"Дін"

Отанды сүю – иманнан

Written by Aray2005

Ежелгі замандардан бастап адамдардың ой-санасын улауға, оны саяси құралға айналдыруға тырысқан топтар болған. Олар адамның санасын жаулап алу арқылы өз мақсаттарына жетуіне болатынын айқын түсінген. Осы ретте ХХІ ғасыр кеңістігінде де діннің атын жамылып, адамдардың санасын улап, жымысқы пиғылдарын іске асыруды көздейтін теріс діни ағымдар, экстремистік, террорлық топтар әлі де бар. Ол ұйымдар өздерінің қатарын ұлтының тарихынан, мәдениетінен бейхабар, патриоттық сезімі төмен, намысты нанға сатуға даяр жандармен толықтырып жатады.

Діни экстремизм мен терроризм жаһандық деңгейдегі аса күрделі мәселе болып отыр. 2019 жылдың қаңтар айында мемлекетіміз «Жусан» арнайы операциясын жүргізіп, Сирия Араб Республикасындағы қантөгіс ошағында жүрген, террорлық ұйымдардың құрығына іліккен 47 азаматтың (оның ішінде 30 бала) Отанына оралуына септігін тигізген еді. Бүгінгі міндет – ел азаматтарын экстремистік, террорлық топтардың қатарынан сақтандыру болып отыр. Бұл орайда жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне мән беріп қараудың, жастардың патриоттық сезімін күшейтудің алар орны ерекше. Мәдениетін, тарихын білмей жатып, тұлға да, халық та, мемлекет те дамымайды. Өзінің тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін біліп өскен әрі соларды мақтан тұтатын ұрпақ –
мемлекеттің кемел болашағы.
Патриотизм – гректің «patris» – «Отан» деген мағынаны білдіретін сөзінен шыққан. Ол Отанға деген сүйіспеншілікті, халқыңа деген адалдықты білдіретін ұғым. Патриоттық тәрбие – ұлттық қауіпсіздікті сақтауға, ішкі, сыртқы қатерлердің алдын алуға, Қазақстанның тұрақты дамуына мүмкіндік беретін маңызды факторлардың бірі. Патриотизмнің қалыптасуы отбасыда, қоршаған ортада, оқу орнында, еңбек ұжы­мын­да, тағы басқа орталарда орны­ға­ды. Аза­мат­тар­дың Отанын қорғауға, конститу­циялық міндеттерін атқаруға үнемі даяр болуы патриот­тық тәрбиенің ажыра­мас бөл­ше­гі­не кіреді. Патриотизмді қалып­тас­тыру тұл­ға­ның бойындағы парыз және жауап­кер­­шілік сезімдерін орнықтыру негізінде жүзеге асады.
2018 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу арқылы ел егемендігін баянды ете аламыз. Сонда ғана келешек ұрпағымыздың рухы биік болып, жан дүниесі жаңарады. Ұлттық код пен рухани жаңғырудың бір қыры осында деп білемін. Қазақстанның біртұтастығы, ұлтымыз бен жұртымыздың терең мәдениеті беделімізді биіктете түседі» деген еді.
Ұлтымыздың һас батыры Бауыржан Момышұлы жас ұрпақ тәрбиесінде келесі­дей қасиеттердің болуы қажеттігін көрсетіп, отансүй­гіш­тікке жоғары дәрежеде мән бер­ге­нін «Жас адамды тәрбиелеудің негіз­дері: үлкенді құрметтеу, борышын бұлжытпай орындау, арын таза сақтау, қоғамдық тәртіпті бұлжытпай орындау, заңға бағыну – жас адамға қажет ізгілік белгілері осы. Мұны біз Отанын, халқын, семьясын сүю деп те атаймыз» деген өсиетінен байқаймыз.
Ұлы дала перзенттерінің жаужүректігі мен ерлігі, ел үшін еткен еңбегі қашанда үлгі және олар жастардың тәлім-тәрбиесінде кеңінен қолданылуы тиіс. Патриоттық тәрбиені күшейтуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылы жарияланған «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру», 2018 жылы жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларының атқарар рөлі зор. Себебі бұл бағдарламалық мақалалар қазақ халқының ұлттық кодын сақтауға, ата-бабадан қалған рухани мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізуге жағдай жасайды. Аталған құжаттар қазақ елін жаңа биікке көтеруге, ұлттық сананы жаңғыртуға бағытталғанын үнемі есте ұстағанымыз абзал.
Сонымен қатар жас буынның арасында патриоттық тәрбиені күшейтуде діни конфессиялардың алатын орны ерекше екенін атап өткен жөн. Себебі қазіргі уақытта мешіттерге келушілердің басым бөлігін жастар құрайды. Салт-дәстүрмен, мәдениетпен, ата-баба тарихымен ұштасқан, отансүйгіштікті арттыратын діни уағыз жас буынның рухани иммунитетін, яғни теріс діни ағымдарға қарсы тұру мүмкіндігін арттырады.
Бүгінгі міндет – ата-баба аманатын, тағылымын кейінгі буынға жеткізу, олардың бойына отансүйгіштікті сіңіру. Ұлттық құндылықтармен өзара байланыс тапқан діни уағыздың жастардың бойында елге, жерге деген құрметті, жауапкершілікті одан әрі арттыра түсетіні айқын. Діни конфессиялар дінге сенушілерді Отанды сүюге, ел тыныштығын, береке-бірлігін сақтауға үнемі шақырып отыруы тиіс. Отанды қорғауға, мемлекеттік Туды, Елтаңбаны, Әнұранды, ҚР Конституциясын, заңдарын құрметтеуге, сонымен қатар елге адал қызмет етуге шақыру – әрбір діни жетекшінің міндеті.

Елнұр ӘСКЕНҰЛЫ,
облыс әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» инспекторы

ПІКІР