Періште көңіл поэзия

0 11

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,
Мемлекет және қоғам қайраткері

Мына жарық дүниенің дидарында ниеттес, тілектес, пікірлес, өзіме болған өзгеге де болсын деген, аузын ашса жүрегі көрінетін, ақ тілеулі жандар қаншама. Бір ғажабы, олар Жер шарының әр қиырында тұрып, бір-бірін танымауы да мүмкін. Алайда сол азғантай адамдардың ниетіне қарай жұмыр Жер жүрісінен жаңылмай, Күн орнынан шығып, Ай уақытында туып тұр ма деп ойлаймын. Жарық дүниеге адамзаттың бәрін бауырым деп сүйетін данышпан Абайдың көзімен қарайтын сондай аяулы жандардың бірі, кішіліктің жолын бұзбай, кісіліктің туын жықпай, халқына қадірлі, еліне елеулі болған ақын – Күләш Ахметова.

Қазақ поэзиясы ХХ ғасырда құлпырып, ерекше күйге енді. Әлемдік жауһарлардың қатарына ұялмай қосатын шығармалар дүниеге келді. Мұңлы муза иесі, жырдың Хан Тәңірісі Мұқағали, асықпай ағып, ұзаққа баратын өзендей Жұмекен, тентек мінез Тоқаш, қайсар мінезді Фариза, нәзік сезім иесі Күләш болып түрлене түсті. Азаматтық үнінің айқындығымен, нәзік сыршылдығымен ерекшеленетін Күләш Ахметова шығармалары туған елді сүю, адалдық, достық, махаббат сезімдерін ту етеді. Адамның көңіл күйі, жан әлеміндегі құбылыстар, әйел тағдыры – ақынның лирикалық толғаныстарының желісін құрайды. Күләштің «Туған жер» деген тырнақалды өлеңі 14 жасында жарық көрген екен. Содан бері алтын бесік – атамекенін жырлаудан танбай келеді.
Күләштің 1977 жылы жарық көрген «Сен менің бақытымсың» деп аталатын жыр жинағына әдебиетіміздің алыптарының бірі Әбділда Тәжібаев ақжарма тілегін арнап, «Күләш Ахметова – ақын» деп жалпақ елден сүйінші сұрайды. Әбділда сол мақаласында ақынның:
Құлағанды деме де, бақытты қыл,
Бақыттының тұнығын лайлама.
Масқара қыл, аяма, әшкере қыл,
Атақ үшін атасын сататынды.
Өмір – бәйге, замандас озып келсе,
Күбірлемей, күндемей, күліп қара, –
деген өлең жолдарын көшеге жазып іліп қоюға болатын есті шумақтар деп бағалайды. «Күләш жырлары мені қатты қуантты. Таза сағыныштардан, жарық армандардан туған мұңды, мөлдір жырлар әуендеріне үн қосқандай сезіндім, жыр құдіретімен жаңғырғандай, жаңа дүниеге кіргендей жадырадым. Біздің бақытты республикамыздың жас бұлбұлдары осылай молая беру керек!», деп жас ақынға батасын береді. Тегінде, шын ақындар өлең жазбайды, оларға өлең қонады, көктен құйылып түседі. Өз басым Мұқағалиды сондай ақын деп ойлаймын. Мұқағалидың «Сен маған шарфыңды бер, шарфыңды бер, Сырдың желі мойнымды шарпып жүрер» дейтін ғажайып өлеңінің Күләшқа арналғанын бүгінде біреу білсе, біреу біле бермейді. «Ақынды ақын түсінбесе – сол қайғы, Ақынды ақын қолдамаса болмайды», деп жырлаған Мұқағали мен Күләштің жырларының арасында ерекше рухани жақындық бар. Мұқағалиды Күләш алғаш рет 1966 жылдың мамыр айында жазушылардың V съезінде көреді. Он жылдай шығармашылық байланыста болады. Бір ғажабы, 1976 жылы Мұқағали өмірден қайтқан күні Күләш түс көреді. «Сағымды сайын далада бір сырлы бесік тұр екен. Мұқағали маған қарап: «Бұл бесікті енді сен тербет» деп аманат арқалатқандай болды», – дейді. Ақындықты Алланың берген сыйы деп қабылдаған ақындар арасында көпшілік біле бермейтін рухани байланыс болады дегенге осыдан кейін қалай иланбассың.
Әрине, Күләштің өмір жолы тақтайдай тегіс болған жоқ. Ол өз өмірі жайында: «Анам Бекзада менің алты жасымда көз жұмғаннан кейін, інім Бақтияр екеуміз әжем Молшаның тәрбиесінде болдық. Әжеміз Ұлбике ақынның ұрпақтарының бірі болғандықтан болар, өте шешен, зерделі жан еді. Үшінші сыныптан бастап тіл ұшыма өлең орала берді. Жетінші сыныпта «Анама», «Туған ел» деген тақырыптарда өлең жаздым. Әжем 16 перзент көтерген, айтысқа қатысқан әнші кісі еді, ауылдастары «Үкілі келін» деп атайтын. Әулеттің үлкен әжесі Үміт те астауын алтынмен аптатып, итаяғын күміспен күптетіпті делінетін, «үйінде ат басындай алтын бар» деп ел аңыз таратқан Өтеулі байдың келіні болатын», –
