Отыз жылдыққа – отыз жоба

0 3

Биыл ата-бабамыз арман еткен тәуелсіздікке 30 жыл толмақ. Қазақ халқы тәуелсіздік жолында небір қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткерді. Сан түрлі соғыстар, ұлт-азаттық көтерілістер, саяси қуғын-сүргін, ашаршылық… Дейтұрғанмен уақыт бәрін де емдейді. Бүгінде еліміз егемендікке қол жеткізіп, дамудың даңғыл жолына түсті. Тіліміз, дініміз, дәстүріміз қайта оралып, жаңғырды. Сондықтан біз үшін Тәуелсіздік мерейтойының мәртебесі қашанда жоғары болып қала бермек.

ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл көзді ашып-жұмғандай қас қағым сәт. Дегенмен бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз», – деген болатын. Осы ретте Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында нақты ұсыныстар айтылды. Президент ел тарихындағы елеулі мереке кезінде құр даңғаза мен ысырапшылдыққа салынбай, әрбір іс-шараны елге пайдасы тиетін нақты істерге ұластыру қажет екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл ұсынысы өте орынды. Бүгінгі әлемде орын алып жатқан жағдайға байланысты қаржыны оңды-солды шашып, ұлан-асыр той жасайтын заман емес. Мемлекет басшысының бастамасымен ұлы мереке қарсаңында халықтың әлеуметтік жағдайы мен елдің тұрмысын тіктейтін игі істер қолға алынбақ.
Осыған байланысты облысымызда ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында 30 жобаны іске асыру көзделді. Тұрғын үй және жолдар салу, ауыл-аймақтың инфрақұрылымын дамыту, білім және медицина саласын жетілдіру, рухани құндылықтарды дәріптеп, қайырымды істерді атқару – осының барлығы арнайы әзірленген жол картасына енгізілді.
Жобалардың ішіндегі ең маңызды әрі ауқымдысы – көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы. Мысалға айтар болсақ, былтыр ауданда 4 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 3 үй жаңа жыл қарсаңында пайдалануға берілсе, биыл 8 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталмақ. Сонымен қатар асар әдісімен мұқтаж жандарға 15 баспананың кілтін ұсыну жоспарланса, оның төртеуі берілді. Бұл баспанасыз, жалдамалы пәтерде тұрып, тапқан-таянғанын өзгеге беруден мезі болғандардың асқақ арманы кезең-кезеңімен орындалады деген сөз.
Келесі ретте Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Отар ауылы мен Гвардейский қалашығын жалғайтын жолды жөндеу, Отар, Кенен, Степной ауылдарының көшелерін асфальттау және Степной, Жамбыл ауылдарының ішкі көшелерін жарықтандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Президент айтпақшы, елімізде не жасалса да барлығы болашақ ұрпақтың игілігі үшін жасалуы тиіс. Бұл тұрғыда білім беру саласының маңызы ерекше. Атап айтсақ, биыл Масаншы ауылында 600 орындық мектептің құрылысы аяқталса, Қалғұты және Күнбатыс-2 ауылдарындағы жаңа мектептер қолданысқа берілмек. Ал Арал ауылында жаңа мектептің құрылысы басталады. Жастарға білім берумен қатар, спортқа баулу және рухани құндылықтарды, салт-дәстүрді бойына сіңіру мәселесі де маңызды. Қақпатас, Ауқатты ауылдарында 2021 жылдың наурыз айында «street workout» алаңшасының құрылысы басталған. Қордай ауылында жастарға арналған шағын футбол алаңы мен күрес залы қолданысқа берілетін болады.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу кезінде атқарылатын шаралардың жастарға арналуы – Президент қойған басты талаптың бірі. Бұл бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев былай деген болатын: «Жастарға қатысты келесі мәселе – жұмыспен қамту. Бұл әсіресе өңірлерде аса өзекті. Біз жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруіміз керек. Олардың тұрақты кәсіп табуына көмектесуіміз қажет. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ жастардың көбі сол шаралар жайында білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мәселесімен айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет». Осыған орай ауданда мемлекеттік бағдарламалар аясында жастарды жұмыспен қамтудың кешенді шаралары ұйымдастырылады.
