Озық ойлы жастардың он жылдық олжасы

0 0

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің заң факультетінің «Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу құқығы» кафедрасында студенттердің «Фемида» жастар клубының құрылғанына биыл он жылға жуықтап отыр. Бұл аралықта алғыр жастардың алтын ұясына айналған клуб өскелең ұрпақтың өміршең бастамаларына қолдау болып, жан-жақты белсенділік танытып келеді.

Бүгінде бұл үйірмеде оқытушылар мен студенттер арасында жеке тәрбие жұмыстарын жүргізу бағытында арнайы іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп отырады.
Айта кетсек, он жылға жуық уақыт бұрын сәуір айында «Фемида» жастар клубы салтанатты ашылып, ұйымның мақсат- міндеттері айқындалып, құрылымы белгіленген. Клуб төрағасы болып 2-курс білімгері Ержігіт Құрманалиев сайланыпты. Клубтың жарғылық міндеттерін салалық үш бөлім – құқықтық-насихат бөлімі, рухани-тәрбие бөлімі, интеллектуалдық-сайыс бөлімі құрады. Аттары айтып тұрғандай құқықтық сана мен құқық мәдениетін қалыптастырудың басты құралы – құқықтық насихат екендігі даусыз. Сондықтан бұл бөлім студенттердің кәсіби танымын жетілдіру, құқықты құрметтеу, отаншылдық- патриоттық сезімге тәрбиелеу міндетін атқарады. Ал, рухани-тәрбие, бөлімі өз жұмысын студенттерді адамгершілік, имандылық пен ізгілікке бағыттау жолында жұмыс жасауда.
«Интеллектуалдық-сайыс» бөлімінің жұмысы студенттердің еркін сөйлеп өз ойларын ашық жеткізе білу, ең бастысы олардың өзін-өзі басқаруын қамтамасыз ете отырып, жеке белсенділігін арттыруға бағытталған.
Әр бөлімнің жетекшілерін студенттер өз араларынан сайлаған. Қанатқақты сәтте «Фемида» жастар клубының салтанатты ашылуына заң факультетінің деканы Қ.Нұрманбетов, «Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу құқығы» кафедрасының меңгерушісі Қ.Ернішев, заң факультетінің оқытушылары мен қазіргі облыстық «ARAI» жастар газетінің директор-Бас редакторы Даулет Төленді қатысып, ізгі лебіздерін жеткізген болатын. Осылайша өз жұмысын бастаған «Фемида» жастар клубы бұл күнде көптеген жастардың азамат болып қалыптасуына айтарлықтай септігін тигізіп келеді.
– Университет қабырғасында студент атанып, өз-өзіңді тану жолында жүргенде, бір бағыт-бағдар беретін орта іздейсің. Міне, мен үшін сол орта «Фемида» – жастар клубы болды. Оқу жылы басталысымен университетте белсенділікпен көзге түсіп жүрдік. Сол кезде бізге құқық қорғау органдары пәнінен Асылхан Кенжебекова апайымыз сабақ беріп, бізді клуб белсенділері қатарына қосылуға шақырды. Алғашқы жиналыста клуб мүшелерімен, жылдық жоспарлармен танысып, жұмысқа кірісіп кеттік. Алғашында «дөңгелек үстелдерде» баяндама оқып, ойымызбен бөлісіп жүрдік. Өзіміздің топтас достарымызды клуб мүшелігіне тартып, осы кішігірім ұжымның бір бөлшегіне де айналып үлгердік, – дейді М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы, ректордың жастар ісі жөніндегі көмекшісі Арнат Ұлтанбаев.
Клуб мүшелері қазірде өз саласының сан тарауында абыроймен еңбек етуде. Кейбірі оқу ордасында алған білім мен тәрбиені шетелдің белді білім ошақтарында жалғастыруда. Ондағы жауапкершілікті, еңбексүйгіштікті клуб жетекшілерінен сіңіргендерін айтады олар.
– Мен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің заң факультетінде 2010-2013 жылдар аралығында білім алдым. Қазіргі таңда, ҚР Әділет Министрлігі Заңнама департаментінің сарапшысы қызметін атқарамын. Қызметіммен қатар білім алуымды жалғастыру мақсатында 2017 жылдың тамызында Президенттің «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты атанып, Ұлыбритания мемлекетінде білім алып жатырмын. Бұл жетістіктерге жетуіме бірінші орында университетте жиған білімім мен студенттік белсенді өмірімнен жиған тәжірибем әсерін тигізді. Университет қабырғасында тек білім алып қана қоймай, университеттің қоғамдық өміріне белсене араласуды мақсат тұттым. Дәл сол сәтте Қылмыстық құқық кафедрасының аға оқытушысы Асылхан Кенжебекова студенттердің рухани тәрбиесін үйлестіру негізінде, жастардың белсенділігін арттыруды, олардың арасында түрлі тақырыптарда семинарлар мен дөңгелек үстелдер, құқық қорғау органдары қызметкерлерімен кездесулер ұйымдастыруды, кәсіби қызмет мамандарымен етене араласып, тәжірибе алуына үлес қосуды мақсат тұтып және осы ойларды жүзеге асыру үшін аталмыш Жастар клубын құру туралы бастама көтерді. Біз студенттер қауымы бұл бастаманы бірден қолдап, оқытушы ойын жүзеге асыру үшін барлығымыз атсалысып, Жастар клубының кірпіші қалана бастады. Оның жарғысын, бөлімдерін, құжаттарын, іс-шаралар жоспарын құру процесінің басы-қасында әрдайым Асылхан Рамазанқызы жүріп, ақыл-кеңестерін айтып, жетекшіміз бола білді. Біз университетті тәмамдағанша, «Фемида» клубы көптеген іс-шара өткізіп, мүшелер қатарын көбейтіп, айтулы жетістіктерге жетті, – дейді ҚР Әділет Министрлігінің Заңнама департаментінің сарапшысы Нұрсұлу Қанышқызы.
Осы секілді заң саласының сан тарауында еңбек етіп жүрген жастардың айтар алғысы да, естеліктері де аз емес. Осындай олжалы жастар ұйымын құрып, осы күнге дейін басы-қасында жүрген, қаншама жасты қанаттандырып, рухани тәрбиелік азық берген клуб жетекшісі, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Құқықтану» факультетінің «Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу құқығы» кафедарасының аға оқытушысы, құқық магистрі Асылхан Кенжебекова биыл алпыстың асуына аяқ басып отыр. Сол саналы ғұмырының олжалы он жылын өскелең ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстанымы биік ұстазға ұзақ өмір, зор денсаулық, ал алғыр жастардың айдынына айналған клуб жұмысына толағай табыс тілейміз.

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.