ОТЫЗ ЖЫЛ ЖӘНЕ ОНОМАСТИКА

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық конкурсына

0 27

Әлі есімде, бала күнімде ескі жәшіктің ішіне салынған сарғайған құжаттарды ақтарып отырғанымда әкейдің ескі бір суреті қолыма түсті. Қай жылы түскен сурет екені түсініксіз. Сиясы ұшып кеткендіктен оқу мүмкін емес. Мыж-мыж болып ақжемделіп кеткен суреттің жоғары тұсындағы «Уюкь» деген жазуды ғана ежелеп оқи алдық. Баламыз. Жерден жеті қоян тапқандай жүгіріп әкейге бардық. «Қай қалада түскенсіз? Сіз шетелге де барғансыз ба?» деп сұраулы жүзбен таңырқай қарап, суреттің артындағы жазуды көрсеттік. «Ешқандай шетел емес, өзіміздің ауыл ғой. Бұрын солай жазылған» деп түсіндіруге кірісті. Түсінбесек те түсінгендей кейіп таныттық. Ойық емес, не себепті «Уюкь» деп жазылғаны сол кезде бәрібір санамызға симады.

Одан бері де табаны күректей жиырма жылдан аса уақыт өтіпті. Көп нәрсе өзгерді. Бізді таңғалдырған, құлаққа түрпідей естілген ауыл атының ауысқанына да қаншама жылдың жүзі болды. Бәлкім, азаттықтың ақ таңы атып, отаршылдық пен тоталитарлық жүйеден қалған елді мекен, жер-су атаулары қазақшаланып, тарихи әділдік орнамағанда біз де өз балаларымызға не себепті ауылымыздың «Уюкь» аталғанын түсіндіріп жүрер ме едік, кім білсін! Яғни ономастика саласында жүргізілген табанды ізденіс пен қажырлы еңбектің нәтижесінде әрбір елді мекеннің атауынан қазақылықтың иісі аңқып тұруы  –  сөз жоқ, тәуелсіздіктің толағай табыстарының бірі.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Ономастикалық саясатты» босаңдатуға болмайды. Жалтақтай беретін ештеңе жоқ. Отаршыл заманды еске алып, халықтың намысына тиетін атауларды, тілдің өзіндік заңдылығын, табиғи үндестігін бұзып тұратын атауларды да ауыстырмаса болмайды…Ендеше ештеңеден қысылмастан халықтың ұлттық рухын көтеретін, Қазақстан мемлекетінің мемлекеттілігін танытатын ұлттық атауларды беріп, елді мекен атауларын өзгертуден еш қымсынудың қажеті жоқ деп есептеймін. Ата-бабаларымыздың жүріп өткен әрбір жолы, әрбір қазған құдығының атауы бар, ал атау – тұнып тұрған тарих, соны зерттейік, жинастырайық…тарихты қайта қараңдар…», – деген болатын. Мүмкін, Елбасының 1998 жылғы 17 наурызда зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде айтқан осы бір өткір ойы баспасөзде сан мәрте жазылған да болар. Бірақ әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Сондықтан да өнегелі пікірін тақырыпқа тұздық ете отырып, ұмыта бастағандардың есіне тағы бір мәрте салып қойғанымыз артық етпес. Әрі еске сала отырып, отыз жылда облысымызда ономастика саласындағы атқарылған есті тірліктерді бір саралап өткенді жөн көрдік.

Сонымен, Жамбыл облысындағы ономастика саласындағы қазіргі ахуал қалай? Елбасы айтқандай, ономастика саясатын босаңсытып алған жоқпыз ба? Отыз жылда не тындырдық? Кем-кетікті бүтіндей алдық па?

Егер облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетованың сөзіне сүйенсек, отыз жылда ономастика саласында оң өзгеріс көп болған. Басқарма басшысы бірнеше ай бұрын «ARAI» газетіне берген сұхбатында: «Тәуелсіздіктің 30 жылында 3452 (аудан, қала – 3, елді мекен – 268, құрамдас бөліктер – 2893, нысан – 288) атау өзгертілді. 1991 жылдан бастап бүгінге дейін облыс аумағында 2 ауданның аты ауыстырылып (Свердлов және Луговой), облыс орталығы Тараз қаласы болып қайта аталса, идеологиялық тұрғыдан ескірген 268 елді мекен, 2893 көшенің атауы өзгертілді, 288 нысанға жаңа атау берілді.
Елді мекендердің тарихи атаулары халықпен қауышып, олардың құрамдас бөліктері ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен қайта аталды. Тарихи тұлғалар мен еліміздің мемлекеттілігін нығайтуға үлес қосқан тұлғалардың есімдерін беруге басымдық берілді. Ономастикалық комиссия өз бетімен нақты жоспар жасап, атау бере алмайды. Ол халықтың сұранысымен ғана жүзеге асады.

