Жалын

Өткеннің өрнегі – өшпес өнеге

Written by Aray2005

Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мағынасы теңіздей терең, мәні таудай биік, өзекті һәм өміршең мақаласы жауһар тарихымызға қайтадан жан сеуіп, қан жүгірткені белгілі. Бір уыс топырағы бойтұмардай киелі кең даламыздың дастан-дастан тарихын парақтап, дара жолмен дамылсыз дамудың даңғылын қалыптастыруға діңгек болған мақала еншіміздегіні еселеп, ертеңімізді еңсеруге ерекше бағдаршам болғандай.

Шыбын жаны шырылдап, қасық қаны қалғанша жан алысып, жан берісіп армандаған ақ сәуле – азаттыққа қол жеткізгенімізге де табаны күректей 27 жыл өтті. Ұлы даланың әр жотасы мен сай-саласында осынау ұлы арманға жету жолында ерлікпен қаза тапқан қаранар бабалардың ізі сайрап жатыр. Құм астындағы қастерлі құндылықтары аршылып, заманалардың шаңына көмілген заңғар бабалардың өнегелі өмірі жан-жақты зерделенсе, Жер-Ананың жеті қабатынан жаңғырып сайраған сол үн жаһанға жар салар ма еді. Міне, Елбасының маңызды мақаласында айтпағы да осы.
«Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек. Бірақ қандай да бір тарихи оқиғаны таңдамалы және конъюнктуралық тұрғыдан ғана сипаттаумен шектелуге болмайды. Ақ пен қара – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Бұлар өзара бірлескенде жеке адамдардың да, тұтас халықтардың да өміріне қайталанбас реңк береді. Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек» деп атап өтті Мемлекет басшысы өз сөзінде. Расымен әлі күнге толыққанды зерделеніп бітпеген тарихымызды тануға жаңаша көзқарас пен нақтылық ауадай қажет болып отыр.
Ұшқан құстың қанаты талып, тұлпардың тұяғы тозған Ұлы даланың жеті қырын жетістігімізге айналдырып, өткеннің аманатына адалдықпен қарайтын мүмкіндік туғызған мақала аясында Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің мәжіліс залында облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының тікелей ұйымдастыруымен «Ұлы даланың жеті қыры – ұлтты ұйыстырған ұлы құндылық» атты тағылымды жиын өтті. Мазмұнды басқосуды облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали ашып, жүргізіп отырды. Текті сөзді тарихи тұрғыда тізгіндеген басқарма басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының заңды жалғасы болған «Ұлы даланың жеті қырын» тілге тиек етіп, аймақта атқарылған ауқымды жұмыстар мен олардың нақты нәтижесі жайлы кеңінен айтып өтті.
– Атыраудан Алтайға дейінгі аралықты ен жайлаған біздің бабаларымыз – ұлылар. Елбасы мақаласында атқа міну мәдениеті кеңінен сипатталды. «Қазақ жылқы мінездес» деген сөз текке айтылмаған. «Ұлы даланың жеті қыры» – біздің тарихымыз, дәстүріміз, мәдениетіміз, – деп өзекті ойымен бөліскен ТарМПУ ректоры Ержан Әмірбекұлы Мемлекет басшысы мақаласының мән-маңызына тереңінен тоқталды. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бірінші проректоры Асқар Абдуалы алты алаш тарихының түбірі болған түркілердің заманына қатысты тың деректермен бөлісіп, ғұн мен сақ дәуірінен сыр шертті. Ал Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов Елбасы мақаласында айшықты түрде айтылған түркі әлемінің генезисі жайлы тағылымды ойын ортаға салды.
– Генезис – кез келген дүниенің пайда болуы, түп тамыры, шығу тарихы. Біздің эрамызға дейінгі III-IV мыңжылдықтарда пайда болған тайпалар – түркілер. Сақтар мен ғұндардың дені түркі тілдерінде сөйледі. Кейбірі ғана Алтай тілдерін қолданды. Ол туралы Қытай жылнамаларында жазылған. Батыстық ғалымдар да мойындаған, – деп Ерболат Байұзақұлы мәрт даланы мыңдаған жылдар бұрын мекендеп, іздерін түзге мөр, тарихқа қолтаңба етіп қалдырған ата тегімізді мақтанышпен жеткізді. Және тұшымды ойына тұздық боларлық деректерімен де бөлісті. Мәселен, түркілер тұңғыш рет пайдаланған Орхон-Енисей, Талас жазуларының түпнұсқасы байтақ даланың балбал тастарынан әлі күнге бедері кетпеген. Бұл тұрғыда ТИГУ ректоры айшықты пікірін айғақтайтын, ұзақ жылдар бойы түркі жазуларының пайда болуын зерттеп-зерделеген даниялық ғалым Вильгельм Томсеннің еңбегін де арқау етті.
Мазмұнды жиын барысында облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сейітжан Ілияс, «Асыл арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ринат Нұрақбаев сөз тізгіндеп, Елбасы мақаласында айтылған ортақ мұрат, бірегей мақсаттарға қатысты пайымды пікірлерімен бөлісті. Конференция соңында шараның бас ұйымдастырушысы облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали «Рухани жаңғыру» жобалық офистерінің өңірлердегі бірқатар қызметкерлеріне Алғыс хат табыстады.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР