Озық ойлы оқушылар жамбылдық туризмнің дамуына жаңа леп әкелмек

0 29

Әлемде ғылым мен білімнің алатын орны айрықша. Өйткені бүгінде өркениетті елдердің тасы соның арқасында өрге домалап отыр. Оның үстіне адамзат тұрмыстық қажеттілікке қатысты рақатын көріп отырған барлық игілікті іске ғылым мен білімнің арқасында қол жеткізді. Ал біздің мемлекетіміз бұған дейін ғылым мен білімді дамытуға, белгілі бір жаңалық ашумен айналысып жүрген ғалымдарға нақты қолдау көрсетуге аса мән бермей келгенімен, соңғы уақытта бұл олқылықтың орны толтырыла бастады.

Ашығын айтқанда, аталған саланы дамытуға қатысты жүйелі саясат енді-енді ғана қолға алынып жатыр. Соның арқасында қазіргі таңда ғылымға бет бұрған озық ойлы жастардың қатары көбейе түсті. Әсіресе ғылыммен айналысуға деген құлшыныс мектеп оқушыларының арасында белсенді байқалуда. Осы орайда өз өңірімізді сөз ететін болсақ, тың жаңалық ашып, елді таңғалдырып жүрген балалардың дені Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқып жүр. Олардың бірі жайылымда жүрген малдың қайда екенін анықтайтын GPS трекер ойлап тапса, тағы бірі адамның дене қызуын өлшейтін, дімкәстанып қалғанынан хабардар ететін балаларға арналған смарт сағат жасап шығарды. Сол секілді дене қызуы көтеріліп тұрған адамға өздігінен ашылмайтын ақылды есік сынды бұдан да басқа көптеген құрылғылар осы оқушылардың қолынан шыққан бұйым.
Осы тектес жаңалық ашып, ұсынған ғылыми жобасы арқылы республикалық түрлі байқауларда көзге түсіп жүрген жеткіншектер – 12-сыныпта оқитын Балнұр Ибраш пен 10-сынып оқушысы Аружан Жақсылық. Олар Тараз қаласы мен оның маңайындағы ежелгі қалалар мен киелі жерлердің, көне жәдігерлер мен тарихи орындардың, ежелгі сақтар мен түркілердің «тас кітабы» саналатын петроглифтердің нақты қай жерде орналасқанынан хабар беретін «Ботамойнақ – Тараз қалашығы» атты перспективалық туристік маршрут жасап шықты. Осы істі қолға алу барысында әр аумаққа жіті сипаттама беріліп, туристік ресурс ретінде назарға алынған. «Геотрекер» арнайы қосымшасының көмегімен бақылау мұнараларының, петроглифтердің және археологиялық қазбалардың орналасқан жері белгіленген. Осылайша картаға тарихи және археологиялық нысандар мен олардың технологиялық мазмұны енгізілген екен.
Зерттеу объектісі ретінде негізінен Тараз қаласындағы және шаһарымыздан 30 шақырым қашықтықта орналасқан Ботамойнақ жері, одан бөлек Сандық тауындағы жауды бақылап тұратын дабылды мұнаралар мен қиядағы петроглиф секілді маңызды орындар таңдап алыныпты. Аталған аймақтарды зерттеу барысында алынған материалдар туристік жорықтың сметасын, бағыт кітапшасын, маршрут паспортын, маршруттың техникалық сипаттамасын және картографиялық материал жасауға негіз болған көрінеді. Тағы бір айта кетер жайт, мұның жетістігі – Тараз өңірлік университеті студенттерінің тарих, өлкетану және туризм сабақтарында осы жұмыстарды қосымша материал ретінде пайдалануында болып тұр. Сондай-ақ «Туған елге тағзым» бағдарламасы аясында экскурсиялық-танымдық бағыт ретінде пайдаға асыруға да жарайды. Жоба авторлары алдағы уақытта мұның өңірдегі туристік ресурстардың әлеуетін кеңейтуге, жалпы туризм саласын дамытуға септігін тигізетінінен үмітті.