Президент 30 жылдыққа байланысты шаралар халыққа рухани серпіліс әкелуі тиіс екенін айтты. Руханият саласындағы жұмыс бірнеше бағыттан тұрады. Солардың бірі – ұлт тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың еңбегін насихаттау. Осыған байланысты мұндай азаматтардың мерейтойлары да кең көлемде аталып өтеді. Бүгінде Жамбыл Жабаев, Әлихан Бөкейханұлы, Мұқағали Мақатаев сынды ұлы тұлғалардың өмір жолын насихаттау жұмыстары басталып та кеткен. Мектептерде әдеби кештер ұйымдастырылса, мәдениет ошақтарында түрлі іс-шаралар өтуде. «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты ашық алаң ұйымдастырылып, мемлекеттік тіл дәріптеледі. Жалпы іс-шара жоспарына сәйкес аудан әкімдігінің мәдениет, спорт, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері, жастар ресурстық орталығы, аудандық ардагерлер ұйымы, этномәдени бірлестіктер тарапынан аудандық деңгейдегі 38 іс-шара, аудандық білім бөлімі тарапынан түрлі форматтағы 928 іс-шара, ауылдық округтер деңгейіндегі 152 іс-шара ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар мәдени іс-шаралардың ошағы саналатын су жаңа мәдениет үйі Отар ауылында ашылады.
Медицина саласы да басты назарда. Тәуелсіздік мерекесіне орай Күнбатыс және Өтеген ауылдарында жаңа фельдшерлік пункт қолданысқа беріледі. Қазақ халқы қайырымдылықты ұлт санасына, қанына сіңдіре білген. Сауапты іс жасаудан жарысатын аудан тұрғындары биыл «Ынтымақты елдің іргесі берік!» жобасын бастап берді. «Вынхуа» дүнген этномәдени орталықтарының қауымдастығы қолға алған «30 игі іс» жобасы аясында Сортөбе ауылында «Берекеміз – бірлікте!» атты қайырымдылық марафоны ұйымдастырылды. Игі бастама өзге аудандарға жолданды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қайырымдылық акциялары жалғасатын болады.
Мемлекет басшысы елдегі көрікті жерлердің жыл өткен сайын жұтаңданып бара жатқанына алаңдап, айтулы мерекеге орай «Таза табиғат» жобасын жүзеге асыруды ұсынды. Экологиялық бастамалар жыл сайынғы тұрақты жұмысқа ұласып, халықтың өмір салтына айналуы шарт екенін жеткізді. Сонымен бірге Мемлекет басшысының Наурыз мейрамын жаңаша етіп өткізу жайында да айтқаны бар.
«Бабаларымыз әз Наурыз келгенде бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызған. Осы тамаша дәстүрді жаңа қарқынмен жалғастырайық. Табиғатты тазалап, қоршаған ортаны көгалдандыруды қолға алайық. Мұндай шараларды барлық аймақта ұйымдастыруымыз қажет. Бұл – ата салтымыз әрі ұрпаққа экология­лық тәрбие берудің ең тиімді жолы», – деді Президент. Осыған орай ауданымызда «Таза табиғат» жобасы аясында жаппай ағаш көшетін отырғызу акциясы белең алады.
Жалпы 30 жылдыққа байланысты іс-шаралардың жоспары ауқымды. Мемлекет басшысы айтқандай, қаражат құр босқа ойын-сауыққа жұмсалмай, тікелей ел игілігіне бағытталатын болады. Қорыта айтсақ, ауыл-аймақ дамып, ағайынның тұрмысы түзелсе, тәуелсіздіктің нағыз жемісі сол болмақ. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, ағайын!

Еркін ҚАТБЕКОВ,
Қордай ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.