Полк командирі – Сымық Бертаев

0 10

Ұлы Отан соғысының тарихына үңілген сайын жаңа, тың дерекке тап боласың. Осыдан 30-40 жыл бұрын Ұлы Отан соғысы кезінде аз уақыт болса да полк басқарған, гвардия подполковнигі Сымық Бәйдәліұлы Бертаев туралы естіп, бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып, біліп жүретінбіз. Кейіннен батальон басқарған гвардия майорлары Рәтай Сұлтанбеков пен Тұрымқұл Мақашевтар туралы да ақпараттандық.

Кеңес өкіметінің зобалаңынан, Азамат соғысының сойқанынан қазақ даласын жайлаған аштық, жоқшылықтан көп адам опат болып, жетім-жесір, кедей-кепшіктер көбейген тұста әр жерде мектеп-интернаттар ашылған.
Сондай мектептің бірі – Тараз (сол кездегі Әулиеата одан кейін Мирзоян сосын Жамбыл, қазір Тараз аталған – Авт.) қаласындағы Аса мектеп-интернатына (қазіргі К.Маркс, кейіннен Сыдық Абланов, одан түрік -қазақ гимназиясы) 1925 жылы сонау Үшаралдан он бес жасар Сымық та оқуға келген.
Сол жерде Бауыржан Момышұлы да оқиды екен.
Екеуі де түйдей құрдас, көзі тірі болғанда биыл 110 жасқа келер еді. Смекең Баукең туралы кезінде көп сыр шертіпті. Әттең соны ұрпақтары жазып алмаған.
Осыдан 11-15 жыл бұрын мен Сымық Бертаев туралы жазған едім. Қолыма көп құжаттар түсті. Сонда деймін-ау жарықтық бір жерінде мен Баукеңмен бірге оқып, бірге соғыстым деп жазбаған. Соғысқа дейін-ақ Орынбор қаласындағы милицияның екі жылдық заң мектебін, кейіннен Ташкенттегі әскери училищені бітіріп, қазақтан алғашқылардың бірі болып офицерлік шен алған, ауатком хатшысы, атком төрағасының орынбасары қызметтерін атқарып жүрген. Ұлы Отан соғысы басталған мезетте-ақ әскер қатарына шақырылып, Түркіменстандағы Чарджоуда қайта дайындықтан өтіп, ақыры майдан жолын Мәскеу үшін шайқастан бастайды. Бұл кезде Баукеңнің атағының шыға бастаған тұсы, Панфилов двизиясының жауды бет қаратпай тұрған кезі. Баукең батальон командирі болып, Волокламск тас жолында қиян-кескі шайқас жүргізіп жатқан. Смекең де 199-полкте әуелі ротаның саяси жетекшісі, алғашқы шайқастан соң-ақ рота командирі болып, жан алып, жан беріскен кез еді бұл. Өлім мен өмір ортасында жүріп, күнделік жазған Баукең мен Сымықтың рухы күштілігін және айтыңыз.
Сөйтіп, Смекең 1941 жылғы қазанның 6-сы күні былай деп жазыпты: «36-атқыштар бригадасының құрамында Москва іргесіндегі Химка қаласы маңында алғашқы арпалыста түстім. Бұл кезде мен 82-милиметрлік минометшілер ротасының командирі едім. Жау шабуылға шықты. Бұл күні алдымыздан жаудың екі жүздей танкісі келе жатты. Төбемізде жүздеген самолет шыр айналып жүрді. Берік бекіністе, орасан зор қорғаныс шебінде болған біз жауға қарсы жанталасқа түстік. Қарсы соққыға тап болған фашистердің аяғына тұсау, мойнына құрық салынды.
4 қараша. Осы күні қорғаныс шебінің ұзына бойына қатты сөйлейтін ондаған радио репродукторлар қойылды. Келесі күні шебімізге Жоғарғы Қолбасшының өкілдері Ворошилов, Буденный, Тимошенко, Василевский, Конев және тағы басқа әскер басшылар келді. Олар қорғаныс шебін аралап жүріп, шабуыл шептерін ойластырды…», – деп жазылған күнделікте.
Содан кейін 7 қарашада Жоғарғы Бас қолбасшы И.В.Сталин Ұлы Қазан мерекесіне арнап, Қызыл алаңда әскери шеру өткізуге шешім қабылдап, сол шеруден рухтанған жауынгерлердің келесі күні неміс-фашист басқыншыларына жойқын соққы бергені мәлім.
Жаудың маңдайы тасқа тиді. 7 қазанда Мәскеуді аламыз деген фашистер, Смекеңнің күнделігіне көз жүгіртсек 22 қарашада батысқа қарай 150 шақырымға кейін шегінуге мәжбүр болған.
Әрине, ол оңайлықпен келген жоқ. Қаншама қыршын жас, бейбіт тұрғындар көз жұмды. Мысалы 22 қарашадағы қырғын соғыста Смекеңнің ротасындағы 22 минометтің 12-сі ғана сау қалған.
Күнделікті оқып отырып, Сымық Бертаевтың Гжатск қаласы үшін болған шайқаста 2 рет жеңіл, 2 рет ауыр жараланғанынан хабардар боламыз. 1943 жылы ол 79-гвардиялық дивизияда батальон командирі атанды. Сол жылы дивизияға Блини стансасын жаудан босату туралы бұйрық беріледі. Соның алдында ғана 28 ақпан күні 6-гвардиялық Армияның қолбасшысы, генерал-полковник Чистяков Ловец қаласын босатуда ерлік көрсеткен полктағы офицерлік құрамға алғыс жариялап, офицерлердің біразына дәреже, атақ беріпті. Смекең де гвардия майоры атанып, полк командирінің орынбасарлығына тағайындалған, әрі қолбасшыларға арналған «Александр Невский» орденін көкірегіне таққан. Бізге мәлімі, бұл орденге ие болғандар да санаулы.
Сөйтіп 28 ақпан күні Блини стансасы үшін болған шайқаста полк командирі, подполковник Дегтяровтың жарақаты асқынып, госпитальға түседі де, қолбасшылықты Сымық Бертаев қолға алады.
Полк командирі қызметін уақытша атқарушы Смекең бұл қызметті де абыроймен атқарып шығып, жаудың күл-талқанын шығарып, 1305 жау солдаты мен офицерін, жүздеген қару-жарағын қолға түсірген.
«Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» дегендей талай қырғынды көрсе де аман қалған Смекең ауыр жараланып 1944 жылы соғыстан оралған соң «Талас» кеңшарының директоры, одан ауаткомда төрағаның орынбасары, содан өмірінің соңына дейін Шолақтау (кейіннен Қаратау) поселкесі (қалалық) кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарып жүріп дүние салды.
– 1950 жылдың қазанының 20-сы күні аудан орталығы Ақкөлге, – деп еске алады К.Наржанов, – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов келді. Онда аупартком мен атком осы күнгі Ж.Дүрімбетов көшесіндегі тас үйге орналасқан. Аткомның төрағасы Шабдан Байбатшаев, оның орынбасары Сымық Бертаев еді, мен қаржы бөліміндемін. Смекең сымбатты, тіп-тік, жылдам сөйлейтін, бетің бар, жүзің бар демей тіке айтатын кісі болатын. Өзі гвардия подполковнигі. Ол кезде мұндай әскери атағы бар қазақ та некен-саяқ қой. Білуімше ол кісі денсаулығына байланысты запасқа шығарылған, әйтпесе генерал болатын адам.
Қош. Ол кезде жоғары дәрежелі басшыны айшылық жерден қарсы алып, жалпақтау деген жоқ. Сол кездегі «Волга» ғой деймін жеңіл автокөліктің біреуінде – Шаяхметов, екіншісінде – обкомның бірінші хатшысы Артығалиев, түс кезінде кеңсенің алдына келіп тұра қалды.
Кабинадан бір майор, бір капитан шықты да, әскери дәрежесі кішісі жүгіріп кеңсеге кірді де әрбір бөлмелерді ашып, содан қайтадан шығып барып Шаяхметовке баяндады-ау деймін, әлгі кісілер кірді. Мұндай дәрежелі басшылар келеді деп кім ойлаған. Зәре қалмады. Сонда Байбатшаев пен Бертаевтың қарсы алғанын, Смекеңнің сымдай тартылғаны мен нақпа-нақ жауабына Шаяхметовтің риза болғаны есімде. Артынша мәжіліс залына жиналдық. Шаяхметов елдің хал-жағдайлары туралы аупарткомның хатшысының хабарламасын тындады да, сосын «Ақкөлге неге тал егілмеген?» деген сауал тастады. Басшылар: «жер сортаң, су жоқ» деп еді. Ол кісі «мына жолдың сол қапталындағы бір үйде екі тал өсіп тұрғанын көрдім, ол үй кімдікі?» – деп еді, отырғандардың бірі «Тілеубаев Омарқұлдікі» – деді. «Олай болса», – деді Бірінші хатшы: «Демек басқа үйге еккен тал да шығады, ал су жоқ дегендерін бекершілік. Ақкөл деген көлдерің бар екен. Байлық емес пе? Тек ұйымдастыру керек».
Шаяхметов кеткен соң келер жылы көктемде Байбатшаев пен Бертаев екеуі Ақкөлдің ішінен канал, арық қаздырып, жұртшылықты жұмылдырып, ауылды көгеріштендіріп, көріктендіруде көп еңбек сіңірді.
«Жақсының шарапаты» деген сол. Әне, кейін Шабден Сарысуға басшы болып барғанда да әктелген тамы бар үйге барып қонады екен. Бірінші хатшыдан үйренгені де. Шорабеков деген аупартком хатшысы мазасыз басшы еді, бір жыл істеді ме, істемеді ме орнына Көкеев келді. Ол бір мәдениетті жан. Әйтсе де барлығының мысын, нағыз офицер Бертаев басып тұратын.
…Иә, сөйткен Смекең биыл тұп-тура 119 жасқа келер еді. Осы Қаратауда бір көшеге есімі берілген. Ал өзінің кіндік қаны тамған Үшарал ауылында есте тұтар бір белгі жоқ. Сонау, Үш Көкшенің құмының ортасындағы Талас орта мектебін Сымық Бертаев атымен атаса да болар еді. Өйткені, ол сияқты от кешкен қолбасшылар өткен ғасырда көп болды дейсіз бе? Аз еді ғой тым…

Сәулембай Әбсадықұлы,
Талас ауданының Құрметті азаматы

Leave A Reply

Your email address will not be published.