"Тарих. Таным. Тағылым."

Өткенді білу – болашаққа бағдар

Written by Aray2005

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты тағылымды мақаласында «Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек», деп айтқанын кемел келешегіміз үшін ауадай керек кеңестің бірегейі деп бағалағанымыз абзал. Себебі Отан, ел, туған жер деген сезім әрбір азаматта бар. Сондықтан осы қасиетті сезімдерді дәріптеп, насихаттап, жастардың ой-санасына кіргізіп, елінің нағыз азаматы болуына ықпал ету – біздің, аға ұрпақтың парызы.

Табиғатын, туған жерін дәріптеу үшін сол жердің тарихымен таныстыру, елін сүю үшін елдің тарихын, дәстүрін ұғын­дыру, Отан­ға деген махаббатын ояту қажет. Осын­дай сүйіспеншілік қасиет­тер­ді жас­тар­дың бойына сіңіру үшін төмен­де­гі­дей ұсыныстарым бар.
Біріншіден, бүгінгінің жастары кі­тап­ты көп оқымайтыны жасырын емес. Қазақ­тың батырлар жырын, Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Қыз Жібек, Айман-Шолпан ли­ри­ка­лық жырларын оқымайды, білмейді. Оның үс­тіне аңыз, ертегі айтатын ата-аналар да жоқ­тың қасы. Оны тыңдайтын бала да жоқ.
Екіншіден, Отанымыздың тарихын мектептерде оқытқанымен, ауылдың, ауданның, облыстың тарихын ешкім оқытпайды. Сондықтан әрбір мектепте тарих сабағында ауыл, аудан тарихын, оның өткенін, бүгінгі күнгі болып жатқан оқиғалармен ұштастырып, ең болмаса аптасына 1-2 рет сабақ өткізілсе. Ауылда ерен еңбегімен елге танымал болған тұлғалар туралы мектептерде бұрыштар, клубтарда кішігірім мұражайлар болса.
Мәселен, Т.Рысқұлов (бұрынғы Луговой) ауданының жеріне орыстар 1888 жылы келіп қоныстана бастаған. Каменка, Луговой, Петропавловск, Подгорный ауыл­дары сол кезде пайда болған. Көшіп кел­гендер негізінен Херсон, Николаев облыстарынан еді.
1890 жылы Каменка ауылында екі жылдық орыс-қазақ мектебі, ал Луговой ауылы мен Петропавловск селосының орта­сында төрт жылдық орыс-қырғыз мек­тебі 1892 жылы ашылған болатын.
1916 жылғы патша жарлығына қар­сы шыққан Ақкөз Қосанов басқарған кө­те­рі­ліске Қарақыстақ, Қорағаты, Шөңгер бо­лыс­тарының көптеген азамат­та­ры қа­тысып, құрбан болғанын кім біледі?..
Айта берсе, әрбір ауылдың, әрбір аудан­ның тарихы кімді болса да қызық­тыр­май қоймайтыны сөзсіз. Тек мектеп мұға­лім­дері мен көнекөз қариялар жас­тар­ға ауылдың, ауданның өткенінен сыр шертер әңгімелер айтса дұрыс болар еді. Тек ататегін ғана білмей, ауылдың, ауданның тарихынан хабардар болған, өткен ата-аналардың өнегелі істеріне сүйсінген жастар өз Отанын, елін сүйетін патриот болары сөзсіз.
Менің ауылым Абай колхозында 1939 жылы Қазақстанда өткен сайлауда ҚазССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған Бүбіхан Жұмаханова, Ленин орденінің иегері, комсомол-жастар қызылша звеносының жетекшісі Күлішкүл Мұсабекова, екі Даңқ орденінің иегері болған Төлен Смаилов пен Даниярбек Арыстанбеков, екеуі де І дәрежелі Даңқ орденіне ұсынылған, кезінде алмай қалған, мұғалима Нағима Ермекбаева, Ленин орденімен марапатталған, көп жыл­дар колхоз басқарған соғыс ардагері, аудан­дық комсомол партия комитетінің І хат­шысы болған Қожалы Әлішев, осы ауыл­дың түлегі, ауылдан ең бірінші Алматы партия мектебін бітірген, колхоз басқарған Бейсенбек Бахашев, көп жылдар партия-совет қызметінде болған Жорабек Кохаев, осы ауылдан шыққан ең бірінші полковник Манан Иманбаев және басқаларды қазіргі жастар біле бермейді. Осындай азаматтар барлық ауылда баршылық.
Осы азаматтар туралы мәлімет жинап, мектептерде бұрыштар немесе арнайы бөлме жасақтаса, ауыл жастары өткенді біліп, танып, ауыл азаматтары, бұрынғы ата-аналарының ісіне сүйсініп, сондай болсақ деп талпынар еді.
Сондай-ақ ауылдың табиғаты, жер-су атауының өзі тұнған тарих. Қорған тас, Жалғыз тал, Қалмақ қырған, Жүн төбе, Үңгір тас, Әулие бұлақ, Әулие-тал, тағы сол секілді.
ҚР Тұңғыш Президенті жоғары­да атал­ған мазмұны терең ма­қа­ла­сын «Төл тари­хын білетін, баға­лайтын және мақ­тан ете­тін халықтың болашағы зор бола­ды деп се­не­мін. Өткенін мақтан тұтып, бү­гі­нін нақ­ты бағалай білу және бола­шақ­қа оң көз­қарас таныту – еліміздің та­быс­ты бо­луы­ның кепілі деге­ні­міз осы», деп түйін­дей­ді. Өте өзекті ой, орын­ды тұжырым.
Өйткені өткенді білмей, бағаламай, бүгінгі күнгі жетістіктерді дәріптемей, бола­шақ­ты болжамай өмір сүру мүмкін емес.
Сондықтан менің ұсынысым назар­дан тыс қалып кетпей, ертеңіміз үшін ес­ке­ріл­се екен деймін.

Москау Ноқрабеков

ПІКІР