"Заң және біз" "Шамшырақ"

«Педагог мәртебесі туралы» Заң: мың күдік, бір үміт

Written by Aray2005

Ұстаздық – қастерлі мамандық. Мектеп табалдырығын тарыдай болып аттаған бүлдіршінге қара танытып, білім мен ғылымның қыр-сырына баулитын сала мамандарының ұрпақ тәрбиесіндегі айрықша рөлін дәлелдеп жатудың қажеті де шамалы. Алайда бүгінгі қоғамда ұстаз деп аталатын қастерлі мамандық иелерінің беделі түскені жасырын емес. Қазір ғасыр бұрын алты Алаштың баласы жиылғанда төрден орын ұсынылатын ұстаздың шәкірт алдындағы беделін көтеру мәселесі көтерілуде. Тіпті өткен жылы Елбасы – Тұңғыш Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында «Педагог мәртебесі туралы» Заңды қабылдау қажеттігіне айрықша назар аударылды.
Содан бергі 1 жыл ішінде бұл заң жобасы жасалып, педагогикалық ұжымдардан бөлек, жоғары заң шығарушы органдардың қабырғасында жан-жақты талқыланды. Сонымен, ұстаздар қауымы ұзақ күткен бұл заң, шынында, педагогтар­дың мәртебесін көтере алады ма? Қарапайым еңбекақыдан бастап, ұстаздың атақ-абыройын аяққа таптағандарды жауапкершілікке тартуды заңмен реттейтін құқықтық құжат, расында, мұғалімнің қоғамдағы беделін биік етуге қауқарлы ма? Көптің көкейіндегі жүрген осынау сауалдардың жауабын аталмыш заң жобасына ұсыныс беріп, оны талқылауға қатысып, тіпті оның жекелеген бөліктерін жетілдіру ісіне үлес қосып жүрген жандармен бірге іздеп көрген едік.

Жасыратыны жоқ, келер жылдан бастап күшіне енетін заң жобасында қазақстандық педагогтардың ойынан шығып, көкейіндегісін дөп басқан тұстары жетерлік. Соңғы шешім шыққанға дейін жетілдіруді қажет ететін тұстары да баршылық. Мамандар ең әуелі, мұндай заңның ТМД кеңістігінде тек Қырғызстан елінде ғана қабылданғанын айтады. Ал біздің елімізде әлі күнге дейін ұстаз беделі 2007 жылдың 27 шілдесінде қабылданған «Білім туралы» Заңдағы «Педагог қызметкердің мәртебесі» тарауындағы
4 бапқа ғана иек артып келді. Мұнда ұстаздардың ірілі-ұсақты әлеуметтік мәселелерін шешу тетігі, жалақы төлеу, жұмысқа қабылдау тәртібі ғана нақты көрсетілді. Осыдан барып бүгінгі қоғам ұстаз беделін көтеру мәселесімен бетпе-бет келді. Дәл осы мәселеде педагогтардың мақсат-мүддесін қорғап жүрген білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағының облыстық ұйымының төрағасы Ерұлан Мағзымбековтің айтар уәжі құлаққа қонады.
– Педагог мәртебесі туралы айтылғанда, ең әуелі, көпшілік ұстаздар жалақысының төмендігін айтады. Әрине, барлығын қаржыға тіреп қоюға тағы болмайды. Бірақ бүгін қоғамда еңбек етушілер үшін жалақының көлемі маңызға ие. Статистикаға сүйенсек, қазақстандық ұстаздардың жалақысы республикадағы орташа жалақының 65 пайызын құрайды. Білім саласы дамыған Финляндия, Швеция, Нидерланд мемлекеттерінде ұстаздардың еңбекақысы елдегі орташа жалақының 100 пайызына тең.
Сондықтан да ә-дегеннен «Педагог мәртебесі туралы» Заңда ұстаздардың материалдық жағдайын көтерудің барлық мүмкіндіктері мұқият қарастырылуы керектігі айтылды. Біз де өз тарапымыздан «Педагог мәртебесі туралы» Заңды «Білім туралы» Заңнан бөліп алып, оны қағаз күйінде қалдырмай, шын мәнінде жұмыс жасайтын құжатқа айналдыру ісіне өз үлесімізді қостық. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының бастамасымен «Педагог мәртебесі туралы» Заңның аймақтық нұсқасы жасалды. Бұған сала ардагерлері, білім беру ұйымдарының басшылары, жас педагогтар, кәсіподақ ұйымдары, ата-аналар қауымдастығы тартылды. Соның нәтижесінде 2 бөлім 11 тарау 45 баптан тұратын заң жобасы жасалынып шықты. Бұның ішінде педагог мәртебесін жан-жақты көтерудің барлық мүмкіндіктерін мұқият талдадық. Ол педагогтарды әлеуметтік ынталандыру, құқығын заңмен қорғау сынды мәселелерді қамтыды. Өкінішке қарай, бұл нормалардың көбі қазір талқыланып жатқан заң жобасына енгізілмей қалды. Дегенмен Парламенттің қарауына 19 баптан тұратын «Педагог мәртебесі туралы» Заңның жобасы түсті. Байқағанымыз, мұнда алдымен ұстаздардың материалдық жағдайын көтеруге басымдық берілген, – дейді Ерұлан Сәбенұлы.
Осы орайда аталған заң жобасындағы ұстаздар қауымының ерекше назар аударатын тұстарына тоқталып өтсек.

