Қоғам

Президент жүктеген жеті міндет

Written by Aray2005

Тәртіп сақшыларының жұмысын жүйелеп, жауапкершілігін арттыра түсетіндігі сөзсіз

Бүгінде елімізде ұрлық-қарлық, барымташылық, жасөспірімдер қылмысы мен есірткі бизнесі, сондай-ақ жол-көлік оқиғалары да жиілеп кеткені жасырын емес. Бұл бағытта арнайы мемлекеттік бағдарламалар болғанымен, әлі де болса ақсап тұрған тұстарымыз аз болмай тұр. Бұл жайында Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев баса айтып, сала қызметкерлеріне нақты жеті міндет жүктеді. Міне, осы жауапкершілік жүгін полиция қызметкерлері қалай сезінуде? Өңірде қылмыстардың алдын алу мен тәртіп сақшыларының жұмысын жүйелеуде қандай шаралар қолға алынуда? Осы мәселелердің түбіне майшаммен үңіліп, жауап іздеп көрген едік.

Ашықтық бар жерде сенім нығаяды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ең алдымен полиция қызметкерлерінің ашықтығына және бұқарамен берік байланыста болуы қажеттігіне басымдық берді. Облыстық полиция департаменті берген мәліметке сүйенсек, халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметінің қағидасы негізінде өңірде алғаш болып фронт-офистер ашылған екен. Азаматтарды қабылдау офисі ашықтығымен, жариялылығымен ерекшеленіп, бұл жерде кез келген тұлғаға кәсіби кеңес және қажетті анықтамаларды жедел алуға мүмкіндік туған. Сондай-ақ фронт-офис азаматтардың құқық қорғау органдарының жұмысын жақсарту жөніндегі ұсыныстарын тіркеуге алуды бастаған. Нәтижесінде ағымдағы жылдың ішінде фронт-офиске 800 тұрғын жүгініп, орта есеппен бір күнде 80 полицей азаматтарға кеңес берген. Сонымен қатар бір тәулікте 20 азаматтың арызы қабылданып, туындаған түйткіл бойынша нақты шешімдер қабылданған. Ал келушілерге қолайлы жағдай жасау үшін фронт-офистің күту залы заманауи үлгіде жабдықталып, арнайы терминалдармен де қамтамасыз етілген.
Тағы бір айта кетерлігі, халықпен тығыз қарым-қатынас орнату мақсатында департаментке қарасты барлық басқарма бастықтарының қатысуымен «Facebook» және «Instagram» әлеуметтік парақшалары арқылы тікелей эфирлер ұйымдастырылған. Онда сала қызметкерлерінің жұмысына қатысты мәселелер көтеріліп, тұрғындардың сұрақтарына жауап берілген.
Ал полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев Президент жүктеген ашықтық принципін ұстану мақсатында өзінің жеке «Facebook» парақшасын ашқан. Бүгінгі күнде мұнда 5 000 адам тіркеліп, полиция полковнигіне тікелей сұрақ қою мүмкіндігіне ие болып отыр. Сондай-ақ тұрғындар куә болған құқықбұзушылықтарды тәртіп сақшыларына жолдау үшін «Whatsapp» мессенджері іске қосылған. Бұл принциппен қазіргі таңда департаментке қарасты аудандық бөлімдер де жүйелі жұмыстар жүргізуде. Осылайша облыстық полиция департаменті Президент жүктеген міндетті мінсіз орындау мақсатында аянбай тер төгуде.

Қадаға бар, алайда қылмыс азаймай тұр

Президент жүктеген екінші міндет – ұялы телефондар мен көлік бөлшектерінің ұрлығын тыю болды. Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы мемлекет мақтанышы Денис Тенге қатысты орын алған қайғылы оқиғаны мысалға келтіріп, тәртіп сақшыларының жұмысын қатаң сынға алды.
Осы орайда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі берген ақпаратты тілге тиек етсек, ұрлық фактілері өңірде төмендепті. Ағымдағы жылдың үш айында барлығы 1 315 қылмыс тіркелсе, бұл былтырғы жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 8,7 пайызға аз. Жекелей айтсақ, үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында 431 ұялы телефон ұрлығы тіркелсе, оның 197-сі ашылған. 234 іс мерзімі өтіп кетуіне байланысты қысқартылған. Нәтижесінде ұялы телефон ұрлығы үшін 111, ұрланған құрылғыны сатып алғаны үшін 5 және ұрланған бұйымды Қырғыз Республикасына шығармақ болған 2 азамат құрықталып, жауапкершілікке тартылған. Қазір өңірдің тәртіп сақшылары дәл осы қалта телефондарына деген қадағаны күшейтіп отыр. Себебі облыста жыл ішінде тіркелетін ұрлықтардың үштен бірі осы ұялы телефондардың қолды болу фактілеріне тиесілі екен.
Автокөліктердің бөлшектерін ұрлау деректеріне келсек, 2019 жылдың үш айында 130 факті орын алған. Оның 45-сі аккумулятор ұрлығы болса, 12-сі көліктен ақша ұрлау, 23-і магнитафон ұрлығы, 8-і киім ұрлау, 21-і автокөлік бөлшектерін ұрлау, 18-і ұялы телефонды алып кету, 2-і әмиян ұрлығы және 1-і көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін қолды қылу жайттары. Мұндай қылмыстардың алдын алу бағытында қазір департамент мамандары адамдар көп шоғырланатын жерлерге, базарларға, сауда орта­лық­та­ры­на, қоғамдық автокөліктерге және басқа да жерлерге дауысты ескерту хабар­ла­ма­ла­рын орнатуда. Сонымен қатар тәртіп сақшылары автокөліктердің бөлшектерін сатып алу және сатумен айналысатын орындарды да жіті бақылауға алған.
Әрине, мұндай шаралар өз жемісін бермейді деуден аулақпыз. Алайда ағым­дағы жылдың небәрі үш айында 1 315 қалта телефоны мен көлік бөлшектерін ұрлау фактілерінің тіркелуі қуанарлық жайт емес. Сондықтан сала мамандары бұл бағыттағы қадағалау жұмыстарын әлі де күшейтеді деп сенеміз.

Барымташылар неге басынады?

«Қазақтың бір міні – мал ұрлығы» деген Абай. Бүгінде барымташылардың басынуды үдеткені жасырын емес. Жылда өршіп келе жатқан мал ұрлығы шаруаларды зар қақтыруда. Десе де сала мамандары биыл мал ұрлау фактілері азайғанын айтады. Олардың сөзіне сенсек, есепті кезеңде 70 мал ұрлығы тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 27,1 пайызға төмендепті. Ал тіркелген 70 ұрлықтың 21-і ашылып, 17-сі мерзімі өтіп кетуіне байланысты тоқтатылған. Мұндай көрсеткішке жетуге облыстық полиция департаменті бастығының бұйрығымен арнайы құрылған жедел-тергеу тобының көп септігі тиген. Сондай-ақ облыс әкімі мен департамент басшысының екіжақты мәмілесінің арқасында 1 ақпан мен 31 наурыз аралығында «Қашар» профилактикалық шарасы ұйымдас­тырылған. Бұл бастаманың нәтижесінде 1 919 шаруа қожалығы тексеріліп, иелеріне малдарын қараусыз қалдырмау, малшылармен келісімшарт жасасу сынды түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Әрине, мұндай ауқымды шара­лар­дың қолға алынып жатқаны қуан­та­ды. Десе де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алқа мәжілісінде мал ұрлығы кейбір көрші мемлекеттерде Қыл­мыс­тық кодекстің жеке бабы ретінде қара­ла­тын­дығын баса айтты. Сол себепті барым­та­шы­лық­қа қатысты заңды қа­тай­ту қажеттігін ескертті.
Бәлкім, бізге де көршілес мем­ле­кет­тердегі тәжірибені қолдану керек шығар. Себебі небәрі үш айда 70 мал ұрлау фактісінің тіркелуі алаңдарлық жайт.

Есірткі бизнесін «есіртпей», жол апатын азайту қажет

Мемлекет басшысы екпін қойған тағы бір мәселе – есірткімен күресті күшейту.
– Есірткіні сату мен алу жеңілдей түсті. Кез келген жасөспірім оны интернет арқылы тауып ала алады. Тұрғын үйлердің маңында жасырын жарнаманы, арнайы сайттардың сілтемесін, QR-кодтарды көруге болады. Оны біздің қалалардағы үйлердің қабырғаларында кездестіреміз. Яғни бұл ұйымдастырылған криминалды бизнес. Осы жерде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қылмыстық іспен сыбайластығы бар ма деген ойлар туындайды. Біздің балалардың денсаулығы жайында сөз қозғалғандықтан бұндай іс-әрекетке жол берілмеуі керек. Есірткі таратумен айналысуға қатысы бар тұлғаларды жазалауды заң жүзінде қатаңдату жағын қарастыру қажет. Мен полицияға бұл проблеманы жоюды міндеттеймін. Қолға тек жылдам әрекеттерді ғана емес, сондай-ақ жалпы заманауи технологиялық арсеналды алуды тапсырамын, – деді Президент.
Расында бұл күрмеуі қиын мәселе болып тұр. Өйткені өткен жылдың соңынан бастап облыс орталығындағы көпқабатты үйлердің қабырғаларында спайс есірткі затын «Telegram» әлеуметтік желісі арқылы саудалайтын топтардың жарнамасы қаптап кеткен болатын. Бұл індетпен тәртіп сақшылары жыл басында жіті күресіп, «Жасыл Ел-Тараз» мекемесінің күшімен 130-ға жуық граффити жазуларды өшірген-ді. Және жауаптыларды жауапкершілікке тартып, теріс пиғылды «Telegram» парақшаларын бұғаттап тастаған. Алайда бұл шарамен есірткі бизнесімен айналысушылардың саны азаймай тұр. Мәселен, ағымдағы жылдың үш айының өзінде департаменттің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 261 құқықбұзушылық фактісін анықтап, заңсыз айналымнан 777 келіден астам түрлі есірткі заттарын тәркілеген. Сондай-ақ «Канал-Центр», «Құқықтық тәртіп», «Есірткі» және «Допинг» жедел алдын алу іс-шараларының нәтижесінде 87 қылмыскер құрықталып, 145 келі есірткінің таралуына жол берілмеген. Сондықтан есірткі саудасына келгенде шараларды талқылау емес, нақтылау қажет. Және «Көкнәр» науқанында бұл бағыттағы жұмыстарды күшейткен абзал.
Жол-көлік оқиғалары да жылда мыңдаған адамның жанын жалмауда. Бұл болжам емес, нақты факт. Облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібековтің сөзіне сүйенсек, ағымдағы жылдың үш айында 265 жол-көлік оқиғасы орын алып, 20 адам қаза тапқан екен. Сондай-ақ 431 азамат түрлі деңгейдегі жарақат алған. Десе де басқарма басшысы өткен жылға қарағанда жол-көлік оқиғалары 0,4, қаза болғандар саны 13 пайызға кеміді деп отыр.
Жалпы, сала мамандарының сөзіне сенсек, жол апаттарының орын алуына көлік жүргізушілерінің жол ережесін сақтамауы басты себеп көрінеді. Оған дәлел ретінде олар есепті кезеңде тіркелген 70 жол-көлік оқиғасы жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс арттырғанынан туындағанын келтіруде. Сондай-ақ 129 факт жол бойындағы ережені ескермегеннен орын алса, мас күйінде автокөлік басқарғаннан 19 апат тіркеліп, 9 адам қаза тапқан. 33 адам түрлі деңгейдегі жарақат алған.
Міне, осы деректерді басты назарға алған полиция қызметкерлері «Автобус» және «Қауіпсіз жол» профилактикалық шараларын жүргізуде. Тексерістің алғашқы нәтижесінің өзінде 2 766 заңбұзушылық анықталып, хаттама толтырылған. Енді жол сақшылары мұндай қадаға жұмыстарын жыл соңына дейін жалғастырып, бақылауды барынша күшейтуді қолға алмақ.
Әрине, бұл қуанарлық жағдай. Алайда ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстанда Еуропа елдеріне қарағанда жол-көлік оқиғаларынан адамдардың қаза табу мүм­кіндігі 11 есеге жоғары екен. Бұл –
төбе шашың тік тұратын көрсеткіш. Сондықтан жол сақшылары барлық деңгейдегі бейнебақылауларды қолдана отырып, бұл мәселеге жіті көңіл бөлгендері жөн.

Тентектерді тезге салайық!

Бесінші міндет – кәмелеттік жасқа толмағандардың қылмысы. Расын айту қажет, жамбылдық жастардың тентектігі республика деңгейінде байырдан белгілі. Бір ғана мысал, өткен жылы түрлі құқықбұзушылықтары үшін 7 042 жасөспірім ішкі істер органдарына жеткізілсе, 1 062 жас пен 664 жайсыз отбасы есепке алынған. Бірнеше рет құқық бұзғаны үшін 41 кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім арнайы мектепке орналастырылып, 57 тұлға ата-ана құқығынан айырылған.
Жүгенсіз кеткен жасөспірімдер қылмысының арасында Талас ауданында бір-біріне пышақ салған, Т.Рысқұлов ауданында жанар-жағармай бекетіне қарақшылық шабуыл жасаған, Тараз қаласындағы арнаулы оқу орнында ақша бопсалап, адам өлтіріп қойған, шаһардағы №6 мектепте таксиндік мас күйінде 4-сынып оқушысын зорлауға әрекет етіп, соңы жасөспірім қазасымен аяқталған жантүршігерлік оқиғалар бар.
Биылғы көрсеткіш те қуанарлық күйде емес. Осы таңға дейін жүргізілген рейдтік шаралардың нәтижесінде 386 жайсыз отбасы анықталып, 601 кәмелеттік жасқа толмағандар есепке алынған. Облыстық полииция департаментінің ювеналдық полиция қызметкерлері күшейтілген қадаға жұмыстарының нәтижесінде қарақшылық шабуылдар өткен жылмен салыстырғанда 3-тен 0-ге, бопсалау да 3 фактіден 0 дерекке және алаяқтық 2-ден 0-ге азайғанын айтып отыр.
Әрине, жасөспірімдер қылмысының төмендегені жанға жылу береді. Дегенмен бұл тек үш санат бойынша азайған қылмыстар. Ал жасөспірімдер қолымен жасалып жатқан заңбұзушылықтар қаншама. Міне, осы бағытта да бағдарлы жұмыс қажет екені айтпаса да түсінікті.

«Тілсіз жау» қателікті кешірмейді

Ішкі істер қызметкерлерінің тағы бір міндеті – халықты түрлі табиғи апаттардан қорғау, төтенше жағдайдан аман алып қалу. Ресми дерекке сүйенсек, өткен жылы төтенше жағдай барысында 4 мың қазақстандық құтқарылған. Апат аймағынан 22 мыңнан астам азамат аман шыққан. Бұл бағыттағы жұмыстарға Қасым-Жомарт Кемелұлы көңілі толатындығын айтқанымен, босаңсуға еш негіз жоқ. Олай дейтініміз, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің дерегіне сүйенсек, өткен жылы 148 төтенше оқиға тіркеліпті. Бұл 2017 жылмен салыстарғанда 16,5 пайызға жоғары. Апаттар салдарынан 64 адам қаза тауып, 120 азамат түрлі деңгейдегі жарақат алған. Сондай-ақ 146,2 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келген. Бұл көрсеткіштерде де алдыңғы жылмен салыстарғанда айтарлықтай өсім бар. Қаза болған 64 адамның 12-сі өрттен көз жұмса, 9-ы газдан уланып, 12 адам жазатайым, 8 адам өндірісте, 1 адам теміржол бойында және 21 адам су қоймаларында батып кеткен. Оның 13-і балалар.
Міне, осындай жантүршігерлік сандар алаңдатпай қоймайды. Сол себепті биыл облыстық полиция және төтенше жағдайлар департаменті бірлесе «Қыс», «Көктем», «Баспана» сынды штабтық оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, оқыс оқиғалар орын алуы мүмкін аймақтарға бақылау жұмыстарын күшейтуде. Және тұрғындармен де түсіндерме жұмыстарын мықтап қолға алуда.
Мұндай сақтық шаралары қажет-ақ. Жыл басында Тараз қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінде болған жарылыстың өзі талайдың бойына үрей ұялатқаны анық. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында бір түнде бір үйдің бес баласы бірдей өрттен ажал құшқаны да көпке сабақ болуы керек.

Білікті кадр – жүйелі жұмыстың кепілі

Мемлекет басшысы жүктеген жетінші міндет – кадр саясаты. Шындығы керек, бүгінде көп салаларда кадрдан қадір қашқаны рас. Әсіресе тәртіп сақшыларының өздерінің тәртіпсіздігі бұқара тарапынан көп сынға алынуда. Осыған орай Қасым-Жомарт Кемелұлы полиция қызметкерлеріне халықтың сенімін арттыру үшін білікті мамандар жасақтау қажеттігін баса айтты. Бұл бағытта да облыста бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр екен. Атап айтсақ, ішкі істер органдарында тиімді кадр әлеуетін қалыптастыру, үміткерлерді іріктеудің механизмін құру, жұмысқа қабылдауда ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету үшін үміткерлерді іріктеу жөніндегі конкурстық комиссия жұмыс істеуде. Оның сапына полиция департаментінің басшылық құрамы, сала ардагерлері, «Nur Otan» партиясы облыстық филалының, Казақстан халқы Ассамблеясының, «Қазфосфат» ЖШС, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті мен Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің өкілдері енгізілген. Сондай-ақ жұмысқа қабылданған жас қызметкерлердің лауазымдарға тағайындалуы барысында оларға кәсіби сауатты қызметкерлер есебінен тәлімгерлер бекітілуде. Бүгінде еңбек өтілі бес жылдан асатын осындай 423 қызметкер құқық саласында қызмет етіп жатыр.
Сонымен қатар ішкі істер органдарының оң имиджін арттыру, жас ұрпақтың патриотизмі мен жұмысқа деген жігерін қалыптастыру мақсатында департамент мұражайында арнайы экскурсия ұйымдастырылуда.
Тағы бір айта кетерлігі, кадр саясатын оңтайландыру мақсатында сала мамандарын арнайы тестілеуден өткізу де бірнеше жылдан бері үрдіске айналып келеді.

Міне, осылайша облыстық полиция департаменті Президент жүктеген жеті міндет бойынша жан-жақты жұмыстар жүргізуде. Және алдыңғы жылдардағы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында ауқымды бастамалар көтеруде. Сөз жоқ, бұл сала тынысын кеңейтіп, бұқараның сенімін арттыратыны анық. Ең бастысы, басы тәп-тәуір басталған тірліктің соңы жемісті болғай.
Сонда ғана «Полиция – қорғаның!» деген ұран өз өміршеңдігін дәлелдеп, құнын жоғалтпайды.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР