Өзгерістер жолы – даму жолы

0 44

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,
«Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі

Биыл қазақстандықтар үшін ерекше жылдың мән-мағынасы да, ұлттық сипаты да аса бағалы. Ол – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы. Егер ұлттың бақыты – дербес мемлекет болып, өркениет жолында даму мен өсіп-өркендеудің табыстарын ең әуелі халықтың өмір сүру сапасы жақсарып, әл-ауқатының артуымен қарайтын болсақ, еш талассыз Қазақстанның жаңа мыңжылдықта қарқынды дамыған мемлекеттердің қатарынан көрініп қана қоймай, халықаралық қауымдастықта іргелі де қабілеті мен әлеуеті мол елдердің озық шоғырынан ойып тұрып орын алуын тарихи жетістік деп сезіну құрметіне ие болдық.

Бүгінгі Қазақстанның дамуына өлшеусіз үлес қосқан Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бекітіп, бағамдаған еліміздің ішкі және сыртқы саясатының тұжырымдары мен ұлттық бағдарламалары қазіргі жаһандық әртүрлі өзгерістер мен қауіп-қатерлерді ескере отырып, одан әрі толыға түсті және жалғасын табуда. Сабақтастық пен жаңғыру қадамдары өз нәтижесін беруде. Бұл тұста ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауындағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың жаңа деңгейге көтерілуі өте маңызды. Қоғамдық және әлеуметтік әділдіктің орныға түсуі азаматтық, яғни үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы жандана түскенін байқауға болады. Әділет министрлігінің мәліметі бойынша елімізде 22 344 үкіметтік емес ұйым тіркелсе, соның 16 421-і шын мәнінде өз деңгейінде тұрақты жұмыс істейді. Әріптестікпен өзара іс-қимыл атқарудың жинақталған тәжірибесі де аз емес. Айталық, Жамбыл облысында 1 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген.
Ал солардың ішінде, әлбетте, қандай әлеуметтік топтардың мүддесін қорғайтын ұйымдардың қызметі танымал екенін жұрт біршама жақсы біледі. Мәселен отбасы мен бала тәрбиесімен айналысып, осы тақырыпта жүйелі жұмыс жүргізу қандай кезде де аса қажет және маңызды.
Отан – отбасынан басталады. Әрбір отбасын сақтау – отбасымыздың берік болуының кепілі. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жас шаңырақ бақыт бесігіне айналуы тиіс. Олардың әрқайсысына тұтастық пен татулықтың дәстүрін орнықтыруымыз керек» деп нақты атап өтуі әрбір үкіметтік емес ұйымдардың басты жұмыс бағдары болуы керек. Зиялы қауым өкілдері мен ұстаздар ғана емес, әрбір толқын – әрбір ұрпақтардың танымал адамдары жасына қарамастан, өскелең ұрпақтар арасында отбасының құндылықтарын дәріптеуі қажет.
Мұның мемлекет үшін маңызы зор. Әрбір шаңырақтың шаттығы мен беріктігін ешнәрсемен салыстыруға келмейді.
Халықтың әлеуметтік жағдайын, тұрмыс сапасын жақсарту ешқашан күн тәртібінен түскен жоқ. Қоғамдағы азаматтардың белсенділігі жөнінде жоғарыда айтылған жеке пікірімізді ойласу мақсатымен ортаға салып жатырмыз.
Біз мемлекет пен қоғам бірлігінің тарихи кезеңдеріне аздап шолу жасағанда, әрине, әрбір адамның ынта-ықыласы мен жеке азаматтық белсенділігіне көп мән беруіміз қажет.
Бұл өмірде уақыт ағысында мәселе туындамай тұрмайды. Өзекті тақырыптарда ашық пікірлесу, түрлі көзқарастарды тыңдай отырып, сенімділік жағдайын қалыптастыру адал дәйекке, шынайы әділдікке шектесуі әбден жөн.
Айталық, жалпы әлеуметтік саланың барометрі болып табылатын әлеуметтік топтар бар. «Халыққа адалдық бір адамға адалдықтан басталады» деген дәйекті сөз ақиқаты әрбір азаматтың мұң-мұқтажы немесе ұсыныс-пікірі аяқсыз қалмауын қадағалау – өмірлік шарт. Сондай-ақ елімізде жүзеге асырылуы аса қажет және мемлекеттік бағдарламалардың мүлтіксіз орындалуының мақсат-мүддесі ашық әрі жұртшылыққа толық жетуін қадағалаған абзал.
Қазақстан қоғамы биыл Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауында «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасын жан-жақты қолдап, қатары қалың жақтастары бар партияның айқын жеңіске жетуіне зор үлес қосқаны баршаға мәлім.
«Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы алғаш рет 216 аймақтық бағдарламада егжей-тегжейлі көрініс тапты. Бұл алға қойған міндеттерді еліміздің кез келген өңірінде, барлық деңгейде тиімді іске асыруға мүмкіндік береді.
Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үстіміздегі жылы 14 қаңтарда Мәжілістегі «Nur Otan»
партиясы депутаттық фракциясының жиналы­сында нақ осы халықтық қолдауға ие болған сай­лауал­ды бағдарламаны жүзеге асыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Бұл аса маңызды бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында Үкіметпен бірлесе отырып, әр жылға нақты көрсеткіштері бар «Жол карталарын» әзірледі.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әрбір өңірде, қала мен ауданда жүйелі бақылауды қамтамасыз ету үшін нақты нысаналы индикатор мен мерзімдері белгіленген. Сондай-ақ оған жауапты орындаушылар айқындалған. Бұл ортақ іске депутаттар да белсене қатысып, бағдарламаның жүзеге асуына жауапты екені қарастырылған.
Мәселен Жамбыл облысында алдағы 5 жылда 986 көрсеткіш пен 102 іс-шараны орындау көзделген. 2021 жылы Сайлауалды бағдарлама 210 көрсеткіш бойынша 19,3 пайызы, 2022 жылы 214 көрсеткіш бойынша 19,7 пайызы, 2023 жылы 217 көрсеткіш бойынша 19,9 пайыз, 2024 жылы 219 көрсеткіш бойынша 20,1 пайыз, ал 2025 жылы 228 көрсеткіш бойынша 20,9 пайыз орындалады.
Тұтастай алсақ, көзделеген міндеттер мен жобалар 5 жыл ішінде толық орындалады.
«Жол картасына» сәйкес, яғни осы мерзімде 84 мың жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ 1 221
шақырым жол жөнделіп, 697 шақырым су құбыры тартылады, 107 елді мекен газ отынымен қамтамасыз етіледі. Барлық салалар бойынша орасан жұмыстар атқарылатын болады.
Бізді әрбір тұрғынның өмір сүру деңгейін арттыру бағытындағы ортақ мақсат біріктіреді. Депутаттар сайлау алдындағы берген уәделердің орындалуын бірінші кезекте қарастырып отырады.
Адамдардың өмірін жақсартуға мүмкіндік беретін «Жол картасын» жүзеге асыру барысын толық бақылауға алу жұмыстарын сипаттайтын болсақ, ел дамуының жаңа тарихи дәуірінен толық хабар береді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде көздеген мақсатқа жету үшін барлық салаларда дәйекті өзгерістер жасалатынын, ол үшін қандай мақсаттарға мән беруіміз керек екенін айтты. Қазақстан Президентінің айтуынша, ең алдымен, құқықтық мемлекетті дамытуға және азаматтардың билік органдарына сенімін нығайтуға күш салу керек. Сондай-ақ Мемлекет басшысы жаңа стандарттарға сәйкес 3500-дей ауылды жаңғыртып, айналасындағы елді мекендердің тірегі саналатын әрбір ауылға апаратын жолдар мен республикалық маңызы бар күрежолдар 100 пайыз жөнделетінін де айтты.
Елімізде қолға алынған оң өзгерістер адамдардың өмір сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыруға зор мүмкіндіктер береді және қоғам дамуының айқын көрінісі болады.

Нұр-Сұлтан қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.