Барлық педагогтардың еңбек демалысы 56 күнге созылады

Сонымен, келер жылы қолданысқа енгізілетін «Педагог мәртебесі туралы» Заң педагог санатындағы барлық қызметшілердің демалыс күнін біріздендірумен ерекшеленбек. Яғни бұған дейін мектеп, колледж, университет ұстаздарының еңбек демалысының ұзақтығы 56 күнге созылатын. Ал мектепке дейінгі және қосымша білім беру ұйымдарында еңбек ететін педагогтар 42 күн демалып келген. Ендігі кезекте бұл айырмашылық жойылып, 2020 жылдың алғашқы күнінен бастап педагог санатына жатқызылатын барлық қызметкерлер 56 күн демалады.

Жалақыны көтерудің жаңа жүйесі енгізіледі

Сондай-ақ жаңа заң жобасында ұстаздарға жалақы төлеудің де жүйесі барынша жетілдірілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Жолдауында алдағы 4 жылда мұғалімдердің жалақысын 2 есеге арттыру мәселесіне айрықша тоқталып өткен болатын. Соған сай, келер жылдан бастап 2024 жылға дейін әр жыл сайын педагогтар жалақысы 25 пайызға көтерілмек. Және бұл жүйені индексация арқылы жүзеге асыру ұсынылып отыр. Индексация ұғымы айлықтың инфляциялық жағдайға байланысты өсіп отыруын білдіреді. Бұл жүйе 2015 жылғы «Еңбек Кодексінде» болған.
«Педагог мәртебесі туралы» Заңды мұқият екшеген халық қалаулыларының да ойы мәртебелі мұғалімнің айлық жалақысы республикадағы орташа жалақыдан кем болмауы керек дегенге тоқайласқаны да көңіл қуантады.