– Біз әзірлеген «Ботамойнақ – Тараз қалашығы» туристік маршруты облысымыздың және бүкіл Қазақстанда да туризмнің дамуына ықпал ететін болады. Осы жұмысты атқару үшін қажетті барлық деректер 2018-2020 жылдар аралығындағы маусым-қыркүйек айларында тауларға экспедициялар жасау, Ботамойнақ жеріне жорыққа шығу, Тараз қалашығының археологиялық қазба жұмыстарына бару арқылы алынды. Жергілікті ғалымдардың еңбектері де пайдаланылып, бізге беймәлім болып келген тың нысандар тізімге енді. Қазір ғылыми жобаны жүзеге асыру үшін «Жамбыл-сервис» туристік компаниясымен келісімшарт жасап жатырмыз. Болашақта елге саяхаттап келген туристер немесе өзіміздің қазақстандық азаматтар мобильдік қосымша арқылы біз жасаған маршрут бойынша көрікті жерлер мен тарихи орындарды өз бетінше аралауға мол мүмкіндік алады. Тоқетерін айтқанда, арнайы картада ненің қайда орналасқаны, ол нысан туралы нақты мәлімет қажет еткен адамның қолына оңай тиеді, – дейді Б.Ибраш.
Идея ойшыл жастардың табанды еңбегінің жемісі екені анық. Дейтұрғанмен өз шәкірттерінен ғылыми жаңалық күтіп, оларға бар білгенін үйретіп, бағыт-бағдар беріп жүрген аталған жоба жетекшісі, Назарбаев Зияткерлік мектебінің тарих пәнінен сарапшы мұғалім, қоғамдық ғылымдар магистрі Любовь Исатаеваның да бұл істе еңбегі өлшеусіз.
– Аталған туристік маршрутта Талас жазығының дабылды мұнаралары да бар. Бұл туралы кезінде Тараз археологы, тарихшы және елге еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Күзембай Байбосыновтың еңбектерінде кеңінен сипатталған. Сан ғасырлар бұрын жергілікті тұрғындар қауіпсіздік мақсатында күзет мұнараларын қолданған. Осы жерден олар маңайда не болып, не қойып жатқанын алыстан бақылап, жауды көргенде елге дабыл беріп отырған. К.Байбосыновтың жазбаларында Қырғыз Алатауы жотасының төбесіндегі Ботамойнақ үңгіріне жақын екі мұнараның бар екені аталады. Ботамойнақ үңгірінің жанында, теңіз деңгейінен 1 450 метр биіктікте Қырғыз Алатауы жотасының тауларында екі сигналдық мұнара бар екені туралы алғаш рет 1905 жылы Түркістан өлкесінің инженер-геологы И.Ивановтың хабарламаларында да айтылған. Биіктігі 3 метрден асатын таудағы мұнараға көтерілгенде Тараз қаласы мен оның айналасындағы елді мекендер алақандағыдай көрінеді. Біздің ата-бабаларымыз осындай күзет мұнаралары арқылы жауды бақылауға алған. Біздің оқушылар тарихи деректерге сүйене отырып, осындай маңызды насандарды іздеп тауып және оны картаға енгізді, –
дейді Любовь Жанатаевна.
Аталмыш ғылыми-зерттеу жобасы жақында «Дарын» республикалық ғылыми жобалар байқауының «Өлкетану» бағыты бойынша ІІ орынға лайық деп танылыпты. Сонымен қатар Саратов қаласында өткен бүкілресейлік конкурста да ІІ орынды жеңіп алған. Оқушы А.Жақсылық тарихи петроглифтер орналасқан жерді табу үшін Қарасай шатқалына дейін шарлағандарын айтады.
– Мектебіміз ұйымдастыратын көптеген экспедициялар мен тауға саяхаттаулардың арқасында біз өлкетану бойынша зерттеу жұмысымен айналыса бастадық. Әлемде болып жатқан жағдайды ескере отырып, отандық туризмді одан әрі белсенді дамыту қажет деп есептейміз. Өкінішке қарай, көптеген адамдар Қазақстанда, атап айтқанда, біздің облыста таңғажайып орындар мен киелі нысандардың бар екенін онша біле бермейді. Осы жобаны зерттей отырып, біз тарихтан ғана емес, сонымен қатар география, химия, биология және информатика пәндері бойынша да білімімізді тереңдеттік, – дейді ол.
Ғылымның басты мақсаты – жаңалық ашу десек, оқушылар ашқан мұндай жаңалықтар тек газет-журналдарда жарияланумен ғана шектелмеуі керек. Бар білімі мен қажыр-қайратын, ой еңбегін, уақытын сарп етіп, көпке мәлім де беймәлім нысандардың орналасқан жерін нақты көрсететін туристік маршрут қолданысқа енсе, бұл да бір үлкен жетістік. Өйткені кез келген жаңалықтың қолданысқа енуі ғылымның негізгі көрсеткіші болып саналады.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.