Елбасы Жолдауы

«Педагог мәртебесі туралы» заңда неге басымдық берілуі тиіс?

Жақында ғана Қазақстан халқына жариялаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі мұғалімдердің жай-күйіне айрықша тоқталып, «Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заңды әзірлеп, қабылдау қажеттігін тапсырған болатын.

«Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс», деген Президент мұғалімнің түпкі мақсаты жас ұрпақты оқытып-тәрбиелеу екенін еске салды. Әрине, бұл Мәңгілік ел болуды көздеген Қазақстан үшін құнды құжат болмақ. Алдағы уақытта әзірленіп, қолданысқа енетін жаңа заңнан ұстаздар не күтеді? Біз осы сауал төңірегінде мәртебелі мамандық иелерінің пікірін білген едік.
Жасыратыны жоқ, кешегі кеңестік кезеңнің келеңсіздіктерін жіпке тізсек те, ол уақытта мұғалімнің беделі биік болды. Тіпті, оқушылар педагог келе жатқаннан-ақ бойын түзеп, сыпайылық сақтайтын. Көпшіліктің санасында мұғалімнің бетін қайтара сөйлеу, қарсы келу қылмыс жасағанмен тең деп есептелетін. Тіпті, мұғалім көшеде жеке шаруасымен кетіп бара жатса да кездескендер құрмет көрсететін. Ал, қазір ұстазымен ұстасқан бұзақы балалардың қылығын көре-көре көзіміз де үйренді. Ондай әрекеттерге кезіксек, жаға ұстап шошынбай-ақ, үйреншікті жағдай секілді үнсіз өте беретін болдық. Енді бұдан құтылудың амалы бар ма? Жаңадан қабылданатын заң ұстаздарымыздың төрдегі орнын қайтара ала ма?
– Президент Нұрсұлтан Назарбаев мұғалімдердің бүгінгі қоғамда кешкен күйін сөз еткенде, көзге жас ала тыңдап, риясыз пейілмен риза болдық. Себебі, айтып отырғанының бәрі рас. Ұстаздың төрдегі басын есікке жеткізгенімізді қалай жасырайық? Әйткенмен, барлық педагог сондай деңгейге төмендеді дей алмаймын. Өзін сыйлата алатын педагогтар әлі де бар. Мұғалімнің мәртебесін төмендетпеудің бір ұшы өз қолында, – дейді ардагер ұстаз Қаншайым Иманәлиева.
Құрметті демалысқа шыққанға дейін бала оқытып, тәрбиелеумен айналысқан Қаншайым апай педагог мамандарының ең үздігіне ғана берілетін «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері. Кеңестік дәуірдің тәртібін де көрген, жаңа заманның жаңалығын да меңгерген мұғалімнің айтары көп.
– Елбасы тапсырмасынан көп жақсылық күтеміз. Педагогтардың мәртебесін көтеруді мақсат еткен заң қоғамның игілігіне жарайтыны анық. Себебі, педагог балаға ағартушылық бағыт-бағдар беру арқылы қоғамды тәрбиелейді. Алайда, жалғыз заң арқылы мұғалімнің мәртебесін көтеру қиындау. Өйткені, көп мәселе ата-аналарға да тікелей байланысты. Оң-солын әлі танып үлгермеген балаға ең алдымен өз ата-анасы жақын. Солардың айтқанын санасына сіңдіріп, әрекетін әдетіне айналдырады. Ал, қазір біздің көптеген ата-аналарымыз баласының әдепсіздігіне тыйым айтып, тоқтау салған мұғалімнің жағасынан алуға дайын тұрады. Қит етсе «балама сөйлеп қойды» деп мектепке шағымдана жүгіре бермей, үйінде баласына дұрысын айтып, жөн сілтеп отырса, көп нәрсе түзелер еді ғой. Сосын мұғалімдер де бұл мамандықтың биік жауапкершілігін жүрегімен сезініп, бір сәтке де естен шығармай, сол атқа лайық жүріп-тұрса, соған сай киінсе, оқушының алдында парасатты келбетімен көрінсе, құрметке бөленеді. Кейбір жас мамандарымыз оқушының алдына ашық-шашық киіммен шығып, бейберекет қалжыңдасып кететіні бар. Мүмкін, жастық желігі тарқамаған шығар. Дегенмен, мектепке мұғалім болып жұмысқа қабылданған сәттен бастап бойындағы артық қылықтарынан арылып, өзін өзі тәртіпке салып, ойын жинақтағаны абзал. Әйтпесе, оқушыларының қағытпа қалжыңына ілігіп, оның артынан өрескел кемсітулерін көре беретін болады. Бұл қадірлі мамандықтың беделін түсірмегенде қайтсін?..
Үшіншіден, педагогтар ұжымын басқаратын басшылар қызметіне байыппен қарап, лауазымына лайық байсалдылық байқатып тұрса, кемшіліктер түзеледі. Шындығында мектеп, балабақша басшыларының көбі әйел азаматшалар. Әлде жаратылысынан ба екен, кім білсін, базбір басшылар қаңқу сөзге ерік беріп қояды. Әлдебір мұғалім жөнінде жөнсіз әңгіме айтып, оның деңгейін төмендетеді. Бұл да барша ұстаздардың биік орнын төмендетуге үлкен әсерін тигізеді. Бұрынғы мұғалімдер жеке басының кемшілігін көрсетпеуге барын салатын. Бір қалыпты қарапайымдылығын барлық ортада сақтайтын. Сонысымен де олардың абыройы аласарған жоқ. Сондай-ақ, білім беру мекемелері зейнетке шыққан ұстаздарымен байланысты үзбей, өнегелі істерін шәкірттерге көрсетіп, қарым-қатынасты жалғастырып отырса, олда бір ғанибет. Бұл кейінгі жас мамандарға үлгі көрсетумен қатар, оқушылардың мұғалімге деген құрметін арттырады. Міне, жаңа заңда осы мәселелер орын алса, құба-құп, – дейді Қаншайым Иманәлиева.
