Елбасы Жолдауы

Педагогтың қадірін қоғам болып қайтару керек

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнайтын жыл сайынғы Жолдауы жағымды жаңалықтармен елді елең еткізетіні анық. Биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауы, әсіресе білім саласына жан бітірді. Өйткені, Қазақстанның бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болуы үшін біз сауаттылығы жоғары алдыңғы қатарлы елдердің біріне айналуымыз керек. Бұлай дейтініміз, қазіргі қарыштап дамып жатқан әлем өркениетінің негізі сапалы оқу-біліммен тығыз байланысты екендігі баршамызға аян. Тікелей еңбек адамының, ұлы мамандық иелері болып табылатын ұстаздардың құқығы мен заңды мүдделерін қорғаушы ұйым ретінде біз үшін аса өзекті мәселелер «Тұрмыс сапасын арттыру» атты екінші бөлімде қарастырылған.

Құнды құжатта Елбасы өмір сапасының құрамды бөлігі ретінде балабақшадан бастап ЖОО-ға дейінгі білімді атайды. Яғни, балабақшадан бастап қазақстандық білім беру жүйесін әлемдік стандартқа сай етіп, онымен таласқа түсе алатындай жағдайға жеткізу – айқын мақсаттардың бірі. «Қазақстан-2050» стратегиясында айтылғандай қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауатсыздықты жою жеткіліксіз, білім мекемелері мен оның төңірегіндегі азаматтар ең озық жабдықтармен қамтылып, ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуы тиіс. Мейлі ол мұғалім болсын, мейлі оқушы болсын. Екеуіне де артылар жүк жеңіл емес. Бұл дегеніміз әлемдегі білім беру парадигмасы өзгеріс үстінде дегенді білдіреді. Бұрын тек білімді меңгерту жеткілікті болса, бүгін сол білімді қолданысқа ендіре алуы маңызды болып тұр.
Осы тұста білім беру процесіндегі ең негізгі тұлға ұстаз екені белгілі. Бүгінгі ұстаз өз пәнін толық меңгерген, оқытудың әдістемелері мен технологияларын иеленген, шәкірттерінің психологиясы мен жас ерекшеліктерін білетін, бірнеше тілде сөйлейтін маман болуы тиіс. Яғни, білім беру жүйесіндегі барлық техникалық жаңалықтар жағдайына қарамастан мұғалім тұлғасы білім беру үрдісінің негізгі түйіні болып қала береді. Бұл ұстаздардың онсыз да жеңіл емес жүгін ауырлатып, міндетіне міндет қосып, қоғам алдында зор жауапкершілік жүктейді. Дәл осы жағдайда Елбасы ұсынған «Педагог мәртебесі туралы» Заң өзінің қажеттігін дәлелдей түспек. Ендігі мәселе, бұл заң қандай мәтінде қабылданатынында. Міне, осы тұста біз тосырқап қалмауымыз керек.
Елбасы өзінің сөзінде қабылданатын заңның мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлерін жемісті еңбек етуге ынталандыратын барлық тетіктерді қарастыруы тиіс екенін айтты. Шындығында осыған дейін мұғалімдердің беделін көтеру мәселесі жай ғана сөз жүзінде жүрді. ҚР «Білім туралы» Заңының 7-тарауында да педагог мәртебесі туралы «Мемлекет қоғамдағы педагог қызметкерлердің ерекше мәртебесін таниды және кәсіптік қызметін жүзеге асыруы үшін жағдайлар жасайды» деп қысқа ғана қайырған болатын. Білім және ғылым министрлігі қабылдаған «Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» да педагог кәсібінің беделін арттыруға арналған жолдар бар. Бірақ, көзіміз көріп жүргендей екі құжат та ұстаз мәртебесін көтеріп, мұғалімдердің тұлғасын тұғырлы етуде қауқарсыз болып тұр.
Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаевтың «Алты Алаштың басы қосылғанда, төрдегі орын – мұғалімдікі» деп белгілеп кеткен ұстаздың лауазымын бүгінде төрден емес, төменнен көріп жүрміз. Қазіргі таңда ұлды емес, ұстазды кінәлау көп көрініс табады. Әріпті үйретпес бұрын ата-аналар балаларына әдепті үйрету қажеттігін ұмытып барамыз. «Педагог мәртебесі туралы» Заң білім саласындағы үштаған – мұғалім, ата-ана және оқушы арасындағы өзара қарым-қатынасты, міндеттер мен құқықтарды, жауапкершіліктер мен кепілдіктерді реттеп беруі тиіс. Әрине, бұл жағдайда талап алдымен ұстазға қойылады, сондықтан ол ең алдымен білікті, білімді болуы қажет. Кез келген адам мұғалім бола алмайтындығы да осы заңда көрініс табуы қажет. Соңғы жылдары ұстаздыққа ҰБТ-дан төмен балл жинаған, жұмыс таппай, нәпақасын бала оқытудан айыруды ойлаған, көбіне сырттай оқыған жастар ден қойып жүргені жасырын емес. Жүрек қалауымен, бар ынта-жігерімен бармаған мамандықтан мардымды нәтиже шықпайтыны әмбеге аян. Осыдан келіп, өкінішке қарай, соңғы жылдары педагог мамандығы өз қызығушылығын жоғалтқаны рас. Мұның тағы бір себебі, ол – әлеуметтік қорғаудың жеткіліксіздігі мен еңбек ақының төмендігі.
Білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы жарғылық құзыреті мен мүмкіндіктерді пайдалана отырып өз мүшелерінің заңды құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау қызметінің тиімділігін арттыру ісін күн тәртібінен түсірген емес. Алайда, бүгінгі қоғамдық қатынастар кәсіподақ ұйымдарына да жаңа талаптар қоюда. Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер кәсіподақ қозғалысына да сапалы өзгерістер енгізуді қажет етеді. Сонда ғана ұстаздар өзін толық қорғалған сезінеді, өзінің артында сөзін сөйлейтін күшті қоғамдық ұйымның барын, оған кез-келген уақытта арқа сүйеуге болатынын білетін болады.
Біз Елбасының ұстаздарға деген құрметіне алғыс білдіре отырып, бұл бағыттағы жұмысты жандандыра түсетін боламыз.

Ерұлан МАҒЗЫМБЕКОВ,
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық ұйымының төрағасы.

ПІКІР