Партияның жол картасы кемел келешекке бастайды

0 21

Облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен «Nur Otan» партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттық фракцияның отырысы өтті. Жиында партияның аймақ бойынша 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың жол картасы талқыланды.

Алғаш болып мінберге облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бас­қар­ма­сының басшысы Гүлдана Жауынбекова көтеріліп, партияның «Өзгеріс­тер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарла­масы аясында алда тұрған мақсатты міндеттерге тоқталды.
– Партияның сайлауалды бағдарла­масы 7 бағыт бойынша айқындалды. 16 көрсеткіш енгізілді. Оның ішінде өңірлік жол картасы бойынша 5 жылдың ішінде 155 мың адамды жұмыспен қамту көзделуде. Сондай-ақ жол сапасын 100 пайызға жақсарту жоспарлануда. 2024 жылға қарай 119 елді мекен орталықтандырылған таза ауызсумен қамтылады. Медициналық нысандарды көптеп салып, халықтың аурушаңдық деңгейі 6 пайызға дейін төмендетіледі. Балаларды мектепке дейінгі білім беру нысандарымен қамту 92,7 пайызды діттейді. Спорттық инфрақұрылым 53,2 пайызға жаңартылмақ. Жұмыссыздық деңгейін де 2,6 пайызға төмендету межеленуде, – деді Г.Жауынбекова.
Жол картасын талқылауға шыққан фракция мүшесі Фарида Жүнісова да бесжылдық бағдарламаның маңыздылы­ғына, әсіресе кәсіпкерлік саласына көп көңіл бөлінгенін тілге тиек етті.
– Кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын қолдау арқылы біз шикізат көлемін бес жылдың бедерінде арттыратын боламыз. Сондай-ақ түрлі пилоттық жобаларды жандандыру арқылы ауылдағы халықтың табысы 2 есеге өспек, – деген фракция мүшесі партияның сайлауалды бағдарламасы баянды болашаққа бастар жол екенін баса айтты.

Фракция мүшесі Қайрат Жетібаев жол картасындағы медициналық басым бағыттарға тоқталды.
– Жол картасы арқылы алдағы жылдары шетелде 38 медицина маманын оқыту көзделуде. Сондай-ақ 4 үлкен аурухана салынбақ. Емдеу мекемелері қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, дәрі-дәрмек қоры да ұйымдастырылды, – деді Қ.Жетібаев.
Облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков жол картасы бойынша барлығы 122 шара жоспарланып отырғанын, бұл жобаларды жүзеге асыру үшін қаржының дені инвестициялық бағыттан тартылатындығынан құлағдар етті.
Фракция отырысында бұдан өзге партияның облыстық мәслихатындағы депутаттық фракциясы жетекшісінің орынбасарын сайлау, төралқа құрамын және фракцияның биылғы жылға арналған жоспарын бекіту мәселелері де қаралды.
Фракция отырысынан кейін Саяси кеңес Бюросы шешімімен «Nur Otan» партиясының облыс бойынша 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың жол картасы бірауыздан бекітілді.
Қос жиынды партия облыстық филиалының төрағасы Бердібек Машбекұлы қорытындылады.
– Партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру – бұл біздің бұқара алдындағы міндетіміз. Ал өңірлік жол картасы соны жүзеге асыратын құрал. Мен бүгін фракция алдында басқарма басшыларынан бастап, депутаттарға дейін есеп беретіндігін көріп қуанып отырмын. Бұл ашықтыққа бастайды. Сондай-ақ биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Айтулы датаны партия мүшелері өз деңгейінде насихаттауы қажет.
Биыл күн ерте жылып, көктем айы да ерте шыққалы тұр. Сондықтан біз қазірден халықты ағын сумен қамту мәселесін жан-жақты қарауымыз керек.
Былтырғы жылдан бері елімізді коронавирус індеті қысып келеді. Облыста жағдай тұрақты. Алайда бұл босаңсуға негіз бола алмайды. Вакцинацияның алғашқы кезеңінде ресейлік «Спутник V» екпесінің 1000 данасын алдырдық. Енді сәуір айының аяғына қарай Қордай ауданындағы вакцина зауытынан 50 мың доза шығару жоспарлануда.
Ең бастысы – бірлескен жұмыс керек. Сонда ғана көздеген мақсаттарымызға жете аламыз, – деді Б.Сапарбаев.

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.