Пилоттық жобаға 50 мыңнан астам жамбылдық қатысуда

0 0

Жамбыл облысында тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру бойынша пилоттық жоба табысты жүзеге асуда. Қазіргі уақытта 7,2 млрд. теңгеге ауыл тұрғындарының 2 459 өтінімі қаржыландырылды. Жалпы жоба аясында облыстың 10 ауданындағы 11 округтің  7886 ауласы қамтылуда.

Жоба бойынша пилоттық округтерде 11 кооператив құрылып, олардың шоттарына 125,9 млн.теңге сомасында айналым қаражаты аударылды. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының 71,7 мың гектар пай жерлерін тиімді пайдалану мақсатында 230,1 млн.теңге бөлінген. Бұл аграршыларға қажетті тұқымдар мен тыңайтқыштарды және өсімдіктерді қорғау үшін химиялық құралдарды сатып алуға мүмкіндік берді. Бүгінде олар көктемгі егіс жұмыстарына толық дайын.

Сонымен қатар шаруашылықтарда 138,1 млн. теңгеге жалпы ауданы 2,125 гектардан  асатын 16 жылыжай құрылысы басталды.

Үй маңындағы аулаларды тиімді пайдалану үшін мал шаруашылығы бойынша 40,6 мың бас мал сатып алынды. Ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 192 бірлік түрлі жаңа техникаға қол жеткізді. Қазіргі таңда консерві цехының құрылысын бастау жоспарлануда.

Жоба шеңберінде ауыл тұрғындарының өз шағын кәсібін ашуға да қолдау көрсетілуде. Бұл бағыт бойынша құны 64,6 млн. теңге болатын 12 жоба қаржыландырылған. Осы қаражат негізінен шағын цехтарды қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандыруға бағытталған.

Айта кетейік, пилоттық жобаны жүзеге асыруға Жуалы ауданындағы Ақтөбе ауылдық округінің тұрғындары белсенді қатысуда. Жергілікті «Атамекен бастау» ауыл шаруашылығы кооперативінде 207 адам топтасқан. Жақында кооператив 93 млн. теңгеден астам қаржыға 12 бірлік техниканы лизингке алды. Мұнда ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға арналған сыйымдылығы 1800 тонна екі қойма бар екендігін айтып өткен жөн.

Аталған округ тұрғындары өз ісін бастау үшін жалпы сомасы 581 млн. теңгеге несие ресімдеді. Айталық, округке қарасты Жаңаталап ауылынан Қайырғазы Әбдікерімов алған несиесіне бес млн.теңгеге 10 жылқы мен 25 қой сатып алып, жем-шөп қорын толықтырды. Ағасымен бірге жобаға қатысып отырған ол  45 гектар жерге арпа егуді жоспарлап отыр.

Оның ауылдасы Қанат Төлегенов те жоба аясында шаруашылығын кеңейтуге білек түре кіріскен. Ол тиімді шарттағы несиеге қол жеткізгеннен кейін, екі жылқы мен 50 қой сатып алып, жем-шөп түгендеген. Сондай-ақ, бұл  отбасы жылына үш тоннадан астам өнім беретін шағын алма бағымен айналысуда.

Жаңа жобаның тиімділігіне Таластықтар да көз жеткізуде. Бүгінде Үшарал ауылдық округінде жылыжайдың құрылысы жоспарланып, қарбыз және қауын, қызанақ және қияр алаңдары кеңейтілмек. Жергілікті «Талас-2020 » кооперативіне 16 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Көп ұзамай ондағы технилар тізбегін комбайн, КамАЗ және екі тіркеме толықтырмақ.

— Басында көптеген тұрғындар бұл жобаға сенімсіздікпен қарағаны жасырын емес. Бүгінде олар оның нәтижелігіне көз жеткізеуде. Жақында тағы 20 отбасы жобаның екінші бағыты бойынша қатысуға өтініш білдірді, — дейді Талас ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов.

Сол секілді, Мойынқұм ауданындағы Кеңес ауылдық округі тұрғындарының да қанатқақты жоба аясындағы жұмыстары сәтті жүруде. Жаңа мүмкіндіктерді Сарысу ауданындағы байқадамдықтар да тиімді пайдалаунда.

Мамандар бұл жобаның оң нәтиже беретініне күмән келтірмейді. Олардың болжамдарынша жобаға қатысатын әрбір ауланың табысы 41,6 мың теңгеден 156 мың теңгеге дейін артады. Сонымен қатар, жұмыссыздарды шаруашылыққа тарту жөніндегі көзделген міндет те өз шешімін таппақ. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі 2021 жылы 4,3 млрд.теңгеден 9,3 млрд. теңгеге дейін ұлғаяды, сүт және ет өңдейтін кәсіпорындардың жүктемесі 20-25 пайызға өседі деп жоспарлануда.

​Пилоттық жобаны одан әрі іске асыру үшін әр ауданнан екі ауылдық округтен  барлығы қосымша 20 ауылдық округ іріктеліп отыр.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.