Ойын баласының ойы қандай?

0 4

Аулада ойнап жүрген бір топ баланың ішінде тақылдап сөйлеген кішкене қыздың сөзі еріксіз назарымды аудартты.
– Қане, сол сөзіңді дәлелдейтін құжатың бар ма?
– Кешіріңіз, құрметті сот, ешқандай қағазым жоқ, – деп аянышты күйде жауап берді әлгі қызға аласа бойлы ер бала.
– Қағазың жоқ болса, сенің сөзіңе кім сенеді? Әкетіңдер мынаны, – деді әр сөзін тасқа басқандай нық айтқан тақылдақ қыз.
Байқасам, бұлар бірі сот, екіншісі айыпталушы болып ойнап жүр екен. Ішіндегі пысық қыз сот болып төрде отыр.
Біздің бала күнімізде жасөспірім аға-әпкелеріміз ұзын таяқтың басына қызыл шүберек байлап, «Қызыл ту» деген ойын ойнайтын. «Большевиктер» мен «фашистер» деген екі топқа бөлініп, ортадан сызылған шекарадан жүгіре өтіп, екінші тараптың туын алып қашып, өз аймағына тіксе, сол топ жеңетін. Ал ұсталып қалғанын «атылдың, өлдің» деп ойыннан шығарып тастайтын. Олар ту үшін барын сала күресетін. Тасқа құлап, қол-аяғын қызыл ала қан қылып, жарақаттап алғандарын да көретінбіз. Сондайда басқалары «Бұның бәрі ту үшін» деп жұбататын.
Ал бүгінгі балалардың мен куә болған ойыны – «Айыпталушыны соттау». Соттың рөліндегі пысық қыздың құжат сұрап, ол болмаса айыпталушының айтқанын сенімсіз етіп тастағаны – қазіргі адамға емес, қағазға сенім артқан қоғамды көрсеткендей әсер етті. Және басқаның қалт кетер қадамын аңдып, бірін-бірі сотқа сүйреген дәл бүгінгі бет-бейне.
Балаларға қарап отырып, өзіміздің шын мәнінде қандай екенімізді, іс-әрекетіміздің қайда бұрылып бара жатқанын байқауға болады. Қаншама ақыл айт, жақсы сөзбен еркелет, бәрібір олар үлкендердің әрекетін қайталайды. Рас, «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі».

Қ.Рахметуллина

Leave A Reply

Your email address will not be published.