Қоғам

Пияздан басқаның бәрі сырттан келеді

Written by Aray2005

Дүкен сөрелері мен базарларда жуалының картобы, Сарысудың сәбізі, қордайдың қырыққабаты неге жоқ?

Облыстың табиғаты көкөніс, бау-бақша дақылдары мен жеміс-жидектер өсіруге өте қолайлы. Арқадағыдай алты ай бойы ақ түтек боран, сүйектен өтетін аязымен аяғын созып жатып алатын қыс жоқ. Топырағы құнарлы, жері шұрайлы, суы мол. Алайда Табиғат-Ана сыйлаған баға жетпес байлығымызды ұтымды пайдалана алмау салдарынан көкөніс нарығында көршілеріміз ұтып, халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларын алыстан арбалауға мәжбүр болып отырмыз.

Қазіргі таңда «Байлықтың анасы – жер» екенін жете ұғынып, егін салып, бау-бақша егіп, табыс тайқазанын тасытып отырған шаруашылықтар аз емес. Облыс бойынша жыл сайын мыңдаған гектар алқапқа бау-бақша дақылдары егіліп, тонналап өнім аламыз. Егер сандарды сөйлететін болсақ, өндірілген өнім өзімізді ғана емес, өзгені де жарылқауға жетеді. Өнімділік жыл санап артып, көрсеткіштеріміз жақсарып келеді. Солай бола тұра, өзге өңірлердің, көршілес мемлекеттердің өніміне тәуелділіктен әлі де арыла алмай келеміз. Ақпан айында халық алдында есеп беру кездесуін өткізген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та аталған мәселеге айрықша тоқталып: «Басқа өңірлерден келетін азық-түлікті азайту керек. Жексенбі күні базарда болдым. Пияздан басқа Жамбыл өңірінде өсірілген өнім жоқ. Бәрі сырттан келеді. Павлодардан картоп алатын болсақ, онда не болғанымыз?» деді.
Иә, базарға барсаңыз шындық осы. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке сүйенсек өңіріміз шынымен-ақ пияз өсіруден алдына жан салмай келеді екен. Өткен жылы 20 095 гектарға пияз егіліп, 803 мың тонна өнім жиналып, республика бойынша көш бастаған. Ал егілген пияздың 19 294 мың гектары агроқұрылымдарға, 801 гектары жекелей шаруашылықтарға тиесілі екен. Алайда өңір дихандары пиязды тиімді пайда табу көзіне айналдыра білгенімен картоп, сәбіз, қырыққабат өсіруге қырын қарап отырған жайы бар. 2019 жылы пияздан бөлек 10,1 мың гектарға ғана картоп, 3,6 мың гектарға сәбіз, 1,4 мың гектарға қырыққабат егілген. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының азық-түлік және экспорт мониторингі бөлімінің басшысы Марс Сейдыбаевтың айтуынша облыстағы негізгі көкөніс өнімдері ішкі тұтыну нормасын артығымен қамтиды екен. Мәселен жылына шамамен 234 мың тонна картоп өндірілсе, ішкі сұранысты 2,2 есе артығымен қамтиды. Сол сияқты 36,7 мың тонна қырыққабат өндірілсе, сұранысты 131 пайызға, 110,4 мың тонна сәбіз өндіріліп, сұранысты 4,9 есе қамтыса, 549,6 мың тонна пияз өндіріліп, 24,4 есе артығымен қамтиды.
– Негізі жылда желтоқсан-қаңтар аралығында ірі базарларда көкөніс саудасы қалалық тұрғындарының сұранысына сәйкес жүреді. Бұл кезеңде Павлодар, Қарағанды облыстарымен Қырғызстан өнімдерінің үлесі артады. Ал ауылдық тұрғындардың сұранысы күзде жиналған қосалқы шаруашылықтағы жергілікті қор есебінен қамтылады. Сырттан келетін көкөністің ішкі нарықтағы үлесі жергілікті тұрғындардың тағамдық сұраныс ерекшелігіне де байланысты. Оның айырмашылығы Павлодар мен қырғыз картобының сыртқы пішінінің тартымдылығы мен сақтаудағы төзімділігінде болса, Павлодардың сәбізі түсімен және дәмімен ерекшеленеді. Айта кету керек, облыста 1 миллион 127 мың тонна көкөніс өндірілсе, ішкі тұтыну нормасы 197,8 мың тоннаны құрайды. Ал сыртқа 929,4 мың тонна өнім шығарылса, наурыз — маусым айларындағы тәуелділік 22,1 мың тоннаны және өңірлермен өзара тауар алмасу көлемі 66 мың тоннаны құрайды, – дейді М.Шүкірәліұлы.