Жоғарыдағы өзгерістердің барлығы жергілікті халықтың ұсынысы негізінде Қазақстан Үкіметінің жанындағы республикалық ономастикалық комиссия және облыстық ономастика комиссиясының қорытындылары негізінде жасалды.

Өткен жылы облыс бойынша 180 көшеге атау беру, қайта атау, транскрипциясын нақтылау жұмыстары жүргізілді. «Тараз-Арена» спорт кешеніне жерлесіміз, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің есімі беріліп, Байзақ ауданындағы Қарасу ауылы Қосы батыр ауылы болып қайта аталды.

2019 жылы ономастикалық атауларға толық талдау жүргізіп, деректерді ашық пайдалану үшін ономастикалық электронды база жасадық.
Жалпы облыстағы көше атауларының 703-і (13 пайыз) жер-су атымен, 798-і (15 пайыз) дәстүрлі атаумен, 3409-ы (65 пайыз) кісі есімімен аталады. Кісі есімімен аталатын көшелердің 1160-ы (34 пайыз) ҚР Президенті Әкімшілігі ұсынған «Тарихи тұлғалар» тізіміне сәйкес келеді.
Қазіргі кезде Жамбыл ауданында Бесағаш ауылын Қазақстанның Мемлекеттік туының авторы Шәкен Ниязбеков есімімен, Жалпақтөбе ауылында жаңадан салынған мәдениет үйін композитор Шәмші Қалдаяқовтың атымен атау жұмысы жүргізілуде»,  деген еді.

Сондай-ақ Тараз қаласының 29 көшесіне жаңа атау беру республикалық ономастикалық комиссияда мақұлданған екен.

Жоғарыда келтірілген көңіл қуантарлық көрсеткіштерден сала мамандарының жанкешті еңбегін байқауға болады. Бір жылдың өзінде қаншама отарлық жүйенің таңбасындай ескі атаулар қазақшаланып, елдігімізді, егемендігімізді айшықтайтын есімдерге ие болды.

… Бірнеше апта бұрын ғана жұмыс сапарымен Жамбыл ауданының Қараой ауылдық округіне арнайы ат басын бұрдық. Ауылдық округке қарасты Кемел ауылына барып, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысуға тырыстық. Сондағы ауыл ақсақалының (аты есімізде қалмапты) айтқан әңгімесі әлі есімізден кетпейді.

«Бұрын қазіргі Кемел ауылымыз Октябрь деп аталатын. Шынымды айтайын, неге Октябрь деп аталатынын өзім де білмейді екенмін. Енді маңыздылығы да жоқ деп ойлаймын. Өйткені осыдан бірнеше жыл бұрын ауылымыздың аты Кемел деп өзгерді.

Одан бөлек ауылда Комсомол бұрылысының, Степная көшесінің, Мир, Украин, Молодежная, Ленин, Терешкова, Космонавтов көшелерінің аты қазақша атауға ие болды. Бұрын ауылымызға қонаққа келгендер «Ресейде тұрып жатсыңдар ма?» деп миығынан күлетін. Немерелеріміздің де көше аттарына тілі келмей, шүлдірлеп жүруші еді. Ал қазір Өркен, Береке, Арна, Жігер, Бастау, Сұңқар, Мерей, Қайнар, Байқоныс, Самал көшелері пайда болды. Құлаққа қандай жағымды естіледі.

Мұны тұғырлы тәуелсіздігіміздің айтулы жемісі деуге толықтай негіз бар деп ойлаймын. Сондықтан журналист бала отыз жыл бойы Октябрь ауылына «отар» болған кемелдіктердің осы бір қуанышын газетіңе жақсылап жазсаң жөн болар еді», деген ақсақалдың өтінішін орындаудың реті кеш болса да енді түсіп отыр.

Басқарма басшысының, ауыл ақсақалының айтқанынан не түюге болады. Ақсақалдың ойы тек бір ауылдың емес, тұтас облыстың елді мекендеріндегі ахуалды айғақтап бергендей болды. Яғни тәуелсіздікпен бірге облыс ономастикасы жаңа кезеңге аяқ басты.

Тәуелсіздіктің елең-алаңында өшкеніміздің жанып, өлгеніміздің тірілгеніндей болып тарихи атаулардың қайта тұғырға қонуы рухымызды асқақтата түскені жасырын емес. Отыз жыл ішінде салада атқарылған жүйелі жұмыс асқақ рухымыздың әрдайым биіктей түсетінін аңғартады.

Талғат НҰРХАНОВ,

журналист

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.