«Өзім салған зәулім үйлер көзіме ыстық көрінеді»

0 5

Задында «Адам өз өмірінің сәулетшісі» деген нақыл сөз бекер айтылмаған. Даралар да, қаралар да, даналар да қонақ болып өтетін мына дүниеде әркім өз өмір соқпағын өзі сомдайды.

1998 жыл. Екі ғасыр тоғысында Ақмола қаласының Қазақстан астанасы болып жариялануымен Алатаудың баурайынан жаңа қоныстанушылардың үлкен көші қозғалды. Алдымен мемлекеттік аппарат қызметкерлері мен олардың отбасылары келіп орнықты. Осыған дейін провинция орталығы болып, қоңырқай тіршілік кешкен шаһарда бұрын-соңды болмаған екпінді құрылыс етек алды. Еліміздің түкпір-түкпірінен жүздеген, тіптен мыңдаған адамдар болашақтың қаласын бетке алды. Олардың қатарында шенеуніктер де, ғалымдар да, ұстаздар да, әртістер, әскерилер де, сәулетшілер де, құрылысшылар да, студенттер де, тіптен қарапайым еңбек адамдары – көше тазалықшылары да, етікшілер де болды. Осылайша, көптеген армандар мен тілектер Есілдің жағалауында тоғысып жатты…
Әскер қатарынан оралған Жеңіс Әуелбеков те келешек тағдырын Арқа төсінде жаңадан салынып жатқан елордамен байланыстырып, өмірінің жаңа парағын осында бастау үшін аттанған көп жастың бірі еді. Ол шекара әскерлерінде мерзімді қызметте жүріп алған тәлім-тәжірибесін күштік құрылымдарда қолданғысы келді. Алайда, бір ай уақытын өткізіп, өзі қалаған жұмысқа орналаса алмады.
Бұл кезде қала алып құрылыс алаңына айналған. Төңіректің бәрінде крандар. Бойшаң ғимараттар бірінен соң бірі жарысып, бой көтеріп жатты. Жігіт көп ойланбастан «Алматықұрылыс» фирмасына қарапайым жұмысшы болып қабылданады.
– Компания бұл кезде Президентке тікелей бағынатын «Ұлттық Ұлан» жатақханасының құрылысын жүргізіп жатты. Бұл бұрын орта кәсіптік-техникалық училищенің ғимараты болған екен. Жатақхана үшін оны қайта жаңғыртып, ішкі қабырғаларын бөлу, сылау, әрлеу, жанынан асхана, санитариялық бөлім сынды қосалқы қызметтік ғимараттар салу жұмыстары атқарылды, – деп еске алады Жеңіс.
Бұл объектіні мерзімінен бұрын тапсырғаннан кейін құрылыс фирмасы Күләш Байсейітова атындағы Қазақ опера және балет театрының ғимаратын жаңғыртуға кірісті. Бейіні сәйкес келгенімен, алдында «Целинный» кинотеатры болған ғимаратты театрға айналдыру үшін құрылысшылар көп еңбектенді.
Осы кезеңде компания Қазақ ұлттық музыка академиясының бас ғимаратын, «Астана» теміржол вокзалын қайта жаңғырту жобаларына қатысты.
2000-жылдардың басында «Алматықұрылыс» фирмасы «Жадыра бюлдинг», «Алматыоблтяжстрой» фирмаларымен бірігіп, іріленіп, «Құлагер» корпорациясы болып қайта құрылды. Компания салмақты тендерлерге қатысып, ірі құрылыс объектілерін, тұрғын үй кешендері мен жеке коттедждерді тұрғыза бастады. Жұмысшылар санымен қатар, құрылыс сапасы да артты. Мемлекет стратегиялық маңызды нысандардың құрылысын сеніп тапсыратын болды.
2002-2007 жылдар аралығында корпорация Есілдің сол жағалауынан ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің 40 қабаттық әкімшілік ғимаратын тұрғызуға қатысты. Сәулет үлгісі ерекше, сырт көркі тартымды ғимарат «Транспорт тауэр» деген атауға ие болды. Одан бөлек, қаланың ішкі және сыртқы аймақтарындағы ондаған әлеуметтік-мәдени нысандардың құрылысын жүргізді.
Уақыт өте келе Жеңіс Әуелбековтің шеберлігі шыңдала түсті. Құрылыс саласында әжептәуір тәжірибе жинақтап үлгерген жігіт әуелі V разрядты сылақшы, тас қалаушы бола жүріп, ауысым шебері, бригада жетекшісіне дейін жоғарылатылады. Дегенмен, ол әуел баста діттеген мақсатынан айнымай, жоғары білім алуды көздейді. Жұмыстан қол үзбей жүріп, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің инженер мамандығын алып шығады.
Он жылдай еңбек етіп, қаланың сәулет стиліне, бет-бейнесіне өзіндік үлесін қосқан құрылысшы жігіт 2010 жылы туған еліне оралды. Бұл кезде өзінен кейінгі екі бауыры да үйленіп, үш отбасы әке-шешенің шаңырағында күн кешіп жатқан. Жеңіс құрылыс саласында жинаған тәжірибесін қолданып, өзіне және бір бауырына жеке үй тұрғызды.
– Астанада болған жылдарымда өмір маған көп нәрсені үйретті. Қазір, Құдайға тәубе деймін, жағдайымыз ел қатарлы. Ауылда қолы қимылдағанның тұрмысы жаман болмайды. Қазір ауылдағы үйлердің шатырын жауып беріп жүрмін. Астанадан келгелі бері 25-тей үйдің шатырын жаңалап бердім. Бес балалы болдым, – дейді Жеңіс Әуелбеков.

Абылайхан СӘРСЕН,
Жуалы ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.