Ойық ауылы өзгелерге үлгі

0 7

Ауданға сапарымыз барысында Ойық ауылдық округіне де арнайы ат басын бұрып, қыруар күш-жігерді, еселі еңбекті қажет ететін өрелі істердің өркен жайғанын байқадық. Ауылдық округке Ойық, Тұрымқұл және Сейілбек ауылдары кіреді. Атқарылып жатқан игі істердің нәтижесінде ауыл тұрғындары тірлігін тіктеп, шаруасын шалқытуға мүмкіндік алған.

«Тазалық – табалдырықтан басталады» дегендей, ауылдың қақпасынан енгеннен-ақ жинақылық пен реттілікке көз сүйсінеді. Ойық ауылдық округінің әкімі Медет Үрістеновтің айтуынша, елді мекенде ауызсу, көгілдір отын мәселесі толықтай шешімін тапқан. Бүгінде ауыл тұрғындары 100 пайыз көгілдір отын игілігін көріп отыр. Ал ағымдағы жылы елді мекендердің инфрақұрылымдарын жақсартуға бағытталған жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы аясында бірқатар жобалар жүзеге асырылыпты. Отыз жылдан аса уақыт жөндеу көрмеген сегіз көшеге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Ойық ауылының жеті, Сейілбек ауылының бір көшесі арнасы кең, тақтайдай тегіс жолмен қамтылған. Сонымен қатар үш көше толықтай жарықтандырылып, бүгінде самаладай жарқырап тұр.
Бағдарлама аясында Ойық ауылының орталық көшесіндегі ұзақ жылдар бойы қаңырап бос тұрған ескі ғимарат күрделі жөндеуден өтіпті. Аудандық бюджеттен 15 миллион теңге қаржы бөлініп, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары толықтай аяқталған. Талас ауданы әкімдігі білім бөлімі мамандарының сөзіне сүйенсек, ғимарат аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығының филиалы ретінде өнерлі өрендерді дайындайтын болады.
Ал жуырда салтанатты түрде пайдалануға берілетін филиалдың «Қолөнер» үйірмесінің жетекшісі Арман Абдашимовтің айтуынша, қазірдің өзінде ауыл жастары ерекше белсенділік танытып, үйірмелерге қатысуға ниет танытқандарының саны күн санап өсіп келе жатыр екен.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында өскелең ұрпақтың шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажеттігін айтып, «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалыпқа келтірудің маңыздылығын қозғады. Себебі түрлі бағыттағы үйірмелер өскелең ұрпақтың заман талабына сай тұлға болып қалыптасуына үлкен ықпалын тигізетіні анық. Жолдау жүктеген міндеттер аясында аудан әкімдігі білім бөлімінің балалар мен жасөспірімдер орталығының филиалы Ойық ауылында жұмысын бастады. Мұнда «Жас техник», «Көркем жазу», «Бейнелеу өнері», «Қолөнер» үйірмелері жұмыс жасауда. Аталмыш үйірмелер қоғамдық-гуманитарлық, көркемдік-эстетикалық, жаратылыстану-техникалық бағытта жұмыс істейді. Ал үйірмелерге 6-13 жас аралығындағы 174 бала қамтылды. Балалалар бірнеше топқа бөлініп сабақ алуда, – дейді А.Абдашимов.
Округке қарасты елді мекендерде де ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Мәселен Тұрымқұл ауылында кәсіпкер Мақұлбек Мырзақұловтың демеушілігімен салынып жатқан мешіт жуырда жамағатқа есігін ашады деп күтілуде. Сол секілді аталмыш ауылдың өзге де кәсіпкерлері шағын спорт алаңын, «Батырлар» аллеясын және «Бөрібай» каналына тоспа салып беруді жоспарлап отыр.
Мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін тиімді пайдаланып, жергілікті кәсіпкерлерді елдік істерге тартып, жұдырықтай жұмыла әрекет еткеннің нәтижесінде Ойық ауылдық округі ажарлы да, базарлы ауылға айналып келе жатқанына көзіміз анық жетті.

Талғат Нұрханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.