Отбасы құндылығы – татулықта

0 17

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ләззат Рамазанова және Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Азимовамен кездесті.

Бердібек Сапарбаев отбасылық және гендерлік саясат мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды құрамдас бөлігі екенін атап өтті.
1998 жылы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құрған Комиссия елдегі отбасы мен әйелдердің мүддесін қорғай отырып, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасын байланыстырушы құралға айналды.
– Комиссия отбасы институтын нығайту отбасылық құндылықтарды сақтау мақсатында көп жұмыс атқаруда, – деді Бердібек Сапарбаев.
Кездесу барысында нәзікжандылар­дың облыстың қоғамдық-саяси өміріне араласуы, мемлекеттік органдардағы әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін сақтау мәселелері талқыланды. Облыс әкімі әйелдер қауымының біраз өкілі Мәжіліс пен Мәслихаттар депутаттарын сайлауға саяси партиялардың атынан қатысқанын айтты. Жамбылдық кәсіпкерлер арасында ерлерге қарағанда әйелдер көп. Ал басшылық лауазымдарда нәзікжандылардың көрсеткіші тек 16 пайызды құрайды. Мемлекеттік қызмет пен әділет органдарында жұмыс істейтін қыз-келіншектердің үлесі 40 пайыздан асады.
– Тәрбие отбасыдан басталады. Бұл мәселеде әйелдер қауымына үлкен жүк артылған. Таразда дәстүрлі отбасылық құндылықтарды барынша кеңірек насихаттау мақсатында жақын арада «Анаға тағзым» орталығы ашылмақ, – деді аймақ басшысы.
Ләззат Рамазанова өңіріміздегі үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен және белсенділерімен бірнеше кездесу өткізетінін жеткізді. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша отбасы институтын нығайтуға, отбасылық құндылықтарды сақтауға және отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған заңнамалық нормаларды жетілдіру бойынша ұсыныстар талқыланбақ.
Сондай-ақ, облысқа жұмыс сапары барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Ләззат Рамазанова Байзақ ауданында болып, аудан активімен кездесті. Онда ауылдағы кәсіпкер әйелдердің әлеуметтік және экономикалық потенциалын көтеру және басқа да мәселелер әңгіме өзегіне айналды.
Жиынды ашып жүргізген Ләззат Керімқұлқызы алдымен әйелдердің кәсіпкерлік саласына қосқан үлесі мен жеткен жетістіктері жайына тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деп атап көрсетілген. Ауылды дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Сонымен бірге, ауыл әйелдерінің әлеуетін нығайтуға ерекше мән беріліп келеді. Әсіресе ауылда кәсіппен айналысатын бұрымдылардың бәсі жоғары. Олар шаруақожалықтарын басқарып, әртүрлі кәсіп ашып, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр, – дей келе, депутат отбасы институтына мән беру керектігін атап өтті.
Өз кезегінде Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов ауыл тұрғындарының әлеуметтік әл-ауқатын арттыру бойынша бірқатар жобалардың жүзеге асырылуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті. Өз кезегінде жиынға қатысушылар түрлі ұсыныс-тілектерін ортаға салды.
Жиыннан соң ұлттық комиссия төрайымы Байзақ ауданындағы ірі кәсіпорын «Әулие-Ата феникс» ЖШС құс фабрикасында болып, жұмысымен танысты. Заманауи фабрика құс етін өндіруді жылына 8 мың тоннаға дейін еселеп отыр. Бұл өз кезегінде ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуде. Кәсіпорында бүгінде 230 жұмысшы еңбек етіп, нәпақасын ажыратып отыр.
Осы күні М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғимаратында облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібектің төрағалығымен өткен жиынның( күн тәртібінде тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы қаузалды. Басқосуға азаматтық қоғам өкілдері, қоғам белсенділері мен тәуелсіз сарапшылар қатысты.
Бүгінде қоғамда «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы қоғамда қызу пікір-талас тудырып отырғаны белгілі. Ұлттық комиссия төрайымы Ләззат Рамазанова аталмыш мәселеге қатысты бірнеше ұсынысын ортаға салды.
– Мемлекеттің басты міндетінің бірі – зорлықпен күрес. Отбасындағы зорлық-зомбылық қоғамға кері әсер етеді. Қазақстанда бүгінде қолға алынып жатқан шараның бәрі қоғамда әйелдер мен балалардың құқығына қол сұғуды түбегейлі жою үшін жасалып жатыр. Қазір әлеуметтік желіде болмаса баспасөз беттерінде түрлі тақырыптағы мәселелер көтерілуде. Осы орайда көпбалалы отбасыларды жарнамалап, олар жайлы жақсы жазбалалар, мақалалар дайындалса нұр үстіне нұр болар еді. Бірақ өкінішке қарай жаңалықтарды көріп отырсаңыз отбасындағы жанжалдар жайлы ақпараттан көз сүрінеді. Бір жағынан бұл қазіргі таңда көптеген отбасыларда орын алып жатқан жағдай, – деген Ләззат Рамазанова күрмеуі шешілмеген бұл мәселе көптеген елде өзекті тақырыптардың бірі екенін атады. Сонымен бірге, әйелдер мен балалардың жәбірленуінің алдын алу мақсатында алдағы 5 жылдықта әр ауданнан 231 отбасылық қолдау орталықтарын ашу көзделіп отырғанын жеткізді.
Қоғам белсендісі Жанна Мамашева тұрмысқа шыққан жас қыздардың жұбайынан таяқ жеуі, қысым көруі жиі орын алып кеткенін жеткізді. Осы орайда аталған орталықтың нәзік жандылардың қоқан-лоққы көрмеуіне қаншалықты септігі тиетінін сөз қылса, белгілі кәсіпкер-меценат Меруерт Лештаева облыстық іскер әйелдер қауымдастығының ұйытқы болуымен әйелдерді кәсіпке баулуға қатысты жобасының іске асырылу барысы жайлы ойын жеткізді.
– Біз бұл жобаны азаматшалар кәсіпті үйреніп, бала-шағасын асыраса екен, қазақ әйелдері ешкімге кіріптар болмаса екен деген мақсатта ұйымдастырған болатынбыз. Өкінішке қарай, «білсем, үйреніп, тірлікке аралассам екен» дейтін әйелдер көп емес екен. Шақырсақ, мойын бұрғылары келмейді. Олар жұмыс істемей-ақ, дайын ақша келе берсе деген арманның жетегінде жүреді. Осы жағы қынжылтады, – дейді Меруерт Лештаева.
Жиында бұдан өзге де өзекті мәселелер айтылды. Ұлттық комиссия төрайымы пікір-таласта қойылған сауалдар мен айтылған ұсыныстар назарға алынып, алдағы уақытта іске асырылуына атсалысатынын сөз етті. Сонымен бірге, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия ұтымды ұсыныстар бойынша бірлесіп жұмыс істеуге әрқашан дайын екенін де жеткізді.
Облысқа жұмыс сапары барысында Мәжіліс депутаты Ләззат Рамазанова «Әмір және Д» ЖШС-нің өндірістік мақсаттағы фармацевтикалық кешенінде болды. Серіктестік қызметкері Евгений Ракотин жаңа технологиялар мен экспресс-тест дайындаушы машинаның жұмысын көрсетті. Қазір жоба сараптамадан өтуде, нәтижесі сәтті шыққаннан кейін зауыт экспресс-тестерді өндірістік көлемде шығара бастайды. Ләззат Керімқұлқызы зауыттың мүмкіндігі зор екенін тілге тиек етіп, жұмысына жоғары баға берді.

Айжан Өзбекова

Leave A Reply

Your email address will not be published.