Қоғам

Өз отыңды өшірме

Written by Aray2005

«Отан отбасынан басталады» деген қасиетті сөздің мән-мағынасы өте тереңде жатыр. Алайда, бүгінгі қоғам, әсіресе тепсе темір үзіп, талабы тау қопаруға қауқарлы жастар бұл сөздің тереңдігіне бойлай бермейтін секілді. Себебі, жастар арасында ажырасу эпидемиясын жұқтырғандар сағат сайын көбеймесе, азаяр емес. Ажырасу көрсеткіші елімізде елуінші жылдары әр жүз отбасыға біреуден келсе, тоқырауға толы тоқсаныншы жылдары әрбір үшінші отбасы ажырасуға мәжбүр болған. Бүгінгі көрсеткіштерден төбе шашың тік тұрады. Себебі, ислам дінін ұстанатын елдердің арасында Қазақстанның ажырасу коэффициенті бойынша көш бастап тұр.

Шаңырақ неге шайқалды?

Танымал американдық әлеуметтанушы, психолог Констанция Аронс әлемде әрбір 13 секунд сайын бір отбасы ажырасатынын есептеп, дәлелдеген. Бүгінде ең басты әлеуметтік институттың бірі – отбасын сақтау қоғамды алаңдатып отырған өзекті мәселеге айналғаны рас. Тіпті, ажырасқан, алимент төлеуден қашып жүрген ер азаматтар мен жалғызбасты аналардың жағдайына да көз үйреніп кеткендей. Бүкіл әлемде ресми, заңды некеге тұруға қызығушылық азайып бара жатқанын байқауға болады. Әсіресе, біз еліктеп, ән-жырын бабадан қалған өсиеттей тыңдап, жыртық-жамау киімін ақ жаулық пен кимешектен артық көріп жүрген Еуропада заңсыз некеден туған бала коэффициенті секунд сайын өсіп келеді. Қазақстан БҰҰ-ға кіретін елдердің ішінде ажырасу коэффициенті бойынша 24-орында. Бұл көрсеткіштің пайда болуына себепкерлердің басым көпшілігі де жастар екен. Сыйластыққа сызат түсіп, сезімі солғындаған жас отбасылар мәселені мәмілемен шешудің орнына, екі бөлек кетіп, ортада қалған баланың жандүниесіне бас ауыртқысы келмейтін секілді. Көптеген ажырасқан жұптардың сөздеріне сүйенсек, екіге айырылысқан соң өкпе-реніш пен айғай-шудан құтылғандарын айтады.
– 18 жасымда өзімнен 4 жас үлкен жігітке тұрмысқа шықтым. Әрине, басында барлығы жақсы болды. Кейін мінезі өзгерді, үйге қонбайтынды шығарды. Тапқан табысын да әкелмейтін болды. Бір-бірімізді мүлде ұғудан қалдық. Екінші балама аяғым ауыр кезде болмашы кикілжіңге бола қол жұмсады. Салдарынан бел омыртқама зақым келді. Ақыры сотқа жүгініп, 8 жылдық некемізді бұзып, ажырасып тындық. Өкінішке қарай, бақытымыз баянды болмады.
Басында балаларына келіп тұратын. Кейін өз алдына қайтадан отбасын құрғаннан кейін мүлде төбе көрсетпейтін болды. Үлкен балам биыл 1-сыныпқа барды. Қызым мектепалды даярлық тобында. Өскен сайын әкелері жайлы жиі сұрайды. Мен барынша оның жоқтығын білдірмеуге тырысамын. Қазір жалғызбасты ана ретінде Тараз қаласынан үй алуға ниеттеніп жүрмін. Ендігі менің ең басты мақсатым – бүлдіршіндерімді ешкімнен кем қылмай өсіру. Олардың болашағы әлі алда. Бастысы, құлағым тыныш. Бірақ балаларымның әкесіз өсетінін ойласам, қатты қиналамын, – дейді 26 жастағы Бақыт Мәдібекова.

