Пилоттық жоба «пиар» үшін емес

0 8

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұрбек Дайырбеков бастап келген жұмысшы топпен кездесті. Жиында «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» және «Алқаптан сөреге дейін» пилоттық жобаларының жүзеге асырылу барысы талқыланды.

Кездесуді ашып, жүргізген Бердібек Машбекұлы ауыл тұрғындарының табысын арттырған, бағаның тұрақталуына мол мүмкіндік берген жобалар аясында атқарылған жұмыстарға қысқаша шолу жасады.
– Біздің негізгі мақсатымыз – халықтың тұрмысын жақсарту және бағаның өсуіне жол бермеу. Сол мақсатта шынымен-ақ елдің игілігіне қызмет етіп жатқан жобалардың жемісті жүзеге асырылуына ерекше мән берілуде.
«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы аясында барлығы 9 миллиард теңге қаржы бөлінді. Жоба бес бағыттан тұрады. Жобаның ең тиімді тұсы – үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану. Алдағы уақытта әрбір жамбылдық өз ауласындағы жерді пайдалана білсе, табыс тауып қана қоймай, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына белгілі бір деңгейде үлес қосады.

Негізі жоба жүзеге асырыла бастағалы бес бағыт бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алатындар, жұмыссыздар саны бірнеше есеге азайды.
Ал «Алқаптан сөреге дейін» пилоттық жобасы бойынша өткен жылы мемлекеттен 1 миллиард теңге қаржы бөлінді. Облыс орталығындағы ірі сауда орталықтары белгіленіп, шаруа қожалықтармен байланыс жасалды. Яғни кәсіпкерлер ортадағы делдалсыз сауда орталықтарына өз өнімін өткере алады. Сонымен қатар бағаны төмендету мақсатында 15 әлеуметтік дүкен ашуды қолға алдық. Қазіргі таңда 13-і ашылды. Алдағы уақытта Тараз қаласында және аудан орталықтарында кем дегенде 1-2 әлеуметтік дүкен ашылуы қажет.
Біздің үлкен кемшілігіміз – басталған жобаны, бағдарламаны оң нәтижесі бола тұра соңына дейін жеткізбейміз. Егер жамбылдықтар пилоттық жобаның игілігін сезінбесе, елге пайдасы болмаса жалғасуын өтінбес еді. Қазіргі таңда түрлі кездесулерде ауыл тұрғындары жобаның жалғасқанын айтады. Сондықтан да еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігіне қанатқақты жобаны тағы жиырма елді мекенде жалғастыру туралы өтініш айттық,– деді Бердібек Машбекұлы.
Мұнан кейін сөз алған Нұрбек Слямханұлы 12 адамнан құралған жұмысшы топ зерделеу жұмыстарын жүргізу барысында пилоттық жобалар аясында атқарылған жұмыстарға көңілдері толғанын жеткізді.
– Екі күннен бері аудан әкімдерімен, шаруалармен кездесіп, ұсыныстарына құлақ түрдік. Ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай жұмыстар атқарылғанын көзбен көрдік. Тіпті жұмыстың нәтижесімен танысып, таңғалған сәттеріміз де аз болмады. Әсіресе жылыжайдың жұмысы қызықтырды. Өзге өңірлерге үлгі етсек те артық етпейді.
«Алқаптан сөреге дейін» жобасы да жемісті жүзеге асырылып жатыр екен. Әлеуметтік дүкендердің екеуінде болып, жай-күйімен таныстық. Баға нарық бағасынан бірнеше есе төмен.
Негізі екі жоба бір-бірімен тығыз байланысты. Жұмыссыздардың санын азайтуға, өнімнің көлемін көбейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысын жандандыруға, өнім өндірісін қалыптастыруға жол ашады деген сенімдемін, – деді Нұрбек Слямханұлы.
Ал жиынды қорытындылаған өңір басшысы басталған жобалардың жалғасуы халықтың әл-ауқатының артуына үлкен септігі тиетінін жеткізді.
– Көпке шарапаты тиген жобаның жарты жолда аяқсыз қалмай, жалғасқаны маңызды. Сол үшін өңірімізде атқарылып жатқан жобалардың қорытындысын Үкімет отырысына шығарып, оның бұдан әрі жалғасуына үлес қосатындарыңызға сенімдемін, – деді Б.Сапарбаев.

Т.БЕРІКБАЙҰЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.