Жастар.kz

Өзекті өртейтін өкініш

Written by Aray2005

Өрімдей жастар неге өз-өзіне қол жұмсайды?

Бүгінгі қоғамда суицид деп аталатын сұрапыл індет санаға салмақ салып, төбеден төніп, дамылсыз дендеп барады. Ресми деректер бойынша, жыл сайын елімізде 200-ден астам жасөспірім өз-өзіне қол жұмсайды екен. Ел сенім артқан өрімдей ұрпақты өлімге итермелейтін қатерлі дерттің жетегіне еріп, желкесі қиылған жастардың саны көбеймесе, азаяр емес. Әлемдегі 5-15 жас аралығындағы балалардың суицид жасауы бойынша Қазақстан 9-орында тұрса, 15-29 жас аралығындағы жастардың өзіне-өзі қол жұмсауы бойынша еліміз төртінші орында. Өкініштісі, өлім құшқан өскелең ұрпақтың не себепті ондай қадамға баратыны жұмбақ күйінде. Ізі қайғылы індеттің қара тізімінің қатарында жамбылдық жастар да бар.

Ақырын жүріп, анық бас

Алысқа бармай-ақ қояйық, биылдың өзінде бір қыз баласы өз-өзіне қол жұмсап, қыршынынан қиылған. Тараз қаласындағы үйінде белгісіз жағдайда асылып, жан тапсырған Дана Арғынбаеваның жасы бар болғаны 17-де еді. Бұған қоса биылғы 27-сәуірде көне шаһардағы қоршаусыз жатқан құрылыстың бірінен секіруге бел буған 19 жасар бойжеткеннің де әрекеті бейжай қалдырмаса керек. Медицина саласы бойынша биыл колледж бітіргелі отырған өрімдей қыздың жетекшісі студентінің мұндай қадамға не себепті барғанын түсінбей дал.

– Оның сабақ үлгерімі өте жақсы. Қоғамдық шараларға да белсенді атсалысады. Өрескел қылықтары жоқ. Топта 22 студент оқыса, солардың барлығымен қарым-қатынасы түзу. Мінезінен мін байқалмайтын. Ондай әрекетке барады деп ойламаппын. Анасы қарапайым шаруа кісі, өгей әкесі мүмкіндігі шектеулі жан. Өзі үйдің үлкені. Сол күні жігітімен ұрысып қалғанын естідік. Қазіргі уақытта практикасына барып жүр. Биыл оқуын бітіреді. Бірақ, жіті бақылауымызда, – дейді жетекшісі.

Бойжеткен жағдайының бірқалыпты екенін естіп, көңіліміздегі күдік сейілгендей болды. Қазір оқу озаты медициналық мекемелердің бірінде тәжірибе жинақтауда. Оған қоса ұстаздары оның тұрмысқа шығуға дайындалып жүргенін де тілге тиек етті. Егерде, дәл сол күні жазым болғанда, күллі арман-мақсаты күлге айналарын бойжеткен бір сәтке болса да сезінген шығар деген ойға қалдық.

Ата-аналар баласымен ашық сөйлесуі керек

Қоғамның алаңдаушылығын тудырып отырған мәселеге орай, біз «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Парида Мамедованың пікірін білдік.
– Суицид – өте күрделі мәселе. 2015 жылға дейін көп жастар ҰБТ-ға қатысты өзіне қол жұмсауға дейін барды. Бүгінде педагог-психологтар тарапынан түсіндіру шаралары күшейтілуде. Сондай-ақ, жеткіншектер махаббат мәселесіне де жігерсіздік танытуда. Жалпы, психологиялық ерекшелігіне байланысты 14-22 жас аралығындағы өрендердің өн бойында «ми химиясы» процестері ерекше жүреді. Баянсыз махаббат бұл жастағылар үшін үлкен соққы. Бұл індет біздің қоғамда жақсы зерттелмеген. Себебі, ата-аналар перзенттерімен ашық сөйлеспейді. Оның үстіне көбінің жұмыстан қолы босамайды. Сондықтан мұндай балалар көбіне психологиялық «жалғыздық синдромына» шалдығады. Ішкі сырын ата-аналары сұрамайды, ал достарына ашылып айта алмайды. Ішқұса болған бала өзін-өзі мүжи береді. Аяғы суицидке алып баруы әбден мүмкін.