Ал, бұл тұрғыда облыстық білім басқар­ма­сының басшысы Рахия Тұрмаханбетова не дейді?
– Педагогтардың мәртебесі туралы заң болашақта мұғалімдік кәсіпке мектепте жақсы оқыған, өз жүрек қалауымен мұғалімдікті таңдаған, өз ұстазын үлгі тұтқан мектеп түлектерінің көптеп келуіне әсер етері сөзсіз деп ойлаймын. Шындығын айту керек, қазір мұғалімдікке көбінде ҰБТ-дан төмен балл алған оқушылар барады. Ондай студенттен сапалы педагог даярлау қиын екені даусыз. Ал, мектепке жүрек қалауымен педагог мамандығын таңдаған, жақсы оқыған жастар келсе ол заман талабына сай тың бастама, жаңаша леп, соны серпіліс әкеледі. Педагогты тек оқытушы ретінде емес, келешек ұрпақты қалыптастырушы тұлға деп түсінсек, оның рөлінің жоғары болуына қоғам болып атсалысуға тиістіміз. Мұғалімді құрметтеп, еңбегін бағалау арқылы біз өз болашағымызға жарқын жол ашамыз.
Сайып келгенде, еліміздің баянды болашағы сол ұстаздардың қолында. Жаңа заңнан елдің ертеңіне бағыт жасайтын ұстаздардың ұлағатын ұлғайтар екпін күтеміз. Ақпарат құралдарында мұғалім туралы жақсы ойлар айтылуы керек, бұл да заң жобасында көрініс табуы тиіс сияқты. Заң өз кезегінде мұғалімнің оқу мен тәрбие беруде жауапкершілігін арттырады деп ойлаймыз. Егер заңда мұғалімді баспанамен қамту, басқа да жеңілдіктер көрініс тапса, ер мұғалімдер санының артуына көмектеседі. Ал, мұның ұлдар тәрбиесіне әсері зор болар еді. Заңда оқу жүктемесін азайту, мұғалімнің әлеуметтік мәселелерін шешетін талаптар болса, жақсы мұғалімдер қатарын арттырады, бәсеке болады. Яғни білімді, тәрбиелі оқушы көп болады деген сөз, – дейді облыстың бас мұғалімі Рахия Сейітбекқызы.
Облысымызда дарынды балаларды оқытатын арнайы мектеп-интернат бар. Келмеске кеткен Кеңестік кезеңдегі ұстаздардың биік рөлі осы мектепте сақталған. Ол үшін мұнда қандай әдіс-тәсілдер қолданылып отырғанын да білуге тырысып көрдік.
– Ұстаздың оқушысын тыңдата білуі тек қаталдықпен келмейді. Бала жүрегін мейіріммен баурап, тәртіпке жылы сөз, жақсы әңгімемен бағындырсаң ғана нәтижелі болмақ. Және «Дарын» мектеп-интернатына өңірдің түкпір-түкіпіріндегі оқушылар арнайы емтиханнан өтіп, барынша іріктеліп қабылданады. Егер оқушы білімі мен тәртібі жағынан төмен баға алып қалса, мектептен шығарылатыны тағы бар. Сынақтан өткен еңбегін еш кетірмеу үшін де, ертеңіне сапалы білім алу мақсатын оқушы да естен шығармайды деп ойлаймын, – дейді ерекше дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының мұғалімі, үздік педагог Базарбай Дүйсенбаев.
Тәжірибелі ұстаз біз әңгіме етіп отырған педагогтардың мәртебесін көтеруге негізделген жаңа заңда мектеп мұғалімдерінің құзырына жатпайтын жұмыстарға қатыстырылмауы қаралғанын қалайды.
– Атап айтсам, білім басқармасы мен әдістемелік кабинет жұмыстарына мектеп мұғалімдері қатыстырылмаса екен. Екіншіден, сынып жетекшілерінің оқушылармен, ата-аналарымен, мектеп әкімшілігімен арадағы жұмыс жүйесі бірізділікке түсірілгені жөн. Үшіншіден, педагогтар басы артық аттестациялық жұмыстар, тексеру дегендерден босатылса, уақытын тек негізгі мақсаты – бала тәрбиесіне жұмсар еді. Төртіншіден, мұғалімдердің денсаулығына қатысты жұмыс барысында емханалардан кезексіз тексеріліп тұруға жеңілдіктер қарастырылса және ұстаздардың рөлі саяси қызметкерлердің мәртебесімен теңестірілсе деген ұсыныс-тілектерім бар. Мектеп ұстаздары өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беріп, жас тұлғаның бойындағы қабілетін шыңдап, тұлға дайындайды. Ол – қоғамды қалыптастырушы. Ұстаздар қоғамның даму көшін ілгері сүйреумен қатар, оған көшбасшылық етумен де келеді. «Дәмді сөзді іздедім, ойы өссін деп баламның» дегендей, елдің рухани дамуына да қосып келе жатқан қызметтері ұшан-теңіз, – дейді Базарбай Рысбайұлы.
Расында да, қоғам мүшелеріне білім беріп, жан-жақты мәдениетке тәрбиелейтін ұстаз – өмір өзегі. Сол себепті, мұғалім мәртебесіне арналатын заңда бүгінгі қоғамның барлық қыры зерттеліп, педагогтарға қатысты мәселелер қамтылып, әзірленсе ұлт болашағы үшін де ұтарымыз көп болмақ.

Қамар Қарасаева

ПІКІР