Психолог пайымы

Міне, бұл біздегі теңізге айналып бара жатқан мәселенің тамшыдай ғана көрінісі. Бақыт секілді бақытқа сенімі сетінеген қыз-келіншектердің қарасы мол. Бір ғана Тараз шаһарының өзінде тұрғын үй кезегінде тұрған асыраушысы жоқ аналардың саны мыңнан асып жығылған (1 136). Психолог Фатима Бизақова жас отбасылардың ажырасуын оңайлатып жіберген және осы бір әрекетке оларды бейімдеп отырған бірнеше факторларды атап өтіп, жастарға нақты кеңесін ұсынды.
– Шын мәнінде, себеп өте көп. Әркімнің жеке тағдыры бар, проблемалары әртүрлі. Бірақ, басты себептері тұрмыстық зомбылық, ер не әйелдің ішімдікке салынуы, жұмыссыздық, жұбайлардың өмірге деген көзқарастарының сәйкес келмеуі, көзге шөп салу, материалдық қиындықтар немесе бедеулік болып отыр. Сонымен қатар, біздің елімізде ажырасудың себептерін ата-енемен тұру және күйеу жақтың туған-туысқандары арасындағы қарым-қатынастар шиеленісімен толықтыруға болады. Кейбір ата-енелер екі жастың арасына түсіп те жатады. Немесе керісінше әйел күйеуіне таңдау жаса деп төтесінен талап қояды. Бұл – Қазақстандағы ажырасудың бірден-бір кеңінен таралған себебі. Одан кейін алып қашу мәселесі тағы бар. Өздері жақын таныс емес немесе қыздың ырқынсыз алып қашып, ақырында ажырасып тынатын жұптар аз емес.
Жалпы, зерттеудің нәтижесінде ажырасуға көбіне әйелдердің бел байлап, шешім қабылдайтыны анықталып отыр. Көз жеткізгеніміздей, ажырасқан әйелдердің басым көбі балаларын жалғыз, ешқандай алиментсіз өздері асырайды. Ал, ажырасу кезінде қатты зардап шегетін жұбайлар емес, балалар. Ата-аналары ажырасқан балалар өмірдегі қиындықтарды екі есе ауыр өткереді. Психологиялық, жүйке ауруларына жиі ұшырайды. Көп жағдайда дұрыс құрылмаған қарым-қатынас пен отбасының ойрандалуы тікелей өзімізге, серігімізге, жұбайымызға, тағдырымызға байланысты деп кінәлаймыз.
Ажырасудың алдын-алу – қарым-қатынасты дұрыс құрудан басталады. Отбасын құру оңай шаруа емес, оған үлкен дайындықпен келу қажет. Жастар арасында ажырасудың шектен тыс көбеюі – адамдардың өмірлік серік таңдағанда оның жандүниесіне үңілмей, сыртқы факторларға қарап қана бағалап таңдауынан болады. Сонымен бірге, жастардың материалдық қиындық көріп, оған шыдас бермеуі де – басты себептердің бірі. Демек, дайындық болуы керек, – дейді психолог.
Сондай-ақ, маман адамның 25 жасқа дейін қарым-қатынас жасаудың жолдарын толыққанды меңгермейтінін, сондықтан, некеге осы жастан кейін отырған дұрыс екенін алға тартып отыр.

Ақ неке – Алланың аманаты

Ал, асыл дінімізде ақ некеге қатысты қандай қағидалар бар? Бұл тұрғыда облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Ғалымбек Жәпекпен пікірлесіп көрген едік.
– Ислам діні бойынша неке қасиетті болып есептеледі. Ол Пайғамбар (с.ғ.с) сүннеті. «Неке – менің сүннетім! Кім менің сүннетімнен бет бұрса, менен бет бұрған болады» және «Үйленіңдер, көбейіңдер! Қияметте мен сендердің көптігіңізбен мақтанамын», – деген хадистер бұған дәлел.
Шаңырақ көп жағдайда ерлі-зайыптылардың өз міндеттерін толық орындамауының салдарынан шайқалады. Бұл екі жаққа да оңай соқпайды. Рухы күйзеліп, жағдайы нашарлайды. Жалпы, Ислам әйел затына деген құрмет мен қамқорлықты жоғары қояды. Неке – ол Алланың алдында уәде бере отырып, жауапкершілік арқалау.
Ал, тұрмыста келіспеушіліктердің кездесуі о бастан қалыпты жағдай. Қазақ халқы «Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деп бұған кең түсіністікпен қараған. Бұндай кикілжіңді мұсылман адам сабыр және кешірім арқылы жеңуі тиіс. Отбасында шаңырақты ер мен әйелдің сыйластығы ғана ұстап тұрады. Сол себепті, жұбайлар бір-бірімен тіл табысып, жарасымды тіршілік етуі керек. «Екі жақсы қосылса, бірін-бірі қимайды, екі жаман қосылса, бір шаңыраққа сыймайды» деп ата- бабаларымыз бекер айтпаған, – дейді облыстық Һибатулла Тарази мешітінің найб имамы Ғалымбек Жәпек.
Соңғы бес жылда Қазақстанда 700 мыңға жуық отау тігілсе, оның 300 мыңдайы ажырасып үлгерген. Яғни, қиылған некенің жартысына жуығы қайта бұзылды деуге болады. Ал, біздің Жамбыл өңірінде былтыр 3 200 неке бұзылса, биылғы алты айдың өзінде 1 600 отбасының ойраны шыққан.
– Өйткені, қазір отбасы жауапкершілігін сезінетін ерлі-зайыптылар тым азайып кетті. Болмашы нәрсе үшін ұрыс-керіс шығарып, отбасының берекесін қашыратындар жетерлік. Оның соңы ажырасуға бастайды. Көбіне ер-азаматтар отбасы жауапкершілігін түсіне бермейді. Отбасына ие бола алмағаны аздай, көпшілігі ажырасқан соң бала-шағасына алимент төлеуге де қауқарсыз. Сондықтан, қоғамымыздағы ерлі-зайыптылардың жауапкершілігін көтерген орынды. Бас салып оларды жазалаудан гөрі ажырасудың себеп-салдарына үңіліп, ол мәселелердің шешу жолдарын қарастыру керек секілді.
Мәселен, Кеңес Одағы кезінде неге ажырасу қазіргіден аз болды? Рас, ол кездері ерлі-зайыптылардың отбасын құруға деген жауапкершілігі жоғары еді. Оған қоса, жас отбасыларға жайлы жағдай жасалатын. Оқуды бітірді ме, жолдамамен жұмысқа жіберетін. Барған жерінде үйі дайын тұратын. Ал, қазір жас отбасылардың баспанасы түгіл, жұмысқа тұруы да үлкен мәселе. Жұмысы болған күннің өзінде, аз жалақымен баспана ала алмайды. Жетіспеушілік салдарынан ұрыс-керіс көбейеді. Сондықтан, жас отбасыларға арналған жатақханаларды көптеп салуымыз керек секілді. Тіпті, әрбір мекеменің өз жатақханасы болуына көңіл бөлінсе нұр үстіне нұр болмақ, – дейді заңгер Жәмила Еспенбетова.
«Үйлену оңай, үй болу қиын» деп халқымыз бекер айтпаған. Мұның барлығы бүгінгідей бейбіт өмірде орын алып отырған боямасыз шындықтың көрінісі. Ал, бұрынғы аналарымыз қандай еді?
– Ажырасу біздің қоғамға да, ұлттық болмысымызға да, сана-сезімімізге де мүлдем жат көрініс. Мен 18 жасымда тұрмыс құрдым. Жолдасым шаңырақ көтергеннен кейін 1 жыл өткенде әскер қатырына шақыртылып, азаматтық борышын өтеуге Венгрияға аттанды. Сол сәтте менің аяғым ауыр еді. Өздеріңіз білетіндей, ол кезде әскерде ер-азаматтар 3 жыл борышын өтейтін. Жолдасым оралғанда алдынан тұңғышы жүгіріп шыққанда әке мен қызының махаббатын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әрдайым санасып, сыйластықпен ғұмыр кештік, 12 құрсақ көтердім. Батыр ана атандым. Күйеуім екеуміз солардың бірін қалдырмай, барлығын жоғары оқу орындарына оқуға түсірдік. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай ер жеткіздік. Аяққа тұрғыздық. Жолдасым 55 жасында дүниеден өтті. Мен әлі оның қара шаңырағының отын сөндірмей, ұрпақтарына аналық тәлімімді беріп отырмын. Қазір 70-ке жуық немере-шөберем бар. Толыққанды бақытты отбасы болу үшін ең бастысы сыйластық керек. Түсініспеушілік әр жанұяда бар нәрсе. Оның барлығын сабырмен, ақылмен ғана жеңуге болады, – дейді 76 жастағы алтын құрсақты аяулы ана, «Алтын алқа» иегері Айзада Әбдіқожаева.

Міне, текті ұлтымыздың осындай ана­лары­на қарап, көңіліміздің марқаятыны рас. Кейде «Неге ашу үстінде ажырасуға бейім тұратын жастарымыз құндылықтарымызды құрбан еткен қоғамның қоқыстарын таңсық еткенше, ақ жаулықты аналарымыз бен асқар тау әкелерден үлгі алмайды екен?» деп қынжыласың. Тіпті, кейде ерлі-зайыптылардың баланы емес, өздерінің қара бастарын ойлап жатуы да көңілге қаяу түсіреді. Қазір Қазақстандағы әр үшінші неке бұзылуға бейім тұр екен. Және ең қорқыныштысы, ажырасудың саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Қалай дегенмен, анаға ер-азамат, әкеге басқа қыз-келіншектің табылатыны рас. Алайда, балаға нағыз ата-ана табылмайды. Осыны ешқашан ұмытпасақ екен.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР