Озық ойлы оқушылар Дулати университетінің грантын жеңіп алды

0 73

Дулати Университетінде «Жастар – болашаққа жол бастар» интеллектуалды ойыны өтті. «Экономика және құқық» факультетінің ұйымдастыруымен өткізілген шара басталмас бұрын факультет деканы Қайрат Ернишев қатысушыларға сайыс талаптарын түсіндірді. Өз сөзінде Қайрат Асылбекұлы университетте білім алу ақысына 100, 50, 30 пайыздық жеңілдік беретін грантты жеңіп алу үшін бітіруші түлектер ҰБТ-ның 4 мүмкіндігінде 100 балдан асатын көрсеткішке ие болуы керектігін айтты.

– Жеңілдік 4 жылға жарамды. Дегенмен оқу барсында GPA көрсеткіші төмен болған жағдайда жеңілдік өз күшін жояды. Алдағы уақыттарда үздіктердің қатарынан көрініп, білім мен шығармашылықты бірге алып жүрген жағдайда, студент осы университеттің магистратура бөліміне түссе, оқытушы құрамында қалу мүмкіндігіне ие болады, – деді факультет деканы.

Интеллектуалды ойынға облыс аудандары мен Тараз қаласының мектептерінен 187 талапкер қатысуға өтініш білдірген. Ойынның 2-ші кезеңіне оза шапқан 32 талапкер жолдама алды. Екінші кезең бойынша қатысушыларға арнайы дайындалған құқықтық сауаттылық және бейінді пән бойынша барлығы 50 сұрақтан тұратын, бірнеше дұрыс жауаптан құралған тест жұмыстары берілді. Көрсетілген уақыт ішінде оқушылар комиссия мүшелерінің бақылауымен, санитарлық талаптарды сақтай отырып аудиторияларда тестілеу жұмыстарын тапсырды. Кезең қорытындысы бойынша 32 қатысушының тек 6-ы ғана 3-кезеңге жолдама алды.

Ойын соңында университет ректорының қолдауымен ең көп балл жинаған интеллектуалды ойын жеңімпаздары төрешілердің шешіміне сәйкес жүлделі орындарды өзара бөлісті. Атап айтқанда,  І орын иегері Бексұлтан Бектұрсынов университеттің 100 пайыз, ІІ орын иегері Аружан Абилдаева 50 пайыз, ІІІ орын иегері Абылай Есен 30 пайыз жеңілдікке ие болып, алғыс хаттар және естелік  сыйлықтармен марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.