Мұғалімді «қолбала» қылғысы келгендер заң алдында жауап береді

Қоғам алдындағы ұстаз беделін түсірген бір факті олардың негізгі қызметінен жат жұмыстарға жегілуі еді. Расында, біздің елде сенбіліктер мен қоғамдық іс-шаралар мұғалімдер­сіз өтпейді. Жөнді-жөнсіз жиындарда залға жиналған көрермендердің дені педагогтар қауымынан болатындығы да ешкімге жаңалық емес. «Педагог мәртебесі туралы» Заңда бұл әрекеттерге заңмен тоқтам салу нормасы да мұқият қарастырылды. Соған сәйкес осы заң күшіне енген күннен ұстаздарды «қолбала» қылғысы келетіндер арнайы жауапкершілікке тартылып, бұл әрекеті үшін 20 айлық есептік көрсеткіштен 120 айлық есептік көрсеткішке дейінгі көлемде айыппұл төлейді.
Сонымен қатар ұстаздар үміт еткен заңда сынып жетекшілік үшін төленетін ақыны екі есеге, яғни 10 мың теңгеге дейін ұлғайту мәселесі шешімін тапты. Тіпті заң жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына түскен сәттен сынып жетекшілікті арнайы штаттық лауазым ретінде бекіту туралы да бастама көтерілген. Алайда бұл бастама әзірге нақты қолдауға ие бола қойған жоқ.
Айта кету керек «Педагог мәртебесі туралы» Заңдағы көңіл қуантарлық тағы бір жайт, салаға көп жыл бойы өлшеусіз еңбек сіңірген ардагерлерге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» төсбелгісі табысталмақ.

Жамбылдық ұстаздар заң жобасын әлі де жетілдіре түсуді қалайды

Сол секілді жамбылдық ұстаздар да «Педагог мәртебесі туралы» Заңда мұғалімнің әлеуметтік жағдайын арттырып, оның беделін биік ете түсетін бірқатар нормалардың орын тапқанын қалайды. Білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағының облыстық ұйымының төрағасы Ерұлан Мағзымбековтің айтуынша, өңірдегі 567 білім беру және ғылым мекемесінде еңбек ететін 27 789 ұстаз жаңа заңның бекітілген нұсқасынан өз ұсыныстарын көргісі келетіні жайындағы ойларын Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Парламент Мәжілісіне жіберген үндеуінде жазған.
– Негізінен, жамбылдық ұстаздар 30 жыл үзіліссіз педагогикалық өтілі бар тұлғаларға мерзімінен бұрын зейнетке шығу құқығының берілгенін құп көріп отыр. Сондай-ақ жыл сайынғы еңбек демалысына шыққанда берілетін емделу жәрдемақысы көлемінің екі лауазымдық жалақыдан кем болмауын және жылына бір ауылды жерлерде тұратын мұғалімдерге берілетін отын мен коммуналдық қызмет үшін берілетін өтемақы мөлшерін 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біріздендіруді құп көреді. Облыстың педагог қауымы өздеріне төленетін еңбекақы мөлшерінің де республикадағы орташа еңбекақы көлемінен төмен болмауын көздейді.
Шынында, бұл мәселелердің әрқайсысы өзекті. Мәселен, 30 жылдық педагогикалық еңбек өтілімен зейнет демалысына шығуды алып қарайық. Әрине, еліміздегі қазіргі зейнетақы жүйесі бұл өзгерісті құптамайды. Біздің заңгерлер де бұл норманың заңнан көрініс табу мүмкіндігіне күмәнмен қарайды. Ал емдеу-сауықтыруға берілетін жәрдемақыны 2 есеге ұлғайту құлаққа қонатын нәрсе. 2007 жылдан бері Еңбек кодексіне сай мұғалімдер азаматтық қызметші статусына ие болды. Азаматтық қызметшілерге бір айлық көлемінде емдеу сауықтыру жәрдемақысы тағайындалады. Осы жәрдемақы мемлекеттік қызметкерлер үшін 2 айлық көлемінде тағайындалады. Біз көп жағдайда ұстаздарды жергілікті жерде мемлекеттік саясатты жүргізудегі билік органдарына көмекші, ұрпақ тәрбиелеуші деп танимыз, бірақ олардың емдеу-сауықтыру жәрдемақысын сол деңгейге жеткізе алмай келеміз.
Сондай-ақ ауылдық жерде тұратын педагогтарға отын-суға берілетін өтемақы көлемінің әрқилылығы да өз алдына үлкен мәселе. Мәселен, Қордай ауданында бұл өтемақыға 12 мың төленеді. Ал кей аудандарда 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ғана қаржы төленеді. Ал республиканың солтүстік өңірлерінде 17-20 мың теңгеге дейін төленіп жүр. Республика аумағында бір заң үстемдік құратындықтан, жамбылдық ұстаздармен осы жәрдемақы көлемін императивті нормаға сай етіп республиканың барлық жеріне 20 айлық есептік көрсеткіш етіп белгілеу ұсынылды.
Жалпы білім беру саласында айлық жалақыны көтеру ісіне түбегейлі өзгерістер қажет. Салада базалық лауазымдық жалақы деген ұғым бар. Барлық көтерме, үстемеақылар осы жалақының есебінен қосылады. Сондықтан біз соңғы 6-7 жылда көтерілмеген базалық лауазымдық жалақыны өсіру туралы бастаманы да көтеріп отырмыз, – дейді Е.Сәбенұлы.

