Отандастарымыз олжалы оралды

0 6

АҚШ-тың Луисвилл қаласында паралимпиадалық спортшылар арасында жүзуден өткен классификациялық әлем кубогында отандық спортшылар табысты өнер көрсетіп, жерлесіміз, мемлекет мақтанышы Зульфия Габидуллина да үздіктер қатарынан көрінді.

20 мемлекеттен 116 үміткер қатысқан додада ел намысын 5 спортшы қорғаған болатын. Оның ішінде Жамбыл облысының «Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған» спорт клубының 2 спортшысы да бар.
Жалпы жарыстың қорытындысы бойынша ұлттық құрама 2 алтын, 7 күміс және 2 қола медаль жеңіп алса, бұлардың қатарында өңір мақтаныштары да өлшеусіз үлес қосты. Атап айтсақ, Зульфия Габидуллина 50 метрге еркін жүзу, 50 метрге арқамен жүзу және 150 метрге кешенді жүзуде күміс медальмен күптелсе, 150 метрге кешенді жүзу қашықтығында қоланы қанағат тұтты.
Тағы бір жерлесіміз Жұмағали Нұрдаулет 50 метрге еркін жүзуде жүзден жүйрік шығып, чемпион атанса, 100 метрге брасс және 200 метрге кешенді жүзуде күміс медальмен қуантты.
Ержан Сәлімгереев (Атырау облысы) 50 метрлік баттерфляйде І орын алып, 50 метрге баттерфляй жүзуде барлық кластар арасында (абсолют) үздік үштіктен көрінді.
Нұрғали Советқанов (Шығыс Қазақстан облысы) 50 метрге еркін жүзу және 200 метрге кешенді жүзуде де ІІІ орынға табан тіреді.
Қарағандылық Әлия Рахымбекова да намысты қолдан бермей, 100 метрге брасс және 100 метрге арқамен жүзуде ІІ орынды еншіледі.
Сонымен қатар Жұмағали Нұрдәулет 100 метрге брасс және 200 метрге кешенді жүзу қашықтықтарынан Паралимпиада ойындарының «А» нормативін орындап, мерейімізді тағы үстем етті.

Саян Тілеужан

Leave A Reply

Your email address will not be published.