Педагогикалық әдеп кеңесінің негізгі міндеті қандай?

0 27

Мұғалімнің мерейін өсіріп, мәртебесін көтеруге бағытталған «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылданғанына бір жылдан аса уақыт өтті. Осы уақыт аралығында жергілікті атқарушы билік пен білім беру ұйымдарының өкілдері қоян-қолтық жүзеге асырғанының нәтижесінде заңның орындалуы да соғұрлым нәтижелі бола түскенін жасырмаймыз.

Бүгінгі таңда облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің жанынан құрылған Педагогикалық әдеп және педагогтың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі консультациялық-кеңесші органы – мұғалімдерге қатысты құқықбұзушылықтар мен педагогикалық этиканы өрескел бұзу туралы даулы мәселелерді қарастыратын арнайы алқалы орган. Яғни педагогикалық этика және мұғалімдердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес. Мұндай институт алғаш рет пилоттық режімде 2020 жылдың тамыз айынан бастап Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істей бастады. Казіргі уақытта аталған кеңес Республиканың барлық өңірінде құрылып, жұмыс жүргізуде. Олар білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттері жанында жұмыс істейтін болады.
Ал ҚР Білім және ғылым министрінің тапсырмасына сәйкес облыста қандай жұмыстар атқарылуда? Алдағы мақсат-міндет, жоспар қандай?
Облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Дәмеш Үскімбаеваның айтуынша, өңірде тапсырма аясында тиянақты жұмыстар жүргізілген.
2020 жылы департаментке 57 арыз-шағым түскен, оның ішінде 10 шағым бойынша ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңы талаптарының бұзылу фактілері анықталып, 7-еуіне (директор және орынбасары) ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 409-бабының 7-3-бөлігі
1) тармақшасымен, біреуіне (ата-ана) аталған кодекстің 7-7 бөлігімен әкімшілік іс қозғалған. 2 директорға білім бөлімі тарапынан «сөгіс» берілген.
Педагогтар өз құқықтарының қорғалуын талап етіп қана қоймай, сонымен бірге өз тараптарынан әдеп нормаларының сақталуын ұдайы назарында ұстаса, моральдық білім болмыстары одан әрі биіктей беретінін айтады. Дәмеш Шайхықызының сөзіне сүйенсек, педагогикалық әдептің негізгі қағидаттары – адалдық, әділдік, жеке тұлғаның абыройын және қадір-қасиетін құрметтеу, патриотизм, жалпы адами құндылықтарды құрметтеу және төзімділік, кәсіби ынтымақтастық, үздіксіз кәсіби даму.
– Жалпы педагогикалық әдеп кеңесінің негізгі міндеттері – педагоги­калық әдептің бұзылу моноторингі, профилактикасы және оның алдын алу, білім беру ұйымы ұжымының адамгершілік-психологиялық ахуалын жақсартуға, педагогикалық әдептің бұзылуына байланысты даулы жағдайларды реттеуге ықпал ету. Сонымен қатар педагогтардың жауапкершілігі туралы мәселені дұрыс қарау үшін қажетті және жеткілікті мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеу, педагогикалық әдепті бұзуға ықпал ететін себептер мен жағдайларды қарау және олардың негізінде білім беру ұйымының басшысына ұсынымдар әзірлеу негізгі міндеттеріне жатады.
Кеңестің өкілеттік мерзімі үш жылды құрайды. Кеңес төрағадан, хатшыдан және басқа да мүшелерден тұрады. Кеңес мүшелерінің саны тақ болуы және 7 адамнан кем болмауы тиіс (кеңес хатшысын есептемегенде). Кеңеске білім басқармаларының (бөлімдерінің) өкілдері, білім беру саласында қызмет ететін кәсіподақтардың, үкіметтік емес ұйымдардың және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, кемінде екі педагог, құрметті демалысқа шыққан педагогтар кіреді. Сондай-ақ кеңес құрамына сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған, сот белгілі бір мерзім ішінде мемлекеттік лауазымдарды атқару құқығынан айырған, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылығы үшін жұмыстан босатылған тұлғалар секілді белгілі бір санаттағы адамдар кірмейді.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы №190 бұйрығына сәйкес әрбір өңірдегі білім беру ұйымдарында әдеп кеңесі құрылу керек болған. Өкінішке қарай, әлі құрылмаған. Бірқатар білім беру ұйымдары құрған. Алайда белсенділік жоқ. Негізі үш айда бір рет кеңес отырысын өткізіп тұруы қажет.
Ал облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің жанынан әдеп кеңесі ағымдағы жылдың қаңтар айында құрылып, 19 ақпанда алғашқы отырысы өтті. Отырыста ережемізді, алдағы жұмыс жоспарымызды бекіттік. Одан бөлек департаменттің өткен жылы атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Педагогикалық кеңестің сан саланың өкілдерінен құралған 11 мүшесі бар. Наурыз айында кеңестің екінші отырысын өткізіп, мүшелердің ұсынысымен педагогтардың арыз-шағымын тыңдауды жоспарлап отырмыз.
Сондай-ақ алдағы уақытта әр ауданнан өкілдерді қатыстыра отырып, арнайы платформалар арқылы семинар өткізуді жоспарлап отырмыз. Осылайша әр білім беру мекемесінде құрылған кеңестердің жұмысын жүйелейтін боламыз. Енді педагогтар қандай да бір мәселе туындаған жағдайда ешқайда сабылмай-ақ, әдеп кеңесінің көмегіне жүгіне алады. Өз кезегінде кеңес кез келген мәселені ушықтырмай, әділ әрі нақты шешім шығаратын болады.
Айта кету керек, біз консультациялық кеңесші орган болғандықтан ұсыным береміз. Ал ұсынымның орындалуын білім басқармасына, білім бөлімдеріне жіберуге құқылымыз, – дейді Д.Шайхықызы.
Түйіндей айтқанда, бұл кеңес басқа кеңестен өзгерек. Педагогикалық әдеп кеңесі ұстаз мерейін өсіру, оның мәртебесін жақсартуға бағытталған зор мүмкіндік.

Талғат Нұрханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.