Қазір қоғамның көзқарасы мүлдем басқаша. Адамдар әлеуметтік желілерде ақша, байлық, әдемі өмір туралы сөйлейді, ал ішіндегі болып жатқан жағдайды сыртқа шығармай, жасырады. Мұны тұрмысы төмен отбасында тәрбиеленген бала оқитын болса, ол өз-өзін қоғамнан іштей шеттетеді. Сол үшін біз материалдық дүниені емес, рухани құндылықтарды насихаттауымыз керек, – дейді Парида Иманжанқызы.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы жастарға қауіп төндіріп, ажалға итермелеп отырған интернет мәселесін де тілге тиек етті.

– Жасыратыны жоқ, қазір жастар интернетті белсенді түрде пайдаланады. Ғаламторда қауіпті нәрселер өте көп. Мысалы, «Бағдаршамның қызыл түсі жанып тұрғанда 15 секундта жолды кесіп жүгіріп өте аласың ба?», «Қаланың ең биік ғимаратына шығып, селфи түсуге батылың жете ме?» деген экстрим талаптар жетерлік. Жастар осылайша кейде абайсызда суицидке барады. Облыс жастары соңғы 2 жылда «Синий кит» секілді интернеттегі жат пиғылды ойындарды көп ойнаған. Ал, оны жасағандардың пиғылы түсінікті. Сондықтан біз қызықты шаралар мен көркем әдебиет арқылы жастарды рухани байлыққа жетелеуіміз керек. Суицидтен рухани тазарып, жаңғыру арқылы ғана арыла аламыз,– дейді маман.

Жазғы демалыста «жалғыздық синдромы» артады

Жалпы, статистикаға сүйенсек, Қазақстанның ауылдық жерлеріндегі балалар мен жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол салу фактісі қаладағыдан көбірек екен. Психологтар, тіпті балалардың төрт жасынан суицид жайында ойлай бастайтынын растап отыр. Жастардың өз-өзіне қол салып, өмірмен қош айтысуы жазғы демалыс кезінде өршитін көрінеді. Біз қоғамды алаңдатып отырған бұл жайтқа қатысты «Тәжірибелік психология» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «ӘнНұрФат» психологиялық орталығының басшысы Фатима Бизақовамен де сөйлестік.

– Жастарды суицидке апаратын ең басты екі себеп бар. Біріншісі – кінәмшілдік. Балалар өзін немесе ата-анасын кінәлайды. Ал, 12-13 жаста қоғамды, қоршаған ортасын кінәлайды. Себебі, ата-анасының жұмыссыз жүргенін, өздерінде үй, көлік болмағанын қоғамнан көреді. Екіншісі – ұят. Бұрнағы жылы маған 11 жастағы қызды алып келді. Қыз жаңадан мектепке келгенде сыныптағылар оны «Жағымсыз исің бар» деп мазақтаған. Содан ол мектепке бармай, күнде көше аралап, қаңғыбас болып кеткен. Ата-анасы дер кезінде сөйлесе алмаған. Іс насырға шауып, аяғы қауіпке тірелгенде ғана бізге келді.
Қазір мектептегі оқушылар «Айфон» маркалы телефон ұстап жүр. Ертең оқушы сол телефонды өскенде өзі еңбекпен таба алады ма, соған шамасы жете ме? Оған мән бермейді. Ондай сезім сенімнен пайда болады. Ал, сенімді үйдегі ата-ана береді. Шындығында қазіргі ата-аналар балаға қандай тәрбие беру керектігін білмейді де, – дейді психолог.

Маманның айтуына қарағанда дәл осы суицидке байланысты психологиялық көмекке жүгінетін өтпелі кезеңдегі жастардың қарасы көп екен. Оларды алаңдататын мәселе – баянсыз махаббат, ата-анасымен ұрыс, болашақ үшін қорқыныш.

