Өтірік есеп, жалған жауап

Мәселе мұнымен шешілмейтінін түсінетін уақыт жетті емес пе?

0 9

Батыр Бауыржан атамыздан қалған өсиеттің бірінде «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» дейді. Заң талаптары бәрімізге ортақ десек те тәртіпке бағынғысы келмей, жалпақ жұрттың жағасын ұстатарлық жағдайға жеткізіп жүргендер бар. Қызметін пайдалану арқылы сыбайластыққа баратындардан бастап, есірткі секілді тыйым салынған заттарды таратумен айналысып, өзгенің мүлкіне сұғанақтық жасайтындармен жалғасқан қылмыс жасөспірімдер арасындағы жанжалмен ұласып жатыр. Әрине, қылмысқа қылбұрау бар. Алдын алу, жаза қолдану сынды шаралар жүргізілсе де заңсыз әрекеттер облысымызда азаймай тұр. Бұны облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиында сала басшыларының мәлімдемесінен естідік.

Облыс əкімдігі жанындағы құқықбұзу­шы­лық профилактикасы жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мəселелері жөнінде өткен комиссия отырысында Жамбыл өңірінде қылмыс саны 7 пайызға азайғанымен, нашақорлық пен есірткіге қатысты қылмыс – 64, алаяқтық 82 пайызға артқаны айтылды.
Облыс əкімі Бердібек Сапарбаев:
– Облыста көбейген қылмыстың бірі – жол-көлік оқиғалары. Соның салдарынан қаза тапқандар 39 пайызға жоғарылаған. Ал есірткі қылмысы Меркі ауданында – 7,
Жамбылда – 3, Жуалыда – 6, Т.Рысқұлов пен Талас аудандарында 2 қылмысқа көбейген. Алаяқтық әрекеттері барлық ауданда өскені байқалады. Мектеп оқушыларымен жасалатын қылмыс та көбейіп отыр. Жақында ғана мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында атысқа дейін апарған төбелес болды. Мұндай оқиға өткен жылы да болған. Ол кезде бір бала көз жұмған еді. Содан кейін көп тапсырма беріліп, тиісінше жұмыстар жүргізілген де болатын. Бірақ оның бәрі нәтижесіз болған секілді. Биыл тағы қайталанған оқиға жұмыстың нәтижесіздігін байқатып отыр. Балалар түнде жиналып, төбелесіп жатқанда мектеп, ата-ана қайда қарап отыр? Яғни мектеп пен ата-аналар арасында байланыс жоқ. Ата-аналардың да жауапкершілігі төмендеген, – деп, еселеп артқан қылмыс пен жүгенсіз кеткен жасөспірімдерге нендей шара қолдануға болатынын талқыға салды.

Облыс мектептерінің 42-сінде директор жоқ

Рас, балалардың өзара жанжалдасып, бейбіт заманда түн жарымында атысқандары талайды шошытып отыр. Тіпті қазір баласы үшін алаңдап, қоғамға сенімсіз көзқараспен қорқа қарайтындар көп. Балалардың басбұзарлығына алдымен ата-ана жауапты десек, бұл міндеттен тәрбиелеп отырған оқу орындары да тыс қалмасы анық. Ал оқушылары кикілжіңге барған Шөлдаладағы №55 мектепте жұмыстың жүйелілігін ұйымдастыратын директор жоқ екен. Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенованың айтуынша, бұл білім ошағына директор тағайындауға кедергі болып отырған жағдай – үміткерлердің тиісті конкурстан өте алмауы. Бүгінгі күнде облысымыздың 42 мектебінде директор әлі тағайындалмаған.
Енді орын алған оқиғаға байланысты тиісті мекеме қызметкерлеріне жаза қолданылмақ екен. Балаларының тәртіпсіздігі үшін ата-аналар да жауапқа тартылары анық. Себебі бала оқу орындарындағы ұстаз-тәрбиешілерден бұрын өз отбасында ата-анасынан тәлім алып, өмірге бейімделеді. Бесіктен белі шықпай жатып замандасының жағасынан алып, басқаға суық қару кезенуге дәті барған баланы тезге салуға тек мектептегі ұстаздар емес, үйдегі үлкендер күш салуы керек-ақ. «Бір емес, 42 мектепке басшының табылмауының бір ұштығы әр баланың тентектігі үшін педагогтардың жауапқа тартылуында жатқан жоқ па екен?..» деген ой келеді.

Үш айда 24 сыбайластық қылмыс тіркелген

Елдің өркендеуіне кесе-көлденең кедергі келтіретін сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмыстары да жүзеге асырылып-ақ келеді. Әйткенмен «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер де жойылмай тұр. Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің бастығы Әділхан Әшірбаевтың мәлімдеуінше, құқықбұзушылықтарын анықтау және тергеу бағытында биылғы жылдың үш айында 24 қылмыс тіркелген. Олардың ішінде біреуі облыс деңгейіндегі басшыларға, тағы біреуі қала және аудан деңгейіндегі басшыларға қатысты. Мемлекеттік бағдарламаларды сүйемелдеу барысында қаражаттарды ұрлау деректері – 7, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға байланысты – 2, сыбайлас жемқорлық деректерінің жүйелі түрлері бойынша 3 қылмыс тіркелген. Әрине, статистикалық дерекке қарағанда, бұлар өткен жылғымен салыстырғанда биыл азайған.
2021 жылдың 3 айында облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен сотқа 11 іс жолданып, 14 тұлға қылмыстық жауаптылыққа тартылған.
– Жоғарыда көрсетілген жалпы қылмыстың, оның түрлерінің және оларды жасаған тұлғалардың азаю дерегі Агенттіктің соңғы кезде жүргізіп жатқан саясатының негізінде деп түсінеміз. Барлығымызға мәлім, қазіргі таңда Агенттіктің жұмысы, ең біріншіден, қылмыстың алдын алуға бағытталған, яғни профилактикалық шараларға аса маңызды көңіл бөлініп отыр, – деп Әділхан Қасымханұлы қылмыстың кемігеніне назар аудартты.
Сыбайлас жемқорлықты жою мақсатын­дағы басты құжат ретінде сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы стратегия қолға алынған. Оны іске асыру үшін кезең-кезеңімен жоспар әзір­ле­ніп, жұмыс жүргізілген. Жоспарда 6 бөлім­нен тұра­тын 57 тармақ қарастырылған.
Осы жоспардың облысымызда орындалу барысында бірқатар кемшілік орын алыпты.
– Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді бір орынға шоғырландыру арқылы олардың мерзімдерін едәуір қысқартып, тұрғындардың уақыттарын үнемдеу, сапалы кеңестер беру және «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсету принципі негізінде 2019-2020 жылдары мемлекеттік органдармен 12 «Сервистік әкімдіктер», 3 «Ашық әкімдіктер» орталығы ашылды. Жалпы саны 64 мемлекеттік орган «Оpen space» форматында қайта жабдықталып, ашық кеңседе жұмыс істей бастады.
Атап өтетін жағдай, Талас ауданындағы Сервистік әкімдіктің жұмысы формалды түрде атқарылуда. Халыққа қызмет көрсету залы талаптарға сәйкес келмейді. Кейбір аудандарда сервистік әкімдікке жүгінген тұлғалардың есебі жүргізілмейді, олардың мәселелеріне талдау жасалмайды. Талдау нәтижелері көрсеткендей, Жоспардың бірқатар тармақтары тиісті деңгейде орындалмай отыр. Тараз қаласы мен аудандарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша арнайы ақпараттық үгіт-насихат топтары құрылмаған. Мектеп директорларының ата-аналар алдында есеп беру іс-шарасы толық жүзеге асырылмайды. Мысалға айтар болсақ, Т.Рысқұлов және Меркі аудандарындағы білім беру ұйымдары басшыларының оқушылардың ата-аналары алдында бюджеттен бөлінген қаражатының жұмсалуы жөнінде есеп беру кездесулері өткізілмеген. Тараз қаласы мен Меркі, Жуалы, Т.Рысқұлов, Байзақ аудандарының білім бөлімдері мен орта білім беру мекемелерінде оқытушылардан, ата-аналардан ақша жинау фактілерін анықтау бағытындағы жасырын сауалнама жүргізу жұмыстары жүргізілмеген. Ал жүргізілген жағдайда формалды түрде өткізілуде.
Облыс әкімдігінің жастар саясаты басқармасы Тараз қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп, жастар ұйымдарының арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі жұмыс жоспарын бекіту қажет болатын. Алайда аталған жоспар әлі күнге бекітілмеген.
Облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы Тараз қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп, ҮЕҰ арасында қоғамдық бақылауды күшейтуге және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жұмыс жасау көзделген. Дегенмен аталған бағыттағы жұмыстар Жамбыл, Т.Рысқұлов, Қордай және Мойынқұм аудандарында атқарылмаған. Тараз қаласы мен аудандарда ҮЕҰ тарапынан іске асырылған жобалардың сапасының төмендігі байқалады. Атап айтқанда, мақсатты аудиториялары зерделенбеген, қоғамдық бақылау жұмыстары тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған, қоғам пікірін ескере отырып, елді мекендердегі жемқорлық деңгейін анықтау жұмыстары қолға алынбаған.
Сонымен қатар Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерімен әлеуметтік тапсырысты ұтып алған ҮЕҰ-ның атқарған жұмыстары туралы ақпараттары жарияланбаған. Яғни бұл тапсырыс берушілер тарапынан бақылаудың болмағанын байқатады. Өз тарапымнан осы тапсырыстарды орындау кезінде бюджет қаржысының мақсатты пайдалануына аудит жүргізуді ұсынамын, – деген Әділхан Қасымханұлы Тараз қаласы мен аудандарда ҮЕҰ мен «Адалдық алаңы» жобалық кеңселерінің бірлесіп жұмыс жүргізілуі ұйымдастырылмағанын да жеткізді.
Облыс әкімдігінің жер қатынастар басқармасы Тараз қаласы және аудан әкімдіктерімен бірлесе жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға кезектіліктің бірыңғай тізімін енгізу, жер учаскелерінің нысаналы мақсаттарын өзгерту рәсімдерін оңтайландыру бөлігін жетілдіру бойынша тиісті орталық атқарушы органдарға ұсыныстар енгізу көзделген. Бірақ жоспарда көрсетілген сұрақ толық зерделенбеген және аталған бағыттағы жұмыстарды жетілдіру бойынша құзырлы орталық атқарушы органдарға ұсыныстар жолдамаған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг және талдау жүргізу бағытында жоспарда қарастырылған іс-шаралар формалды түрде ғана өткізіледі екен. Себебі басқармалар мен аудан әкімдіктерінің (олардың бөлімдері) ішкі талдау жұмыстарының нәтижесінде сыбайлас жемқорлық жасауға ықпал ететін тәуекелдердің мүлдем анықталмай, талдамалық анықтамаларда тек кадрлық ақпараттар және статистикалық мәліметтермен шектеліп отыратын көрінеді.
Цифрлық технологияларды енгізуде көзделгендей, жүзеге аспағанын ауыл шаруашылығы саласындағы «қолдау» базасынан байқауға болады. Бұл базада кезек мәселесі шешілмеген. Субсидияларды жылма-жыл белгілі бір шаруа қожалықтар ғана алады. Денсаулық сақтау саласында ауруханаға жатқызу бюросы да формалды түрде жұмыс жасауда. Денсаулық сақтау мекемелеріне жатқызу кезегі автоматтанғанымен, кезек қолмен реттеледі.
Департамент 2020 жылы сыбайлас жемқорлыққа аса бейім салаларды белгілеу мақсатында жүргізген кешенді мониторинг осындай қылмыстық жауапкершілікке 49 адам тартылғанын көрсеткен. Мұнда 24 адам әкімдіктер мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметшілері болса, 14-і ішкі істер органының қызметкерлері.
Жасалған қылмыстардың 14-і – пара алу, 12-сі – лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану, 9-ы – иемдену немесе талан-таражға салу, 8-і – алаяқтық, төртеуі – пара беру, біреуі – билікті немесе лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану, ал біреуі қызметтік жалғандық дерегі бойынша жауаптылыққа тартылған.
Айта берсек, заңбұзушылыққа барғандардың қатары көп. Қылмысқа қарсы іс-шаралар қанша жүргізілсе де жөнсіздіктің жойылмауы жанға батады. Қара бастың қамы үшін өзгенің құқын таптап өтетіндердің қатары қашан сейілер екен?..

Қамар Қарасаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.