Саясат

Президент біреу, халық оған тіреу

Written by Aray2005

Нильзия Рахишева,
«Ақбұлақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

– Мемлекет тарихындағы маңызды науқан – Қазақстан Республикасының Президентін сайлау демократиялық үрдіске сай таза әрі әділ өтті. Саяси шараға бұқара аса жауапкершілікпен қарап, өз таңдауларын жасады. Жамбылдық жұртшылық та таң сәріден сайлау учаскелеріне барып, белсенділік танытты. Бұл әулиеаталықтардың татулығы мен бірлігін танытқаны анық.
Биылғы сайлау бұрынғыдан өзгерек өткенін де айта кету керек. Олай дейтінім, халықтың сауаттылығы артқан. Әрбір тұрғын өзінің азаматтық құқығын пайдалану үшін ұзын сонар кезекке тұрып, одан қалса аты-жөнін тізімнен таппай бақылаушыларды әбігерге салған жоқ. Тұрғылықты мекенжайлары бойынша сайлау учаскелеріне барып, байыппен дауыс берді. Тіпті шалғай ауылдардағы халық та демократиялық тұрғыдан дамыған ел екенімізді көрсетті.
Ал кеше Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президенті қызметіне кірісіп, Қазақстан халқына адал қызмет етуге ант етті. Оның ҚР Президенті қызметіне кірісу рәсіміндегі сөйлеген сөзінен еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатын лайықты жалғайтын тұлға екеніне көзім жетті. Әсіресе Мемлекет басшысының «Әр алуан пікір – біртұтас ұлт» деген сөзі Қасым-Жомарт Кемелұлының Президент ретінде түрлі ұлт пен ұлыстың қара­шаңырағына айналған елімізде тыныштық пен татулықтың үстемдік құруына кепіл беретінін аңғартты.
Өз кезегінде ҚР Президенті Қ.Тоқаев Елбасының бастамалары мен Жолдауларда айтылған ұстанымын одан әрі ілгерілетіп, елімізді дамудың даңғыл жолына түсіреді деп үміттенемін. Және бұл кісінің басшылығымен мемлекетімізге инвестиция көптеп тартылатыны анық. Себебі Қасым-Жомарт Тоқаевқа бүгінде әлемнің алпауыт мемлекеттерінің көшбасшылары сенеді. Сондықтан жаңа Президенттің басқаруымен елімізді баянды болашақ күтіп тұр деп айтуға толық негіз бар.
Ендеше, осынау тарихи маңызды науқаннан аман-есен, жұдырықша жұмыла өткеніміз құтты болсын! Мемлекетіміздің жаңа Президентіне қолдау білдіріп, «Президент біреу, ал халық оған тіреу» деген ұранмен кемелді келешекке бірге жол салайық!

ПІКІР