– Жалпы, суицидке бармақ болған адамды 3 айға дейін бақылауда ұстаған жөн. Ал, бізде ары кетсе 3 аптадан кейін қалыпқа келді деп көбіне жібере салады. Негізінде нақ сол уақыттан кейін бұл әрекет еріксіз қайталануы мүмкін. Сол үшін жіті назарда ұстау керек. 3 айдан кейін ғана оның ой-санасы орнына түседі. Әр ата-ана күнделікті 20 минут уақытын балаға арнауы тиіс. Олардың көбі «Баламен не деп сөйлесе береміз?» дейді маған. Дым таппаса өзінің балалық шағын айтсын. Перзентінің ой-армандарын сұрасын. Бірге ойнасын. Баяғыда әкелеріміз «ат» болып арқасына мінгізетін. Нарықтық заман деп рухани дүниелерді, адами қасиетті ұмытуға болмайды. Осыларды балаға түсіндіру абзал.

Негізінде суицидке көбіне жасқаншақ, томаға тұйық балалар жиі барады. Бізде ата-аналар қит етсе балаға әлімжеттік көрсетіп, қатты ұрып, сағын сындырып тастайды. Ол әке-шешесін жақсы көргендіктен, оларды емес, өзін ғана кінәлайды. Өзін қатарластарынан төмен санайды. Алға жүре алмайды. Сондықтан бала алдында тек ата-ана ғана емес, дос та болу керек, – дейді Фатима Әбдіқызы.

Құран Кәрімде қатаң ескертілген

«Қасиетті Құран Кәрімдегі Ниса сүресінің 29-аятында: «Өздеріңді өздерің өлімге қимаңдар», – деген Алла Тағаланың ескертуі бар. Ал, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.ғ) хадистерінде: «Кімде-кім у ішіп өлетін болса, ол тозақта сол уды мәңгі ішетін болады. Егер кімде-кім өзін жардан тастап өлетін болса, ол тозақтың түбіне мәңгі тасталады», – делінген. Жалпы, мұсылман әлемінде өз-өзіне қол салу харам іс болып табылады. Алайда, ашушаңдық, сөз көтермеу, жеңіл ойлау, тез берілгіштік, сабырсыздық пен шыдамсыздыққа бой алдырған жастар басқа түскен болмашы қиындыққа тез беріліп, қалың қайғының тұңғиығына батып, тумай жатып жалғаннан жалығуда. Мамандар суицид жасағандардың 70 пайызы өз мақсаттарын қандай да бір түрде білдіретінін айтып отыр. Олар ашылып әңгімелескісі келеді, біреудің оны тыңдағанын қалайды. Кейбір суицидті жоспарлаған адамдар аяқ астынан достарына, туыстарына заттарын беріп, сыйлықтар үлестіре бастайды. Тіпті, өзі үшін қымбат, құнды саналатын заттарын да оңай қия салады. Не болмаса, әлеуметтік ортадан қашқақтайды, мінез-құлқы бұзылып, ештеңеге мән бермей, қызығушылығы жоғалып, сүлесоқ, немқұрайды қалыпқа енеді. Үсті-басына қарамай алқам-салқам жүреді. «Ауыр металл» музыкалық жанрына әуестігі артады. Бұған қоса, денесін тілгілеп тастауы, дәрі-дәрмек жинауы, психикаға әсер ететін заттарды қолдануы да қауіп белгісі болуы мүмкін. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай көріністер алдағы бақытсыздықтың белгісі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымдары 2020 жылдарға қарай өзіне-өзі қол салу көрсеткіші артады деген болжам жасап отыр. Қорқынышты, әрине. Бұл бір адамның, отбасының ғана емес, әлеуметтік, қоғамдық, мемлекеттік мәселе. «Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді» дейді халық даналығы. Сондықтан мәселені жасырмай, жан-жақты зерделеп, алдын алудың нақты жолдарын осы бастан анықтағанымыз абзал болар.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР