Мәдениет

Пернебай Дүйсенбиннің шығармалары насихатталды

Written by Aray2005

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Д.Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен «Рухани қазына» Кіші бағдарламасының аясында жыл сайын балалар мен жасөспірімдер тақырыбына қалам тербейтін қазақ ақындары мен жазушыларының шығармашылығына арналған «Әлемді кітап арқылы танимын» атты көркем әдебиет туындыларын ең көп оқитын оқырмандар арасында облыстық байқау өткізіліп келеді. Өткен жылы осындай іс-шара айтулы балалар ақыны Сұлтан Қалиевтің шығармаларына арналған еді. Ал биылғы жылы осы байқауға қазақ балалар әдебиетінің көрнекті тұлғасы, республикалық жабық әдеби конкурстардың алты дүркін, халықаралық «Дарабоз» конкурсының екі дүркін лауреаты, сол конкурстың 2015 жылғы Гран-при иегері Пернебай Дүйсенбиннің шығармашылығы таңдалып алынды.

Осы облыстық байқаудың биылғы жылғы алғашқы шарасы Сарысу ауданынан бастау алды. Оған облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлфайруз Іңкәрбекова мен бөлім меңгерушісі Жанар Тәттімбетова, кітапханалар жүйесінің директоры Света Қожаназарова қатысып, байқауға қазылық етті.

Байқауға қатысушы үміткерлер «Мен – кітапхананың тұрақты оқырманымын», «Пернебай Дүйсенбин –балалар әдебиетінің көрнекті жазушысы», «Портрет галереясы», «Жазушының өмірі мен шығармашылығы» секілді төрт аталымнан тұратын әдеби бәйгенің талаптары мен сұрақтарына жауап беру бойынша сайысқа түсті.

Бәйгеде сайыскерлер жазушының әңгімелерінен, ертегілері мен аңыздарынан, повестерінен үзінділерді жатқа оқыды. «Алпамыс батыр» драмасы бойынша сахналық үзінділер қойды.

7-10 жасқа дейінгі, 10-15 жасқа дейінгі аралықтағы 24 үміткер қатысқан сайыста Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектептің 4- сынып оқушысы Асылай Есенгелді мен Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-гимназияның 6-сынып оқушысы Елдос Тыныштықбай жеңімпаз атанды.

Олар үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Тараз қаласында өтетін облыстық байқауда өз бақтарын сынайды.

Осы байқаудың негізгі мақсаты қазақ балалар жазушыларының сан алуан тақырыптағы көркем шығармалары, танымдық тәрбиелік туындылары, ертегілері мен аңыздары, повестері мен әңгімелері, өлеңдері мен жырлары арқылы жас жеткіншектердің кітапқа деген үлкен қызығушылығын, құрмет сезімін арттыру, руханияттың алтын діңгегі, қазыналы, қасиетті қара шаңырағы — кітапханаға деген шынайы сүйіспеншілік, құрметпен оған бетбұрыс жасау еді. Осындай ізгілікті, рухани шаралар бұдан былай да өз жалғасын таба беретініне сенеміз.

Айтбала Жолмаханова,

Сарысу аудандық орталықтандырылған

кітапханалар жүйесі директорының орынбасары 

ПІКІР