Пәтер иелерінің кооперативтері үйлерді басқару нысаны ретінде қызметін тоқтатады

0 55

2020 жылғы қаңтар айының басында Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын түбегейлі реформалайтын заң күшіне енді. Жаңа нормаларға сәйкес, 2022 жылғы 1 шілдеге қарай пәтер иелерінің кооперативтері (ПИК) үйлерді басқару нысаны ретінде қызметін тоқтатады.
Олардың орнына қазақстандықтар әрбір үй үшін мүлік иелерінің бірлестігін немесе жай серіктестікті (ЖС) банкте жеке шотын аша отырып, тіркеуі тиіс. Осылайша, бұдан былай әр үйді басқарудың жеке тәсілі енгізілетін болады.
Қабылданған Заңға сәйкес пәтер иелерінің кооперативтері 2022 жылдың шілде айына дейін өз қызметін жалғастыра алады. Алайда, пәтер иелері жалпы жиналыста бас қосып, дауыс берудің нәтижесімен басым көпшілігі басқару нысанын ауыстыру туралы шешім қабылдау арқылы ПИК ауыстыруға әбден құқылы.
Мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) дегеніміз не?
Енді біз бұл аббревиатураны есте сақтауымыз керек, ол ПИК-тің орнына келеді. Мүлік иелерінің бірлестігі – бұл пәтер иелерінің «бір үй-бір бірлестік – бір шот» қағидаты бойынша бірігуі арқылы көппәтерлі тұрғын үйдегі басқару нысаны болып табылады.
Мүлік иелерінің бірлестігі не үшін құрылады?
Тұрғындар қаражатының ашық жұмсалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрғындарға басқару тәсілдерін таңдау құқығын беру. Мүлік иелерінің бірлестігі тек бір көппәтерлі тұрғын үй үшін құрылады. Мүлік иелерінің бірлестігі мүшелерінің саны пәтерлер санынан аспауы тиіс.
Мүлік иелерінің бірлестіктері қашан әрекет ете бастайды?
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап пәтер иелері өздер тұрып жатқан көппәтерлі тұрғын үйді басқару үшін Заңға сәйкес арнайы нысанды таңдауы керек – бұл жай серіктестік немесе Мүлік иелерінің бірлестігі болады, есеп айырысу шотын ашып, өз үйін басқару органын анықтайды. Үй тұрғындары ай сайын өз шоттарына жарна төлейді.
Жай серіктестік пен Мүлік иелерінің бірлестігінің айырмашылығы келесідей:
– жай серіктестік заңды тұлға емес. Бірлескен қызмет туралы шарт бойынша (жай серіктестік) пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері кондоминиум объектісін басқару және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау мақсатында бірлесіп әрекет етуге міндеттенеді. Пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері өз құрамынан бірлескен қызметке басшылық жасау үшін сенім білдірілген адамды айқындай алады. Ол пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың барлық меншік иесі берген қарапайым жазбаша сенімхат негізінде әрекет етеді.
– мүлік иелерінің бірлестігі заңды тұлға. Өз қызметін заңды тұлға ретінде заң орындарда тіркеу арқылы жұмысын атқарады.
Бұл жаңа жүйеде кім басты?
Көп қабатты ғимараттың жоғарғы басқару органы үш жылға сайланатын және кемінде үш адамнан тұратын үй кеңесі (ҮК) болады.
Үй кеңесі үйді басқару және ортақ мүлікті күтіп ұстау бойынша ай сайынғы және жыл сайынғы есептерді қарайды, пәтер иелерінің жалпы жиналыстарын ұйымдастырады.
Көппәтерлі үйлердің иелері не істеуі керек?
Көппәтерлі үй тұрғындарының құрамынан үй кеңесі және төраға, яғни үй бойынша аға басшы сайланады. Егер үй кондоминиум объектісі ретінде тіркелмесе, тіркеліну қажет.
Мүлік иелерінің бірлестігінің /Жай серіктестік қалай басқарылады?
Болашақта сіздің МИБ/ЖС төрағасы сіздің үйіңізге және оның инженерлік жүйелеріне қызмет көрсететін компаниялармен келісім жасасуы керек. Сондай-ақ ол үйге ағымдағы және жинақ шоттарын ашады және коммуналдық қызметтерді жеткізушілермен шарттар жасасады.
Басқарушылар/Менеджерлер: олар кім?
Егер тұрғындардың ішінен Төраға болуға ниет білдірген азамат болмаған жағдайда, жиналыстың шешімімен сырттан басқарушы маман шақыртылады. Басқарушы маман – көпәтерлі тұрғын үйді басқару туралы біліктілікті арттыру курстарынан өткен және арнайы сертификатs бар маман.
Мүлік иелерінің бірлестігінің /Жай серіктестік салық төлейді ме?
МИБ/ЖС – коммерциялық емес ұйым. ҚР Cалық кодексіне сәйкес тұрғындардың үйді ұстауға төлейтін жарналарына салық салынбайды.
Қазіргі пәтер иелерінің кооперативтерімен не болады?
2019 жылғы 26 желтоқсандағы қабылданған Заңға сәйкес үй-жайлар (пәтерлер) меншік иелерінің кооперативтері, пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің тұтыну кооперативтері, тұтыну кооперативтері 2022 жылғы 1 шілдеге дейін өз қолданысын сақтайды деп белгіленген.
2022 жылғы 1 шілдеге дейін тұрғын үйді басқару кооперативтері сервистік немесе басқарушы компания болып қайта құрылып, МИБ/ЖС-мен келісім-шарт негізінде өз қызметтерін жалғастыру мүмкіндігі бар. Олай болмаған жағдайда, қызметтерін тоқтату қажет болады.
МИБ немесе Жай серіктестік құрудың негізгі идеясы қандай?
Тұрғын үйді басқару саласында қабылданып отырған реформаның басты идеясы – бұл тұрғындарға өз үйін өзі басқаруға мүмкіндік беру. Бұл – әлемдік тәжірибе. Сырттан келген ешкім Сіздің үйіңізге дәл Сіздей жаны аши қоймасы анық. Төбеден су ағу, жертөледегі толған су, тазалық, үй алды ауласының жағдайы, қасбеттердің түсуі және тағы сол сияқты түрлі мәселелер әр үйдің тек пәтер иелеріне таныс жағдайлар.
Көп жағдайда, пәтер иелерінің кооперативтері бірнеше үйді, тіпті 20-30 үйден аса үйлерді басқарғанымен барлық үйге банктен бір ғана шот ашады. Бұл дегеніміз, жиналған қаражатты жұмсау бойынша ашықтықтың жоқтығына алып келеді. Себебі, белгілі бір үйдің тұрғындары өздерінің үйінен жиналған қаражаттың нақты қайда жұмсалғанын көре алмайды, ал ПИК болса жиналған қаражатқа басқа бір үйге жөндеу жұмыстарын немесе басқа да шараларды өткізуі мүмкін.
Қабылданған өзгерістерге сәйкес әрбір үйге банктен жеке есеп шоты ашылады. Тұрғындар жинақталған қаражаттың нақты көлемін бақылай отырып, өз үйлеріне қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жағдайды өз қолдарына алуға мүмкіндік жасалынды.
Осы тұрғыда тұрғындар ауызбіршілік танытып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, өз үйімізді өзіміз күтіп ұстауға әрекет жасамасақ «баяғы жартас, сол жартас күйінде қала бермек».
Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында мүлік иелерінің бірлестіктері (МИБ) немесе жай серіктестік (ЖС) институтын енгізу жөніндегі реформаны мезгілінде іске асыру тапсырылды.
Жүргізіліп отырған реформа облысымыздың тұрғындарына азаматтық белсенділік танытып, көппәтерлі тұрғын үйдегі ортақ мүлкін басқару және күтіп ұстауда салғырттық танытпай, белсене араласуға шақырамыз.

Құдайберген ҚОРҒАНБАЕВ,
облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.