дейді. Ақын: «Бұл дүниеде бәрі ниетке орай беріледі. Менің пайымдауымша, шын ниеттенген адам қалайда мақсатына жетеді. Менің мақсатым – айласыз, қулық-сұмдықсыз, тыныш тіршілік кешіп, әуелі ұрпақтарыма, жастарға бір нәрсе айту», – дейді. Ақынның өмірде де, өлеңде де ұстанған ұстанымы осыған саяды. Қазақта: «Тегінде бар тек жатпайды» деген сөз бар. Күләш өлең қонған, домбыра дарыған Талас өңірінің Үшарал ауылында дүниеге келген. Арғы тегі шетінен ығай мен сығай, кеуделері шежіреге тұнған, алтын сандық кеуделі, кәрі құлақ, ескі көздер еді.
Тегінде, Күләш көп ақынның бірі емес. Оның өмірі де, өнері де – өлең. Ол өлеңсіз өмір сүре алмайды. Өлең оның бүкіл болмыс-тіршілігіне айналып кеткен. Ол – жаңа жауған қардай жаны таза, жүрегі ізгілік пен иманға толы, барша адамзат баласын құшағына сыйдырғандай, қылдай қиянаты жоқ, ақ тілеулі ақын. Оның өлеңдері оқырманға жазды күнгі жұпар самал желдің жайлы лебіндей әсер етеді. Зәредей жасандылығы жоқ, нағыз шынайы таланттан туған шығармаларды толқымай оқу қиын. Күләш поэзиясының басты тақырыптары – ұлт мұраты, ел мен жер тағдыры, елдік пен ерлік, уақыт пен кеңістік, дала мен қала, жыл мезгілдері, жастық пен достық, ғашықтық ғаламаттары. Өрлігі мен нәзіктігі, тәкаппарлығы мен талдырмаштығы егіз өрілген, өмірі мен өнері біте қайнасқан К.Ахметова тәуелсіздікке дейін лирикалық өлеңдерімен елге танылса, тәуелсіздік алғаннан кейін біржола азаматтық әуенге көшті.
Адамдарды таңдантып, мәңгі ойлантып,
Ұшқан құстай зулайды, самғайды уақыт.
Мына шексіз ғаламда өз далаң мен,
Өз Отаның болғаны қандай бақыт!
Сәбидей көлеңкесіз көңілмен, періште тілекпен ақ қағазға құйылып түскен мұндай өлең жолдарын тебіренбей оқу мүмкін емес. Әйелге тән нәзіктік пен ақынға тән асқақтықты бір бойына сыйдырған ақын Ұлы даланы, қазақ ұлтын, Қазақстанды көзінің қарашығындай көріп, жүрегін бөлеп, талмай жырлап келеді. Күләштің нәзік әрі кең жүрегіне көгілдір аспан да, Ұлы дала да, оны мекендеген адамзат та – бәрі сыяды. Соның бәрін әзиз жүрегіне салып әлпештейді, аялайды. Туған елінің тауын да, тасын да, байтақ даласын да, жасыл орманын да, қалтыраған жапырағын да, мөлдіреген таңғы шығын да – бәрін де риясыз сүйеді. Оның өлеңдері ылғи да періште көңілден, таза пейілден, пәк сезімнен, мейірбан жүректен туады. Сондықтан да ізгілік, парасат, кісілік жолынан таймаған Күләш бәрімізден де шынайы әрі таза. Күләш туған елін, туған халқын жақұт жырымен жебеп, асыл санасына бөлеп жазады. Жұрттың бәрі дәл Күләштай болса, ел де, жер де, қоғам да, адам да, заман да басқа болар еді. Біз ол кезде Асан Қайғы желмаямен іздеген Жерұйықта жүрер едік. Әдетте, жұрт біреуді біреуге ұқсатып, бір ақынды бір ақынмен салыстырып, жарыстырып жатады. Күләш ақын ретінде де, азамат ретінде де ешкімге ұқсамайды. Не жазса да толғап жазады, түп тереңінен қозғап жазады. Жырдан жақұт шашып, маржан төгіп, мейірімін құйып тұратын ақын.
Қысқасы, жер-көкті, туған халқын қалтқысыз сүйген ақын жар салып, әлемді, адамзатты, табиғатты қорғауға шақырады. Күләш жырларының басты құны да осында. Ондай жырлар ешқашан өлмейді, адамзатпен бірге жасай береді.
Ендеше:
Халқым аман болса деп көзімді іліп,
Халқым аман болса деп оянамын, –
деп жырлаған періште тілек ақынның мерейтойы құтты болсын. «Маған ұлттық идея не десе, мен ұлтты сүю, қазақты сүю дер едім. Еліңді, жеріңді, тарихыңды, дәстүріңді, тіліңді, дініңді, ұрпағыңды, мұратыңды сүю – түгелдей осы қазақты сүюдің аясына кіреді» деген екен Күләш бір сұхбатында. Қарашаңырақтың амандығы үшін, қазақ деген ұлттың ұлы мұраты үшін, ұлы жаратылыстың үйлесімі үшін жыр жырлай бер, ағыңнан ақтарыла бер, күн шыққан сайын күліп ояна бер, сәулелі сәттерің, шаттықты шақтарың көп болсын, ақ тілеулі асыл қарындасым.

Leave A Reply

Your email address will not be published.