Қоғам

«Педикюр» жасалған сиырлар сүтті болатыны рас па?

Естімеген елде көп. Сиырға «педикюр» жасалады» дегенді естіп пе едіңіз? Естімесеңіз айтайық, бұл тәжірибе Еуропада кеңінен қолданылады екен, ал, солтүстіктегі көршіміз – Ресей Федерациясына бұл әдіс жаңадан енгізіліп жатқанға ұқсайды.

Әрине, сиырға «педикюр» сән үшін жасалмайтыны белгілі. Ендеше, Зеңгі баба түлігінің тұяғын егеу не үшін қажет? Бұл сұрақтардың жауабын ортопед-мал дәрігері Ержан Бейімбетов берді.
Маманның айтуы бойынша, аталған процедураны жүргізудің бірнеше себебі бар екен. Біріншіден, тұяғының тегіс болмауынан сиыр ақсаңдап жүреді, бұл түрлі ауруларға алып келеді немесе тайғанақтап құлап, денсаулығына нұқсан келу ықтималдығы артады. Ал, статистикалық санақ бойынша, ауырған малдың 15-20 пайызы шығынға ұшырайды. Екіншіден, сиыр түзу жүрмегендіктен салмақ жоғалтады, яғни, «педикюр» жасалған еуропалық сиырларға қарағанда біздің сиырлардан ет пен сүт аз алынады. Шамамен сауылатын сиырлар 25-40 пайызға дейін сүтті аз береді. Үшіншіден, тұяғы тегіс болмағандықтан сиырдың нақты салмағын білу мүмкін емес.
Еуропа одағы зерттеушілерінің пікіріне сүйенсек, ақсаңдап жүруінен сиырлар жылына 360 пен 1 500 литр аралығында сүтті аз береді екен. Енді ойлап қараңыз, ауыл-аймақта 10 литр сүт беретін сиырды іздеп табу қиын. Ал, еуропалық сиырлар үшін бұл қалыпты жағдай. Өйткені, «кәрі құрлықта» сиырларға «педикюр» жасау тәжірибесі бұрыннан бар. Сиырдың салмақты, яғни, етті көп беруі үшін де бұл тәжірибе таптырмас құрал. Сондықтан да, Ержан Орынбекұлының айтып отырғаны орынды, демек, бұл тәжірибе Қазақстанда да кеңінен қолданылуы керек.
Өкінішке қарай, елімізде сиырлардың тұяғын егейтін арнайы мамандар саусақпен санарлық қана екен. Соның бірі Ержан Бейімбетов Ресейдің Липецк облысында орналасқан ірі фермада біліктілігін арттырып, тәжірибеден өтіп келген. Демек, тиімді технологияны еліміздегі мал дәрігерлеріне үйрету ісін қолға алған жөн. Өйткені, мүйізді ірі қара малдың еттілігі мен сүттілігін арттыратын бұл шара бізге аса қажет.
Десе де, бұл процедураны кез келген адам жасай алады. Маманның айтуы бойынша, сиыр тұяғын егеу өте күрделі көрінгенмен қызметі аса ауыр емес. Нақты айтқанды электрлі егеу құрылғысы, кемпірауыз бен қосауыз қолдана білсеңіз, өзіңіздің өлшеміңіз үшін құрылыс сызғышы және кішігірім тазалауға арналған арнайы саймандар қажетіңізге жарайды.
«Бұл әдісті көршілес елдердің қолданысқа енгізгеніне оншақты жылдың көлемі болса да өзіндік жемісін беруде. Біздегі отандық ірі фермалар осы әдіске түбегейелі көшсе, мал ауруларының алдын алуға да үлкен мүмкіндік туады», – дейді Ержан Орынбекұлы.

Гүлмаржан ҚОСЖАНОВА

ПІКІР