«Ауыл-Береке» базарының саудагерлері де қай мезгілде болмасын Павлодар облысы, Қырғызстан және Өзбекстаннан келетін өнімдерге сұраныс жоғары екенін айтады.
– Ең бастысы бізге сапалы өнім болса болғаны. Өйткені алған өніміз бір-екі күннің ішінде сатылып кетпейді. Апталап кейде айлап тұрып қалады. Павлодардың картоптарының сыртқы қабығы қалың болғандықтан ұзақ уақытқа дейін бүлінбейді. Сол секілді Өзбекстаннан келетін сәбізді де сақтауға болады. Ал өз өнімдеріміз тез шіріп кетеді. Сондықтан шығынға ұшырап қалып жатамыз, – дейді саудагер Арайлым Ахан.
Ал сапалы және мол өнім алудың кепілі сапалы тұқым екені даусыз. Осы орайда ірі-ірі шаруа қожалық төрағаларымен тілдескенімізде тұқым төңірегінде түйткілдің көп екеніне көз жеткіздік. Мәселен Жуалы ауданындағы «Зылиха» шаруа қожалығының төрағасы Керімқұл Бегалиевтің сөзіне сүйенсек, көп нәрсе тұқымға байланысты екен.
– Неге өз өнімдерімізбен халықтың сұранысын толықтай қанағаттандыра алмай, сырттан тасымалдауға мәжбүр болып отырмыз. Бұл ретте жер емген диқандар қауымына кінә арта алмаймын. Себебі облысымыздың қай ауданында болмасын дала төсінде еңбектің көрігін қыздырып, өңір әлеуетін арттыруды басты мақсаты етіп жұмыс жүргізіп жатқан шаруашылықтар өте көп. Бірақ шаруашылықтардың басым бөлігі сапалы тұқымға зәру. Сізге бір мысал айтайын, 2012 жылы Голландиядан элиталы тұқым алдық. Бір келісі – 1 еуро тұрады. Сол тұқым арқылы гектарынан 350-400 центрге дейін өнім алдық. Өте керемет көрсеткіш. Ал қазір ең көп дегенде гектарынан 100-130 центнерден аламыз. Айырмашылық жер мен көктей. Тіпті кейбір шаруашылықтар кейде тұқымының сапасыздығынан өнім де ала алмай, ұшан — теңіз еңбегі зая кетіп жатады.
«Неге Павлодардан жақсы тұқым алмайсыздар?» деген сұрақ та туындауы мүмкін. Павлодарға да бардық. Жақсы тұқымдарын көрсетеді. Келісіп кетеміз. Бірақ кейін мүлдем басқа тұқым жібереді. Кім бізге өз жақсысын береді. Бәсекелестерін арттырғысы келмейді.
Сондықтан бізге Голландиядан, Ресейден элиталы тұқымдар алу керек. Басқа амалымыз жоқ. Жуырда облыс әкімі Бердібек Машбекұлы Жуалы ауданына жұмыс сапарымен келді. Сонда жағдайды жан-жақты түсіндіріп, тұқым мәселесін көтердім. Шаруаларды мұқият тыңдаған облыс басшысы аудан әкімі мен ауылдық округ әкімдеріне тиісті тапсырмалар беріп, мол өнім беретін тұқыммен қамтасыз етудің жолдары қарастырылды. Жиында облыс әкімі «Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын дамыту керек. Жуалы ауданы картоп шаруашылығына әбден төселген. Бұл орайда аудан картоппен түгел облысты қамтамасыз етуге қауқарлы. Топырақтың құнарлылығын арттыру, минералды тыңайтқыштарды пайдаланудың маңыздылығы зор. Ауыспалы егістік жүйесін енгізу керек» деді, – деген Керімқұл Бегалиев өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың агросалаға айрықша назар аударуы диқандар қауымының тірлігіне ерекше серпіліс сыйлағанын айтады.
Мұнан өзге де бірқатар шаруа қожалық басшыларымен тілдескенімізде бәрінің айтары тұқым төңірегіне тоқайласты. Облыс әкімінің ерекше көңіл бөлуі диқандар жүрегіне сенімділік ұялатқанымен, көңілдерінде күдік те, күмән дә жоқ емес. Ал «Зылиха» шаруа қожалығының төрағасы Керімқұл Мамырұлы өзінің бір сөзінде «Жуалының картобы, Сарысудың сәбізі, Қордайдың қырыққабаты сауда сөрелерінде самсап тұратын кезге де жетеміз. Себебі, бұрынғыдай емес, кейінгі бірнеше жылда сең қозғала бастады» дейді. Ләйім солай болғай!

Талғат Нұрханов

ПІКІР