Өзі кетсе де, артында өшпес еңбегі қалды

0 11

«Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі облыстық көрме залында суретші-өңдеушісі Вера Жуланованы еске алу кеші өтті. Салтанатты шараға суретшінің жақындары мен әріптестері қатысты.
Осыдан бір жыл бұрын 64 жасында дүние салған өңірге белгілі суретшіні еске алу шарасында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрлан Бықыбаев алғаш болып сөз алып, артында қалдырған мол мұрасы туралы ойын білдірді. Сондай-ақ ол Вера Викторовнаның облыс мәдениетіне қосқан өлшеусіз үлесін тілге тиек етіп, өнері арқылы жастарға тәрбие беріп кеткенін сөз етті. Сонымен қатар облыстық музейдің директоры Сейітжан Ілияс суретшінің аймақтан табылған көне жәдігерлерді қайта қалпына келтірудегі еңбегіне тоқталып, шәкірт тәрбиелеудегі еңбегін атап өтті.
Жиында сондай-ақ облыстағы тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Ғалия Әлімжанова да әріптесі туралы жылы естеліктерін айтып, оның мамандығынан бөлек адамгершілік қасиеттерін көпшілікке үлгі етті. Бұдан өзге суретші-өңдеушінің жұбайы Иван Плотников ақтарыла сөйлеп, кештің ұйымдастырылуына мұрындық болған әріптестеріне алғысын білдірді. Салтанатты шарада Вера Жуланованы қызметтес болған әріптестері ол туралы естен кетпес естеліктерін айтып, арнау өлеңдерін де оқыды.
Салтанатты шарадан соң жиналған көпшілік көрмеге қойылған суретшінің төл туындыларымен танысып, өткенге саяхат жасады. Жеткен жетістіктеріне көз жүгіртіп, өз саласының шыңына шыға білген суретшінің өмір дерегіне қанықты.

Шынболат Сейдуалиев

Leave A Reply

Your email address will not be published.