Үздік оқушыларды ұстаздық қызметке тарту қажет

Өз сөзінде Ерұлан Мағзымбеков ұстаз мәртебесінің түсуіне әсер еткен жайттарды да жіпке тізді. Кез келген еңбек дауында ұстаздардың мақсат-мүддесін қорғайтын ұйым басшысы мұғалім беделінің түсуіне әсер еткен фактор педагогикалық мамандықтың үздік талапкерлер тарапынан сұранысқа ие болмауы екенін алға тартты. Яғни ұстаздық қызметке көп жағдайда мектепте орташа білім алғандар барады екен.
– Әрине, бес саусақ бірдей емес, бірақ педагогикалық мамандықтарға көбіне Ұлттық бірыңғай тестілеуде төмен балл алған оқушылар келеді. Тіпті педагогикалық мамандықтарда мемлекеттік грант конкурсының орта балы ауыл шаруашылығы мен ветеринария салаларынан да әлдеқайда төмен. Мектепті орташа аяқтап, педагогикалық оқу орнына түскен оқушы ортаңқол студент болады. Ертең мектепке барғанда да ол орта деңгейдегі ұстаз болады. Осыдан-ақ оның алдынан білім алатын шәкірттің шама-шарқын бағамдай беріңіз.
Ойымды тағы мынандай дерекпен нақтылай түскім келеді. Бізге жылына 8 000-ға жуық арыз-шағым түседі. Сол құжаттармен танысу кезінде кей ұстаздар мен мектептегі техникалық қызметкерлердің өз ойын қағазға түсіріп бере алмайтындары аңғарылады. Әрине, біреуден зәбір көріп, енді біреуден көмек күткендердің психологиялық ахуалын ескеріп, олардың сауатсыздыққа жол беруін түсінуге болатын шығар. Бірақ жақында ғана Тамыз конференциясына қатысқан Мемлекет басшысы да былтырғы жылғы ұлттық біліктілік тестілеуді тапсырғандардың 35 пайызы тиісті межені еңсере алмағанына назар аударды. Демек, бұл өзекті мәселе, – дейді Е.Сәбенұлы.
Педагогикалық мамандықты таңдауға келгенде мектепті үздік тәмамдаған оқушылардың құлықсыздығын Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің «Білім беру менеджменті» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы Клара Бұзаубақова да растайды.
– Ұстаздық қызметке үздік оқушылардың ұмтылмауы өте өзекті мәселе. 5-6 жыл бұрын бұл мәселені шешудің нақты жолдарын көрсетіп Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс хатпен шықтық. Бұл істе қазір кезіндегі Кеңес Одағының тәжірибесін қолданып жатқан Беларусь мемлекетінен үлгі алуға болады. Кеңестік мектептерде жоғары сыныптарда арнайы педагогикалық сыныптар жұмыс жүргізетін. Бұл сынып оқушыларына «Педагогикаға кіріспе» пәні оқытылатын. Осы жерден ұстаздыққа қарым-қабілеті бар талапкерлер педагогикалық оқу орнына түсуге шешім қабылдап жататын. Бір қуанарлығы сол, биыл біздің университетке 15 «Алтын белгі» иегері түсіпті. Бұл соңғы жылдардағы рекордтық көрсеткіш саналады, – дейді Клара Жайдарбекқызы.
Педагог-ғалым да жастардың ұстаздық етуге құштарлығының жоғалуын қоғамдағы педагогтар беделінің төмендеп кетуімен байланыстырады.
