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

ПІКІР