Пияз еккен пайдаға кенеледі

Ол үшін барынша жаңа технологияны пайдалану керек

0 11

Жамбыл облысы пияз шаруашылығы бойынша республикада алдынғы орында келеді. Аймақта елдегі пияздың жалпы көлемінің 75 пайызы өсіріледі. Былтыр жиналған өнім 691 мың тоннаны құрап, жамбылдық пияз ТМД елдеріне, Ирак, Аустралия, Сербия, Түркия, Пәкістан, Польшаға дейін жөнелтілді. Расында, бұл шаруалардың ала жаздайғы еңбегінің нәтижесі.

Облыстың брендіне айналған көкөніс түрі көбіне өңірдің Жамбыл, Байзақ аудандарында өсіріледі. Ондағы диқандар жыл сайын жаңа технологиялармен сұрып түрлерін енгізіп, көкөніс қоймаларын көбейтуді қолға алып отыр. Оның ішінде облыс орталығына жақын орналасқан Жамбыл ауданы диқандарының да еңбегі ерен. Өткен жылы ауданда 4 395 гектарға егілген пияздан 184 590 тонна өнім алыныпты. Ал биыл ондағы шаруалар егіс алқабын 5 465 гектарға дейін ұлғайтып, өнім көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Ауданда өңірдің брендіне баланған өнім түрін егумен айналысатын «Агролюкс» өндірістік кооперативі былтыр 30 гектарға пияз ексе, ағымдағы жылы оның көлемін 40 гектарға дейін ұлғайтқан. 2010 жылы Бесжылдық ауылдық округінде құрылған кооператив саннан сапаға мән беріп, шетелдік тұқымдарды егеді екен. Кооператив басшысы Жанәділ Сыздықовтың айтуынша, биыл голландтық «Standust» және италиялық «Flavia», «Ofelia», «Levanta» тұқымдарын егіп жатыр екен. Бұл тұқымдардың өзге тұқымдардан басты ерекшелігі өнімділігінде көрінеді. Себебі жергілікті пияз тұқымдары гектарына небәрі 20-25 тонна өнім берсе, аталмыш шетелдік тұқымдар 70-80 тонна береді екен.
– Өткен жылы 30 гектарға пияз егіп, одан бас-аяғы 3 000 тонна өнім алдық. Яғни гектарына 70 тоннадан пияз жинадық. Соңғы жылдары заманауи технологияларды кеңі­нен қолданудың арқасында егіс көлемін арттырып келеміз. Бұрнағы жылдары егінді арықпен жүйектеп суарсақ, қазір тамшылатып суару технологиясын қолданамыз. Жалпы құны 38 миллион теңге тұратын бұл израильдік технологияны «Юсупов» шаруа қожалығымен бірлесіп алғанбыз. Айта кетерлігі, бұрын егінді арықпен суарғанда бір гектарға 2-3 күн уақытымыз кететін. Ал қазір тамшылатып 10 гектарды бір тәулікте суарып тастаймыз. Әрі оған адам күшінің қажеті де жоқ. Сондай-ақ су пияз түбіне бірден баратын болғандықтан арам шөптер де аз шығады. Егер арықпен суарсаң арам шөптер қаулап кетеді де, оған қосымша жұмысшылар алу қажеттігі туындайды, – дейді Ж.Сыздықов.
Айта кетерлігі, диқандар тамшылатып суару жүйесіне керекті суды «Кіші Бурыл» каналынан алып отыр. Сонымен қатар бүгінде егін даласында 5 адам мен 4 техника жұмыс істеуде. Бұрнағы жылы 40 гектарға пияз егуге ондаған адам жұмыл­дырылатын болса, қазір барлығын бір ғана «Мона-7» атқарады. Технологияның ерек­ше­лігі сол, өнімді егіп қана қоймай, там­шы­ла­тып суаруға арналған резеңке құбырды да орнатып кетеді екен. Сонымен қатар тыңайтқышты сеуіп, адам қолын қажетсінбейді.
– Өткен жылы 10 наурызда егу жұмыстарын аяқтап қойған едік. Ал биыл ауа райының қолайсыздығына байланысты науқан сәуірдің 6-сынан басталды. Дегенмен өнімді қыркүйек-қазан айларында ала бас­тай­мыз. Шынын айтсам, «Мона-7» техникасын алғанға дейін қара­пайым арамшөпті жұлғанға 30-40 адам жалдайтынбыз. Бүгінгі күні оның барлығын аталмыш техника атқарады. Сондай-ақ бұл техника пияз алқабын арамшөптен арылтып қана қоймай, оның сабағын жұлып, қазып та кете береді. Тек күздік өнімді жинау науқанына ғана қосымша адам жалдаймыз, – деген өндірістік кооператив төрағасы Жанәділ Сыздықов өнімді негізінен егін алқабының басынан бірден Ресей еліне экспорттайтындықтарын айтады. Осыған дейін өнімді сақтауға арналған қойма да салыпты. Олар алдағы уақытта көлемі 250 тоннаны құрайтын қойма санын арттыруды жоспарлап отыр.
Бүгінгі күні өнім сақтауда қойманың қажеттілігі айтпаса да түсінікті. Облыс басшылығы бұл мәселеге баса назар аударып отыр. Оның ішінде қойманың пияз сақтауда тиімділігі жоғары. Осыған дейін ауылдағы диқандардың күзде жинаған пиязын қыстан аман шығара алмай далаға төгіп жатқанын талай көргенбіз. Әлбетте, білдей бір облыстың брендіне айналған өнімді далаға төге салу шаруалар үшін де оңай емес. Себебі ала жаздай жинаған өнімін көктемде өткеремін деген ойлары қойманың жоқтығынан қоқысқа кететін. Сондықтан Жамбыл ауданының басшылары шаруалардың еңбегін еш кетірмеу үшін осыған дейін аудан бойынша сыйымдылығы 33 789 тоннаны құрайтын көкөніс және жеміс-жидек сақтайтын 112 қойма салған. Оның ішінде 36 қоймада
19 280 тонна пияз, 10 қоймада 2 837 тонна сәбіз, 3 қоймада 126 тонна алма, 2 қоймада 50 тонна асханалық қызылша сақтауға қойылыпты.

Шынболат Сейдуалиев,

Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.