– Жаңа заң жобасы ұстаздарға берілетін әлеуметтік пакетті барынша жетілдірді. Дегенмен әлі де ойластыратын тұстары баршылық. Мәселен, арнаулы орта және жоғары оқу орындарында дәріс оқитын ұстаздар ғылыми атағы үшін ешқандай ақы алмайды. Саладағы жоғары марапаттарға қол жеткізген ұстаздарды ынталандыру жүйесі де жолға қойылмаған. Осыдан соң жастардың педагогикалық қызметке аңсары ауа қоюы екіталай, – дейді Клара Жайдарбекқызы.
Жаңа заң жобасына қатысты өз ойын білдірген облыстық мәслихаттың депутаты, Шу ауданындағы №40 шағын орталықты мектеп-лицейдің директоры Гүлбарам Тұрлыбек те бұл құқықтық құжат мүмкіндіктерін саладағы бірқатар өзекті мәселелерді шешуге бағыттау қажеттігіне назар аударды.
– Жаңартылған білім мазмұнына көшу жағдайында педагогтардың сабаққа дайындығы көп уақытты қажет ететіндігін ескеріп, олардың базалық лауазымдық жалақысын сақтай отырып, апталық оқу жүктемесін 16 сағатқа азайтуды ұсынамын. Сондай-ақ 30 жылдық педагогикалық еңбек өтілі бар ұстаздарға зейнетке шығу құқығын беруден де ұтарымыз анық.
Ең бастысы – жас педагогтарды қолдау шараларына жіті көңіл бөлу. Мәселен, ауыл мектептерінде ұрпақ тәрбиесімен айналысатын ұстаздар «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдалана алады. Олардың айлық жалақысына 25 пайыз көлемінде үстемақы қосылып, жылына бір рет коммуналдық қызметке өтемақы да беріледі. Өкінішке қарай, біздің аудандағы Төле би ауылы мен Шу қаласының тұрмыс жағдайында елеулі айырмашылық жоқтығына қарамастан, аталған әлеуметтік көмектер қала мектептеріндегі жас мамандар үшін қолжетімсіз болып отыр. Осы себептен де Шу қаласы мектептерінде кадр тапшылығы орын алуда. Кадр тапшылығына мұғалімдер еңбек жалақысының еліміздегі тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға жеткіліксіз болуын да басты себеп деп тануға болады.Ұстаздық қызметпен үй-жайға ие бола алмағандар амалсыз басқа жұмысқа ауысуға мәжбүр болады, – дейді Гүлбарам Қайшыбекқызы.

Қорыта айтқанда, ұстаздар қауымы мұғалім мәртебесін көтеруге, ең алдымен, олардың әлеуметтік жағдайын жоғары етіп, құқықтық қорғалуын да қамтамасыз ету арқылы қол жеткізуге болатынын айтады. Шынында, ұстаздық қызметтің ұрпақ тәрбиесімен айналысудағы ең маңызды сала болуымен бірге әлдекімдер үшін табыс көзі, отбасын асыраушы кәсіп екенін де ұмытпағанымыз абзал. Сондықтан да мыңдаған шәкірт санасына сәуле құйып, білім нәрімен сусындатқан кәсіп иелерінің беделін түсірмей, еңсесін тіктеу бүгінгі қоғамның келер ұрпақ алдындағы қастерлі борышының бірі болып қала бермек.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

ПІКІР