Парацетамол, аспирин жоқ болса…

0 3

Дерт дендеген кезде қажетті дәрі-дәрмектердің таптырмай, халықты сергелдеңге салған бүгінгі жағдай кімнің де болса үрейін ұшырады. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен аладының» кері келді ме дерсіз. Әшейінде тиын-тебен тұратын ыстықты түсіретін, суықты қайтаратын, бастың ауырғанын басатын қарапайым дәрілердің күрт қымбаттап, оның өзі бір адамға үш немесе шектеулі данадан сатылуы жұртты дүрліктірді. Соның салдарынан дәріханаларда ұзынсонар кезек пайда болды.

Расында сол дәрілер тапшы ма әлде, кәсіпкерлер бұл жағдайды әдейі қолдан жасап отыр ма, ол жағы әзірге беймәлім. Біз тек жоқ дәрілердің орнын алмастыратын қандай препараттар барын іздестіріп көрдік. Бұл салада тәжірибесі мол, фармацевт Шолпан Өмірзақова:
– Жұрттың бойын үрей билеп, дәріні көбірек алып қалайын деп сабыла жүгірмесе мұншалық дүрлігу болмас па еді, бәлкім, – дейді ол. Әйтпесе қазір қол жеткізбей тұрған парацетамол, аспирин, анальгин, цитрамон, терафлю секілді дәрілік заттармен құрамдас өзге препараттар табылатын көрінеді.
– Мысалы, ыстықты түсіретін ибупрофен, не-бол, новиган, колдрекс, тайлол-хот, гриппостат, максигрипп секілді препараттар да бар. Аты өзгеше болғанымен бәрі де дене қызуын түсіретін, суыққа қарсы қасиетке ие, құрамында парацетамол, аскорбинка бар. Қандай дәрі-дәрмекті қолдансаңыз да дәрігердің кеңесімен, рұқсат етуімен қабылдау керек. Себебі әр адамның ағзасының, сырқатының жағдайы, қан қысымы әрқалай болады да бір дәрі біреуге жағымды, енді біреуге жағымсыз әсер етуі әбден мүмкін. Ал қазіргі жағдайда елдің бәрі бірдей парацетамол, аспирин, анальгин, цитрамон іздеп сабылып кетті. Қазіргі жағдайда дәрігерге қаралып, сараптама жасата алмасаңыз, тым болмаса жай-жағдайыңызды анықтап жеткізіп, онлайн кеңес алыңыз. Содан кейін ғана керекті дәріні іздеңіз. Алайда дәрілік зат бір ауруды жойғанымен екінші бір органыңызға зиянын тигізетінін ұмытпаңыз. Сондықтан ең абзалы – дәл қазіргідей тұмау, вирус тез тарап жатқан уақытта ұлттық құнарлы сусындарымызды, қой мен жылқы етінің сорпасын көбірек ішу керек. Қымыз бен шұбат иммунитетті көтеріп, вирусты жоюға қауқарлы. Сорпа да сол секілді өте пайдалы. Және қазір таңқурай пісіп жатқан кезең. Таңқурай салып, ыстық шайды көп ішсе де вирустан қорғануға мүмкіндік мол. Суық шалса да, сырқаттанбай сау жүрген адамға да осы сусындар мен сорпаны жиі ішу керек, –дейді Шолпан Мұқанқызы.
Расында да дәрілік заттардың қасында табиғи таза өнімнің ешбір зиянсыз әрі шипалы екені даусыз. Дәріні тек науқастың жағдайы тым нашарлап, ауруы асқынып бара жатқанда ғана қолданған жөн.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дегендей-ақ ауа арқылы вирус тарап жатқан сәтте қымыз, шұбат, сорпа, таңқурай, ыстық шай күнделікті ас мәзірімізде болса, ешбір ауруға жеңілмесіміз анық. «Ас – адамның арқауы» демек құнарлы тамақтану арқылы да дерттен қорғануға болады.

Қ.РАХМЕТУЛЛИНА

Leave A Reply

Your email address will not be published.