"Дін"

Пітір садақасын кімге берген абзал?

Written by Aray2005

– Пітір садақасын беру Рамазан айындағы ізгі амалдардың бірі екенін қалың көпшілік жақсы біледі. Еліміздегі әр мұсылманның пітір беріп жүргеніне еш күмәніміз жоқ. Бірақ кейде достарыммен бас қосып қалған кездерде осы «Пітір садақасын қайда, кімге беру керек?» деген сұраққа келгенде пікіріміз екіге айырылып жатады. Бірі нағыз мұқтаждарға бергенді жөн көрсе, енді біразы мешітке апарып берген ең абзалы деген пікірді ұстанады. Дұрысы қайсы?

Нұралы ҚАЛДЫБАЙҰЛЫ, Тараз қаласының тұрғыны

Ғалымбек ЖӘПЕК, облыстық «Хибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы:

– Пітір садақасы – бұл жан садақасы. Яғни адам жарық дүниеге келіп, аман-есен жер басып жүргені үшін беретін садақасы. Және маңайындағы мұқтаж кісілерге адамгершілігін көрсететін көмек. 85 грамм алтыны немесе осы құнға сай байлығы бар адам жылына бір рет Ораза айт намазы оқылғанға дейін пітір садақаны беруге міндетті. Көбіне Рамазан айында беріледі. Ол – жаңа туылған сәбиден бастап қартқа дейін уәжіп етілген (беру міндетті емес, бірақ бергені жақсы) садақа. Пітірді отағасы береді.
Ең алдымен, ол туыс-туған, жақын-жуықтардың арасындағы жоқ-жітіктерге, жетім-жесірлерге және басқа да мұқтаждарға беріледі. Егер ондай туысы болмаса, көрші-қолаң арасындағы мұқтаждарға берген жөн. Бұл – біздің осы арқылы әрқайсысымыз өз жақындарымыз бен көршілеріміздің және дос-жарандарымыздың алдында жауапкершілігіміздің бар екенін байқататын адамгершілік амалымыз. Егер туысқандарыңыздың, көрші-көлем, дос-жарандарыңыздың ішінде де көмекке зәру кісі жоқ болса, мешітке беріңіз. Себебі мешіттен көмек сұрап келетін кісілер көптеп табылады. Және мешіт үнемі мұқтаж жандарға қайырымдылық шараларын ұйымдастырып отырады.

ПІКІР